
Сәлемші
Ажар кеше Айнұрға былай деді:
– Айнұр, сен кейде қонақтармен, көршілермен сәлемдеспейсің. Танымайтын адам секілді тұрасың. Бұл – жақсы қасиет емес. Сәлем беру – әдептіліктің белгісі. Алғыс аласың. Алғыспен бойың да, ойың да өседі.
Айнұр «бойың да өседі» деген сөзді есінде мықтап сақтап қалды.
Бүгін таңертең есіктің алдында – көше бетіне тұрып алып, танымаса да олай-бұлай өткен-кеткен кісілерге сәлем берумен болды.
– Саламатсыз ба, әжей?
Таяғына сүйеніп аяғын сылтып бара жатқан бір әжей мойнын бұрып, Айнұрға сығырая қарады.
– Көп жаса, қызым. Әдепті бала екенсің. Айнұр мәз болып қалды.
– Саламатсыз ба, ағай?
Сөмке көтеріп бара жатқан жігіт күлімсіреді. – Сәлемет. Қалай жағдайың жақсы ма?
– Жақсы.
– Саламатсыз ба, тәтей?
Сәби көтерген келіншек сәл тоқтады. – Сәлемет бол. Атың кім?
– Айнұр.
– Атың жақсы екен. Міне, бала деген осындай әдепті болуы керек. Сәлем беруден Айнұрдың аузы босамады.
– Саламатсыз ба, апай? – Саламатсыз ба, атай? – Саламатсыз ба...
Бірі жылы сөз айтты. Екіншісі Айнұрдың кішкентай қолынан қысты. Үшіншісі шашынан сипады. Төртіншісі кәмпит берді...
Сәлден соң Айнұр үйге жүгіріп келді.
– Мама! – деді ентігіп. – Қарашы маған, бойым өсті ме? Ажар айран-асыр.
– Қалай демде өседі?
– Жоқ, дұрыстап қарашы. Ажар Айнұрдың жанына келді. – Не болды?
– Жаңа көп адамға сәлем бердім. Бәрі рақмет айтты. Жақсы бала екенсің деді.
Ажар істің мәніне енді түсінді. Жымиып күлді.
– Солай ма, бәсе, бір түрлі ұзарып кеткен сияқтысың. Қарыстап бойын өлшеді.
– Бойың бес сантиметр өсіпті... Айнұр қуанып кетті.
– Енді күнде есіктің аузында тұрып, өткен-кеткен адамның бәріне сәлем беремін. Тез өсемін!