28.12.2022
  510


Автор: Сейітқұл Оспанов

Жоқ, өтірік айтуға болмайды

 


 


Бүгін сенбі. Ажардың кезекші болатын күні. Іңір қараңғы­лығында емханаға кетті. Ол – дәрігер. Айнұрды балабақшаға папасы апаруы керек еді, Лұқпан түнде әлден уақытқа дейін ұйқысы келмей, сосын болмағасын бір-екі сағат кітап оқып жатқан-ды. Таңертең тас болып ұйықтап қалыпты. Бір кезде орны­нан атып тұрып, қабырғадағы сағатқа қарады. Сағат тілі сегізге он минут қалыпты. «Қап, әттеген-ай!» Өкінді. Бірақ өкінгенмен не пайда, енді бәрібір үлгере алмайды. Балабақша сағат сегізге дейін ғана қабылдайды. Екі автобусқа ауысып мініп, әр аялдамада әрі-бері сарғайып автобус күтіп жүргенде, сағат сегіз жарым бола­тыны сөзсіз. Балабақша алыста – қаланың бір шетінде. «Аптасына бір рет қалғаннан ештеңе етпес» деді де, төсегіне қайта жатты. Арада он минут өткен соң, Айнұр да оянды. Көзін уқалап жан-жа­ғына қарады. Бөлме жап-жарық. Таң әлдеқашан атқан. Бұл уақытта ол балабақшада болуым керек еді ғой дегендей, бір түрлі таңданып:


– Папа! – деп айқайлап жіберді. – Мен бүгін балабақшаға бармаймын ба? Лұқпан көзін ашты.


– Жоқ. Ұйқтай бер, кешігіп қалыппыз. Енді үлгере алмаймыз. – Алақай!


Айнұр көрпесін басына бүркенді. Алаңсыз ұйықтап, үйде жалғыз өзі армансыз асыр салып ойнайтынына қуанды. Бірақ бұл қуанышы онша ұзаққа бармады. Бір кезде үстінен көрпесін серпіп тастады.


– Мамам бақшаға неге бармадың деп ұрыспай ма?


– Жоқ, ұрыспайды. Айтам ғой. Кінәлі сен емес, мен.


Айнұр күнде ұйқысын аша алмай, таңертең әрең тұратын. Кейде жылап, балабақшаға бармаймын деп қиғылық салатын. Ондайда мамасы ұрсатын.


– Мұның не, ауырып қалсаң бір сәрі. Денің сау кезде бұлай деме, – дейтін. Ал бүгін дені сау. Ауырған жоқ. Айнұр осыған алаңдады. Оның


мазасызданып тықыршығанын көріп, папасының басына бір қулық келді. – Балабақшаға бардым деп айт мамаңа.


– Қалай? Бармасам, қалай олай деймін?


– Мамаң білмейді ғой. Жұмыстан кешке келеді. Ол уақытта сен де күнде үйде болмаушы ма ең?


– Иә, сағат алтыда алып қайтатын мамам.


– Ал бүгін мамаң жетіде келеді. Түсіндің бе? – Жоқ. Түсінбедім...


– Түу, түсінбейтін несі бар... Сені сағат алтыда балабақшадан мен алып келген болам ғой.


Айнұр күмілжіді.


– Түсіндім...Бірақ мамам бүгін балабақшада не істедің десе ше?


Иә, Айнұрдың қауіптенетін реті бар. Күнде ол кешке үйге келгесін балабақшада не істеп, не қойғанын – бәрін бүге-шігесін қалдырмай тәптіштеп айтып беретін. Бүгін не айтады? Ештеңе де білмейді ғой...


– Қорықпа. Мәселе былай. Менің айтқанымды есіңе сақта. Бүгін тәрбиеші тәтей – Валентина Васильевна «Мысық пен тышқан» ойнатты. Сен мысық болдың. Түсте сүт көже іштіңдер. Кешкілік қайтарларыңда қолдарыңа бір-бір мұз кәмпит ұстатты. Сағат үште ән кабинетіне барып «Әрқашан күн сөнбесінді» шырқадыңдар. Тақпақ айттыңдар...


Осы жерде әлденеге түсінбей, Айнұр папасының сөзін бөлді. – Қандай тақпақ айттық?


– Қандай дерің бар ма? Мысалы, «Біздің Отан» деген тақпақты жаттатты де. – Егер бүгін оны жаттатпаса ше?


– Саған бүгін өтірік айт деп тұрмын ғой... – «Біздің Отан» дедің бе?


– Иә.


– Мен оны білмеймін ғой.


Айнұр күнде балабақшадан жаттаған, үйренген тақпағын кешке үйде қайта-қайта айтып беретін.


Сәл ойланды да Айнұр папасының айтқанын істеуден үзілді-кесілді бас тартты.


– Жоқ, папа, өтірік айта алмаймын. Ира кіммен ойнады? Талғат бүгін де тентектік жасап бұрышқа тұрды ма? Кім кезекші болды? Айгүл ме, әлде Наташа ма? Жоқ, болмайды. Папа, одан да мамаға жасырмай, ұйықтап қалғанымызды айтайық.


Лұқпан аң-таң. Күтпеген тосын сөзі. Айнұрды тас қылып құшақтады: – Иә, шындықты айтайық!


 





Пікір жазу