28.12.2022
  206


Автор: Сейітқұл Оспанов

Айнұрдың қулығы

 


 


Лұқпан үйде газет оқып отыр еді. Кенет есіктің қоңырауы шар ете қалды. Орнынан тұрып барып есікті ашты. Айнұр екен.


– Папа, – деді ол ентігіп. – Балмұздақ алып жейін, он бес тиын берші. – Қазір.


Лұқпан киімілгіштегі костюмінің қалтасынан он бес тиын алып берді.


– Абайла, жолда машина қағып кетпесін, – деп ескертті. Себебі дүкен көшенің арғы бетінде болатын.


– Жарайды.


Айнұр басқышпен төмен тарс-тұрс жүгіре жөнелді.


Бірақ арада бес минут өтті ме, өтпеді ме, есіктің қоңырауы қайта шарылдады. Лұқпан есікті және ашты. Қараса Айнұр.


– Немене, тез барып келе қойғаның ба? Айнұр күмілжіді.


– Жоқ, жолда қолымнан түсіп кетіп, он бес тиынды жоғалтып алдым... – Қап. Абайламайсың ба?


– Аңдаусызда... Папа, енді жоғалтпаймын, тағы бір он бес тиын берші... – Жарайды.


Лұқпан Айнұрдың қолына үш бес тиындықты ұстатты. – Рақмет!


Айнұр тағы да басқышпен төмен қарай құстай ұшты.


Шынымен жоғалтып алды ма, әлде қулығы ма? Лұқпан біртүрлі ойланып қалды. Өйткені Айнұр «өзім ғана жеймін» деп кейде үйден үш-үштен кәмпит, печенье алып шығып, сыртта бірге ойнап жүрген достарына үлестіретін. Сосын жеп қойдым деп, үйге қайта келіп, тағы алып кететін. Сондай бірдеңе болып жүрмесін...


Лұқпан балконға шықты. Айнұр төменде үйдің іргесімен Алена атты құрбысы екеуі қол ұстасып кетіп бара жатыр екен. Сөйлеп барады:


– Екеуімізге бір-бір балмұздақтан аламыз. Папам тағы да он бес тиын берді... Лұқпан басын шайқады. Айнұрдың досына балмұздақ әперу үшін қулық


жасағанын білді.





Пікір жазу