28.12.2022
  237


Автор: Сейітқұл Оспанов

Қызғаныш

Балабақшада көбіне балалар тамақ жемейді. Оларға тамақ жегізу үшін не істеу керек? Қандай әдіс, амалы бар? Бұл оп-оңай, Айнұрдың балабақшасында балалардың алдарына үстелге тамақты қояды да, «кә-не, кім бұрын ішіп болады» деп, жарыстырады. Бірінші болып тамағын тауысып ішкенге әдемі ойыншық беруге уәде етеді. Ойыншық десе, қалай делебелері қозбайды. Сонда балалар бәйгеге қосылғандай, тамақты құлшына ішуге кіріседі...


Айнұр бұл әдетін үйде де ұстанады. Әбден үйреніп қалған. Міндетті түрде папасы мен мамасынан бұрын ішіп болуға тырысады. Сол үшін тәрелкесіне тамақты да аз құйдырады. Қарны тоймаса – тоймасын, әйтеуір бірінші ішіп болса есеп. Мәселе сонда. Егер байқамай, кейде біреуі Айнұрдан бұрын тәрелкесін тықырлатса, бітті, басы бәлеге қалады дей бер. Сол себепті папасы мен мамасы тамақ ішкенде «жарыста» қай уақытта да екінші, үшінші орынды иемденуге үйренген. Айнұр олардың өзінен бір елі озып кеткенін қаламайды.


Бүгін Айнұр қызғаныштан жылап жіберді...


Ажар мен Лұқпан Айнұрды үйге қалдырып, екеуі дүкен аралауға шықты. Жазғы киімдер іздеді. Лұқпан жұқа сары көйлек, Ажар жеңіл тор туфли сатып алды. Үйге келгесін Лұқпан айнаның алдына барып, алған көйлегін үстіне киіп көрді. Ажар:


– Құйып қойғандай екен, – деп мақтады. – Айнұр, қалай, саған ұнай ма?


Сол-ақ екен, ол:


– Маған мүлде ұнамайды. Жақсы емес. Жаман. Жараспайды! – деп жылап жіберді де, жүгіріп төргі бөлмеге кіріп кетті.


– Бұған не болды? Біреу ренжітті ме? Лұқпан Ажарға қарады. Ажар:


– Не болды дейсің бе? Қызғаныш та. Оған ештеңе алмаппыз ғой. Абыр-сабырмен тарс есімізден шығыпты. Мінезін білмейсің бе оның, одан бір елі озып кетуімізге болмайды, – деді.


– Е, солай екен-ау. Әдейі мақтанғандай мен де көзінше киініп, айнаға қарап... Айнұр болса, ұзақ жылады. Себебі ол бүгін папасы мен мамасынан қалып


қойған еді.





Пікір жазу