28.12.2022
  135


Автор: Сейітқұл Оспанов

«Сендердің екі мамаларың бар...»

 


 


8-наурыз мерекесі жақындап қалған-ды. «Шешелерімізді құттықтауды ұмытпайық» деп, Ажар мен Лұқпан бүгін дүңгіршектен сатып әкелген мерекелік  әдемі          открыткаларды                      үстелдің                                үстіне          қойып,    қолдарына қаламсаптарын алып, құттықтау хат жазуға отырды.


«Қымбатты мама...» деп бастады сөзін Лұқпан. «Қымбатты апа...» деп бастады сөзін Ажар да.


Осы сөздерді естуі мұң екен, диванда әлдебір кітапты парақтап, ішіндегі суреттерін қарап отырған Айнұр аяқ астынан өз-өзінен сілтідей бұзылып, бұлқан-талқан ашуланды. Қабағын түйіп, папасы мен мамасының қасына келді.


– Айнұр, не болды?


Екеуі бірдей жалт қарады. Кішкентай баланың ашуланғаны қызық қой. Айнұр аузын бұртитып тұрып алды. Тіл қатса болды, жылап жіберетіндей.


– Айтсаңшы...


Үзіп-үзіп былай деді:


– Сендердің екі мамаларың бар. Ал менде – біреу-ақ... Көзінен мөлт-мөлт жас тамып кетті.


– Неге олай дейсің? Біздің мамаларымыз екеу болса, онда сенің әжеңнің де екеу болғаны емес пе?


– Қалай?


Айнұр түсінбеді.


– Солай. Мына қара, біздің мамаларымыз саған әже ме?


 


 


– Иә, әже.


– Қайта сен ұтып тұрсың. Мәселен, менің мамам екеу емес. Менің мамам – Бибігүл. Ал папаңның мамасы – Ибагүл. Көрдің бе, бір-біреуден. Ал сенде екі әже. Көп. Қандай жақсы.


Айнұр «көп» деген сөзге елең ете қалды. Тәтті нәрсенің әйтеуір көп болғанын жақсы көруші еді, көзі күлімсіреп қоя берді.


– Солай ма? Мен... онда білмеген екем. Менікі көп екен ғой. Алақай! Айнұр қуанып, кітабын қолына қайта алды.





Пікір жазу