![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-12-28-21-38-56.png)
«Дымок» темекісі. Әй, Төретай, Төретай...
– Әлжан! Әлжан!
Әлжан қора тазалап жатқан. Артына жалт қарады. Төбенің басында айқайлап тұрған Төретайды көрді. Қолын қайта-қайта бұлғалайды.
– Бері кел!
– Немене? Жай ма? – Қызық көрсетем. – Не қызық?
– Келгесін көресің.
Қызық дегенге құлағы елең ете қалды. Төретай текке шақырмайды. Бірақ қора тазалауға кіріскені жаңа ғана еді. Не қылса екен. Әй, мейлі. Көп болса, мамасы жақсылап бір ұрысар. Әлжан қолындағы айырды шөп-мөбімен сылқ еткізіп жерге тастай салды. Сөйтті де жүгіріп Төретайдың қасына келді.
Төретай:
– Ізіме ер! – деді оған.
Екеуі көйлектері делеңдеп ауылдың сыртындағы жыңғылдыққа қарай тартты. Жыңғылдыққа жеткен соң, Төретай үй орнындай шеге құмның шетіне тізерлеп отыра кетті. Әлжан да аяқ бүкті.
– Кәне, көрсетемін деген қызығың?
– Қазір. Асықпа. Анау үйіншекті көріп тұрсың ба? – Қайсы?
– Әне.
Төретай қолымен нұсқады. Әлжан мойнын бұрды. – Көрдім.
– Көрсең, ендеше соның астын қара.
Әлжан кішкентай құм үйшіктің астына қолын жүгіртті. Қолына әлдебір қағаз ілікті. Суырып алды. Көгілдір темекі қорабы. Сыртына «Дымок» деп жазылған. Мәссаған! Әлжан ештеңеге түсінбей, Төретайдың бетіне қарады. Ол болса мәз-мейрам. Алақанын сарт-сұрт шапалақтап қояды.
– Енді бері жақында.
Төретай қалтасынан бір қорап шырпы шығарды. – Қорапты аш. Темекі шегеміз.
Әлжан аң-таң. Отырған орнынан тырп етпеді.
– Не деп тұрмын саған. Немене, жігіт болғың келмей ме? – Жоқ. Бүйтіп жігіт болғым келмейді.
Әлжанның көкірегін әлдебір түсініксіз ашу қысты. – Неге?
– Сол. Біз әлі баламыз ғой...
– Несі бар. Қазір жігіт боламыз. Бір талын алып аузыңа қыстыр. Бітті. – Керек емес.
– Қорықпа. Міне, былай.
Төретай қораптан бір тал темекі алып, шырпы жақты. Бір-екі рет ішіне сорды. Аузынан будақтатып көк түтін шығарды.
– Мә, бір соршы.
Әлжан таңданып, әрі қорқып, әрі ашуланып, Төретай аузына жақындатқан темекіні бір сорып қалды. Сол-ақ екен, көк түтінге шашалып, көзінен жас парлай жөнелді.
– Сенің бұныңды ертең ағайға айтам, – деді басын жерден көтермеген күйі. – Түу, сені де дос десем...
Әлжан қолындағы қорапты әлдебір жаққа лақтырып жіберді. – Дос емеспін!
– Қойшы енді. Мен сені қызық көрсін деп... – Темекіні қайдан алдың?
Төретай оқыс сұрақтан сасып қалды. – Кеше геологтардан.
– Немене, босқа берді ме? – Жоға. Ақшаға.
– Ақшаны қайдан алдың?
– Үйден. Біздің үйде сандықта ақша көп. – Ертең апаң ұрыспай ма?
Әлжан Төретайды сотша тергеді.
– Білмейді. Толып жатыр. Жүз сомды іздейді дейсің бе? – Соның бәріне темекі алдың ба?
– Жоқ. Геологтардан отыз сомға дүрбі, он сомға белдік сатып алдым. Қалғанын үш сомнан, бес сомнан балаларға үлестірдім. Дүкеннен кәмпит, пешеней алып жесін. Айтпақшы, саған бермеген екем ғой. Мә.
Төретай шалбарының қалтасынан мыж-мыж бес теңгелікті Әлжанның алдына тастады.
– Дүкеннен пірәндік алып же.
Әлжан ақшаға қолын созбады. Әрі-беріден соң, Төретай жалынды.
– Алсаңшы енді. Ренжимін әйтпесе. Алмасаң, екіншілей көмектеспеймін. Төретай ең жанды жерінен ұстады. Әлжан ойланып қалды. Төретай күнде
қора тазалауға, су әкелуге, отын жаруға жәрдем беретін... Мыж-мыж бес теңгелікті қолына ұстады.
– Ал енді үйіңе қайта бер. Ешкімге тіс жарма. Жарай ма?
Әлжан басын изеді. Орнынан тұрып, еңсесі төмен түсіп, үйіне қарай аяңдады. Кетіп бара жатып, бұрылып артына бір қарады. Төретайдың аузынан көк түтін бұрқырап тұр екен...
Әлжан бес теңгелікті қалай кәдеге жаратарын білмеді. Дүкенге барса, мамасы біліп қояды. Дүкенші айтып қоюы мүмкін.
Дегенмен ретін тапты. Бір күні ауылға автодүкен келе қалды. Әлжан жұрттың көзін ала бере автодүкеннен кәмпит, печенье сатып алды. Оны қораға апарып тықты. Содан бірнеше күн қораға жиі барғыштап жүрді...
Бірақ ол кейін осы ұрлық кәмпит, печенье үшін қатты өкінетінін білген жоқ-ты.
Арада он шақты күн өткен. Бірде ертеңгілік мектепте аяқ астынан жиналыс болды. Ұзын дәлізде балалар сынып-сынып болып қаз-қатар тізілді. Мұғалімдер үйме-жүйме. Кенет сыртқы есіктен Төретайдың апасы кіріп келе жатты. Әлжан бір пәленің болғанын сезді. Іші қылп ете қалды. Жақсылық емес. Мектеп директоры ортаға Төретайды шығарды. Сөйтті де:
– Балалар, Төретай үйінен жүз сом ақша ұрлап алып, өздеріңе үлестірген көрінеді. Бұл не масқара? Білеміз, әрине, Төретай жұртқа жақсылық істеуге құштар. Бірақ жақсылықтың да шегі бар емес пе? Әкесінің табан ет, маңдай терімен тапқан азын-аулақ тиын-тебенін осылай шашуға бола ма? Кәне, кім
Төретайдан қанша ақша алды? Өз еріктеріңмен айтып, қайтарып бергендерің жөн. Әйтпесе ұят болады, – деді.
Одан соң Төретайдың апасы сөйледі.
– Бұл нағыз ауыш бала болды. Есі дұрыс адам өз үйіне өзі ұрлыққа түсе ме? Сендерде еш кінә жоқ. Бар кінәрат Төретайда. Шырақтарым, енді сол алған ақшаларыңды қайтарып беріңдер. Жүз сом аз нәрсе емес, әкесінің өрім-өрім болып жүріп тапқан тиын-тебені...
Ешкімде үн жоқ... «Мен алып едім...» деп кім айта қойсын. Ұят. Әлжан жаман қысылды. Маңдайынан шып-шып тер шықты.
– Ау, кәне!
Директор балаларға қарады.
– Ендеше, Төретай, өзің айта ғой. Кімдерге беріп едің?
Теретай салбыраған басын көтеріп, балаларға көзін жүгіртті. Танымай тұрғандай ұзақ үңілді.
– Бол енді! Айт, жаныңның барында! – Апасы Төретайды желкесінен түйіп қалды. – Сен-ақ күйдіріп болдың ғой. Не есіңнен танып тұрсың? Аттарын ата. Кімге қанша сом бердің? Сосын өзім әке-шешелерінен барып алам.
Төретай бұдан әрі шыдамады. Балалардың аттарын атай бастады.
– Ерғалиға бес сом бердім. Сәбитке үш сом. Ерланға бір сом. Назарға он сом. Алмасқа үш сом. Сайлауға екі сом...
Шұбырта жөнелді. Аттары айтылған балалар ортаға шығып жатыр. Әлжанның зәресі ұшты. Төретай әзірге оны атаған жоқ. Бірақ ауық-ауық ойланып, есіне түсіреді. Балалардың бетіне үңіледі. Әне-міне Әлжанның ортаға шығып қалуы әбден мүмкін... Алайда Әлжанды ұмытты ма, әлде көптің алдында ұялтпайын деді ме, оның атын атамады. Ортаға он төрт бала шықты. Бәрі сүмірейіп тұр. Бәрі алған ақшаларын әкеп беретін болды. Жиналыс аяқталды. Әлжан жүгіріп барып Төретайдың қолын қысты.
– Рақмет. Дос екеніңді көрсеттің. Төретай оған таңдана қарады.
– Не үшін?
– Әлгінде менің атымды айтпағаның үшін. – Саған да ақша беріп пе ем?
Әлжан есіне түсірді.
– Иә, мыж-мыж бес теңгелік. Есіңде ме, жыңғылдықта? «Дымок» темекісі...
– Ә, солай ма? Бәсе, кімді ұмыттым десем... Төретай сөйтті де сонадай жерде тұрған мектеп директорына қарап айқай салды:
– Ағай, Әлжанға да бес сом берген екем! Әлжанның беті ду-ду қызарды. Мұндай да қызық болады екен! Дос десе... Әй, Төретай, Төретай!..