![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-12-28-21-38-56.png)
Бір құшақ кітап. Немесе қайырымды әпенді
Бұл былтыр көктемде болған-ды. Бірде Төретай тапа-тал түсте бір құшақ кітап алып, сыныпқа ентігіп кіріп келді. Балалар шу ете қалды.
– Қайдан алдың?
– Ферманың кітапханасынан, – деді ол риясыз күліп, үлкен бір іс бітіргендей. – Немене, кітапхана ашық па?
Балалардың бұлай сұрауының себебі бар. Ауылдың кітапханасы үнемі жабық тұрады. Кітапханашы көбіне әлдебір шаруаларымен ауданда, қала-далада қыдырып жүреді...
– Жоқ.
– Енді қалай алдың? – Терезесінен кірдім.
Масқара! Балалардың, әсіресе қыздардың көзі атыздай болды. – Қалайша? Ұят емес пе? Тал түсте кітапханаға түсіп...
– Солай! – Төретай жұдырығымен партаны ұрып қойды. – Несіне таңданасыңдар, өздерің жақсы білесіңдер, бұл кітапханаға терезесінен ғана кірмесең, есігінен адам құсап кіру мүмкін емес қой... Немене сонда біз кітап оқымауымыз керек пе?
Не болса, о болсын, балалар Төретай әкелген бір құшақ кітапты дереу таласып-тармасып бөлісіп алды. Сол жерде асығыс-үсігіс парақтап оқуға кірісті.
Төретай достарына жақсылық жасағанына мәз. Олардың шат жүздеріне ұзақ қарап тұрды да, бір кезде былай деді:
– Оқып болған соң жоғалтпай, жыртпай маған қайтарып беріңдер, қайтадан орнына апарып қоямын.
Балалар және таңданды. Ау, ұрлап алған затты қайта апарып беруші ме еді? Түсініксіз. Төретай ұры ма? Жоқ. Ол – қайырымды әпенді.