БІР ШӨЛМЕК БЕНЗИН
Таңертең фельдшер Өмірбектің үйіне ентігіп жүгіріп келді де:
– Өмеке, Әбдіғани ағаны кеңшарға жеткізіп салыңыз, операция жасау керек, бүйрегі жұмыс істемей, қиналып жатыр, – деді.
Өмірбек жағдайды түсінді. Шала-пұла бір-екі кесе шай ішті де, дереу есіктің аузында тұрған сары водовозына от алдырды.
Жолға шықты. Өмірбек бар жылдамдыққа салды. Ауру – Әбдіғани ыңқылдап келеді. «Уһ, жаным-ай...» – деп қояды ауық-ауық.
– Әбеке, сәл шыдаңыз, қазір-ақ кеңшарға жетіп барамыз.
– Шыдаймын ғой, шыдаймын... Бірақ ішім қатты бүріп... Шыбын жан... – деді Әбдіғани үзіп-үзіп. – Жай айда, селкілдетпеші... Жолы құрғыр да ойлы-қырлы...
Өмірбек қатты айдаса да жайлы жүргізуге тырысты машинасын. Бірақ әр минут қымбат, асықпаса болмайды.
Түске таяу дарияға жетті. Арғы бетте – кеңшар. Қырсыққанда паром арғы жағында тұр екен. Өмірбек кабинадан шықты да, айқай салды.
– Әй, кім бар анда?!
Екі аралық төрт жүз метрдей. Жылда енсіз болатын. Биыл көктемде су көп келіп, дария далиыңқырап кеткен.
Өмірбектің айқайына ешкім дыбыс бермеді. Және дауыстады.
– Оу, кім бар анда?! Паромды бері әкелсеңдерші. Дыбыс енді жеткен болуы керек, паромның оң бұрышындағы кішкентай ағаш үйшіктен бір бала шықты.
– Аға, бензин жоқ! – деді ол, «жоқ» дегенді қолымен қайшылап көрсетіп. – Енді қайттік?! Операцияға бір науқас адамды алып келе жатыр ем... Ауа тымық. Желсіз. Екеуінің сөзі бір-біріне ап-анық естіледі.
– Науқас дейсіз бе? – Иә.
– Онда мен қазір. – Бала үстіндегі көйлегін сыпырып шешіп тастады. – Сізде бензин бар ма?
– Бар. Бірақ оны қалай алып кетесің? Қайық қайда? – Қайықтың түбі тесік.
Өмірбек бұдан әрі бірдеңе деп үлгермеді, бала суға күмп етіп сүңгіді. Өмірбек аң-таң. Мұнысы несі? Сонда бензинді қалай апармақшы? Түсінсе
бұйырмасын. Су беті теп-тегіс. Әлден уақытта барып баланың басы қылтиды. Сосын құлаштап жүзе жөнелді. Демде жетіп те келді. Келді де бірден іске кірісті.
– Аға, маған бір шөлмек бензин құйып беріңіз. – Оны қалай апармақшысың?
– Қолыма ұстап.
– Есің дұрыс па? Суға кетесің ғой.
– Қорықпаңыз. Үйреншікті дария ғой. – Балақай, байқа.
– Әрбір минут қымбат. Сіздің ауру кісіні ауруханаға жылдам жеткізуіңіз керек емес пе?
– Әрине. Атың кім өзіңнің? Әкең қайда? Паромды неге өзі жүргізбейді?
– Серік. Әкем бензин жоқ болған соң үйге кеткен. Мен жаңа балық аулауға келіп едім... Паромды қалай жүргізуді білемін.
Өмірбек бұдан әрі ештеңе демеді. Жағадан әлдебір бос шөлмек тауып алды да, машинасына барып, кабинасынан шланг алып, багынан бензин құйды.
Шөлмектің аузын қағазбен тығындап, Серіктің қолына ұстатты. – Ана кабинадағы кісінің аты кім?
– Әбдіғани.
Серік кабинаның тепкішегіне шығып, терезеден ішке басын сұқты. – Аға, сәл шыдаңыз. Мен қазір паромды әкелемін.
– Рақмет, балам. Әйтеуір тездетші. Жаным шырқырап... – Міне, кеттім!
Серік суды бойлағанша кешіп барды да, сосын жүзе жөнелді. Оң қолымен жүзіп барады. Шөлмек ұстаған қолы жоғарыда – судың бетінде. Ауық-ауық батып кетеді. Құлқ-құлқ су жұтып қайта көрінеді. Бағанағы келердегі пәті жоқ. Қимылы пәс. Жүзісі өнімсіз. Әлі жары ортаға жеткен жоқ. Арғы жағаға дейін қанша жер. Өмірбек бір түрлі қорқайын деді. Бір шөлмек бензинге бола суға кетіп қалса... өзі бармақтай. Терезеден науқас та су бетіне үңілді: «Ойпырмай, – деді ол күбірлеп. – Неғылған жүрек жұтқан бала...» іші бүруін аздап қойған секілді. Бала әлдеқалай суға батып кете ме деген үрей ыңқыл-сыңқылға жол берер емес. Серік және бір рет батып кетті. Осы сәт Өмірбек жанұшыра айқай салды.
– Таста қолыңдағы шөлмекті! Өлемісің!
Серік шөлмекті бәрібір тастаған жоқ. Өзі жоқ болса да, шөлмек көтерген қолы су бетінде құдды аудың қалтқысы секілді. Сәлден соң басын көтерді.
– Әй, таста қолыңдағыны!
Серік қақалып-шашалып, басын сілкілеп:
– Жоқ, тастамаймын. Жақындап қалдым. Үйреншікті дария ғой. Қорықпаңыз... – деді.
Өмірбек жаман састы, не істерін білмей, шарасыз күйде жағада сенделіп әрі-бері жүрді де қойды. Кабинадағы Әбдіғанидың – науқас адамның маңдайынан шып-шып тер шұбырды: «Қарағым-ай, мен үшін сонша...» Серікке деген аяушылық, ризашылық сезімі жанының ауырғанын ұмыттырды.
Серік ақыры паромға қолын іліктірді-ау. Әбдіғани маңдайынан шұбырған терін көйлегінің жеңімен сүртті.
Сәлден соң паромның движогы тымық ауаны жаңғыртып дүр-дүр от алды. Бұл дүріл Өмірбекке Серіктің «қорықпаңыз, аға, үйреншікті дария ғой» деген сөзі секілді болып естілді.