28.12.2022
  167


Автор: Сейітқұл Оспанов

ШИЕ

Бір жасқа аяқ басқалы тәтті қылығы жаңа шығып келе жатқан Айжанның бұрын мұндай әдеті жоқ-ты. Көбінде пысылдап тыныш ұйықтап, азанда уілдей күліп оянатын. Мамасы мен папасы осыған дағдыланған. Бүгін ол түннің бір уағында безілдеп, шарылдай жылады. Құдды біреу азар беріп жатқандай, өксіп-өксіп қояды. Айжанның кішкене тұмауратып, суық тигенінің өзіне жаны шырқырайтын мамасының бұл жолы тіпті есі кетті.


– Айжан, не болды, айтшы?! Су ішесің бе? Сүт ішесің бе? Қай жерің ауырады?!


Тілі шықпаған бала қайдан сөйлесін. Жылай берді. Пернегүл бір ауық әлдилеп көтерді, бір ауық аяғына сап тербетті. Зыр жүгіріп босағадағы ақ сырлы биік шкафтан біресе сүт, біресе су әкелді, бала бәрібір жұбанбады. Жатарда ғана тыңқия тойған, қарыны аш емес-ті. Ендеше бір жері ауырады, қай жері? Перне­гүлдің басы қатты. Мұндай кезде тыныш ұйықтау еш мүмкін емес еді, Сайын да – папасы да төсектен тұрды.


– Не болды? – Білмеймін.


Сайын не істерін білмей қолымен қос тізесін тарақтай құшақтады. – Ана сүтті жылытып әкелші.


Сайын дәлізге барып газ пешке сүтті жылытып әкелді. Бірақ Айжан ішпеді. Жылауын тоқтатпады. Пернегүл бір кезде баланың көк ет қарынын сипалап еді, Айжан шарылын кілт тыйды. Бұдан екеуінің де білгені – ішіне жел қарысқан екен. Пернегүлдің кеудесінде науқастың дертін дәл тапқандағы дәрігердің бақытындай, қуаныш сезімі қылаңдады. Бір жылап, бір күлді.


– Қойдың майын әкел! Жаным, жаным, жел қарысқан екен ғой, сөйлей алса, бағана-ақ айтар еді.


Сайын темір тәрелкеге қойдың майын ерітіп әкелді. Бала сыланды. Шарылы басылды. Жылап-жылап шаршаған екен, солқылдап, бір қырындап, көпшіктің үстінде біраз жатты. Бөлме ішіне тыныштық орнады. Пернегүл Айжанның маңдайынан, бетінен шөпілдете ыстық-ыстық сүйіп-сүйіп алды. Сайын арқасынан сипалады. Бір кезде Айжанның ұйқысы шайдай ашылды, қыңқылдап ойнағысы келді. Теледидардың астындағы күңгірт сәуле төккен шырағдан ұнамады ма, әлде ала көлеңке жарықты жақтырмады ма, бес саусағымен үйдің төбесіндегі дәу лампаны көрсетті. Бұл соны жақ дегені. Сайын орнынан тұрды. Сәбидің күлкісі мен лампаның ақ сүт жарығы бөлмені ерекше сәулелендіріп жіберді. Айжан енді уілдеп, қабырғадағы шегеге ілулі қызыл көйлекті, әдемі қуыршақты сұрады. Сайын алып берді. Бұдан соң радиоланың үстіндегі сабалақ ақ жүнді бойы-сойы өзімен тетелес қонжықты көрсетті. Ол да әкелінді. «Енді не істесем екен?» – дегендей жан-жағына қарап отырды да, кере­уеттің астынан бір шеті көрініп жатқан пластмасса бегемотты көзі шалды. Сайын оны да алдына қойды. Айжан өзі туғалы жұрт құттықтай келіп, сыйға әкелген бар-бар ойыншығын   алдына                  жиды.      Бұлармен ұзақ     ойнады.                          Сосын     жалықты, ойыншықтарды папасы мен мамасына қарай итерді. Бұл енді сендер ойнаңдар дегендегісі, сірә, ол үлкен адамдардың қуыршақпен ойнамай­тынын біледі дейсің бе? Амал жоқ, алдарқату үшін Пернегүл мен Сайын «ойнауға» кірісті. Бірі әтешті алып «ку-ка-ре-ку!» деді, бірі мысықта қолына ұстап «мияулады». Бала мәз болды. Бірақ бұл жадырауы да ұзаққа бармады, тағы ызыңдады.


– Не, Айжан?! Не керек, айтшы?!


Айжан бұрышта жинаулы тұрған кітаптардың үстіндегі домбыраны көрсетті. Сайын оны да әкелді. Бала ішектерін дың-дың еткізіп шерткіледі, сосын


папасына қарай ысырды. Белгілі. Тарт. Айжан кәдімгідей, домбыраның әуеніне құмар адамдай күтіп отыр. Сайын:


 


– Айжан деген қай бала? Айжан деген – ай бала. Айжан деген кім бала? Айжан деген – күн бала, –


 


деді әйтеуір бір терменің ырғағына салып.


Айжан бұған қанағаттанбады. Жөні түзу ән айт дегендей, жұқа еріндері дір-дір етіп, жылайтын ыңғай сездірді.


Сайын Пернегүлге қарады.


– Мен бір ішекпен сүйемелдейін, сен ән басташы!


– Жеті түнде ән айтып отырғанымыз... көршілерден ұят-ты. – Енді көріп отырсың ғой.


Иә, Айжан түн, ұят-сұятқа қарайтын емес еді. Ән айтпасаңдар жылаймын дегендей, кірпігін жыпылықтатты.


– Бол енді.


– Жарайды. Жәймен айтайық. «Достар әні».


 


Достар, достар, жүрсің қайда, Бірге еді ғой жанымыз.


Еске алысып осындайда, Кел, шырқайық бәріміз.


 


Айжан ұйып тыңдады... Бірақ баланың ойдан гөрі ойынға, іс-әрекетке әуес болатын әдеті емес пе, тыныштықты тағы да бұзды. Бұл жолы үстелдің астындағы жалғыз түйір қып-қызыл шиеге көзі түсті.


– Ың-ың...


Қолын солай қарай шошайтты. Сайын шиені әкеліп, сүртіп-сүртіп қолына ұстатты.


Айжан дөңгеленте қарап отырды да, аузына салып жіберді. Сол-ақ екен, дәмін алды ма, қыңқылын күшейтті. Қолымен шошайтып үстелдің астын көрсете береді. Алдаусыратқанға көнбеді.


– Жоқ қой, жоқ!


– Ың-ың-ың!!! Енді қайттік!..


Сайын үстіне тоқыма күртешесін жамылды да, сыртқа шықты. Ай жарық. Жұлдыздар ап-анық жымыңдайды. Желең денені тоңазытар салқын жел бар. Сайын шарбақтың түкпіріндегі жалғыз түп шие ағашына барды. Түртінектеп, айқыш-ұйқыш бұтақтар мен қалың жапырақтарды сипалап жүріп, бір уыс шие үзіп алды.


Бір уыс қып-қызыл шиені көргенде, Айжанның шаттығында шек болмады. Құсша ұшып жоғары көтеріліп кетердей, орнында қопаң-қопаң етті. Пернегүл шиені жылы суға жуып, кесеге салып, алдына апарды. Әлден уақытқа дейін баланың кішкентай қос ұрты жеңіл бұлтыңдаумен болды...





Пікір жазу