ӘЖЕ, АЙТШЫ, БҰЛ КІМ?
Сапардың бала боп тәтті нәрсеге пәлендей әуестігі жоқ. Бірақ мамасымен зәуде бір дүкенге бара қалса, сөрелердегі неше түрлі кәмпит, пешенейлерді көріп қыңқылдап, мазалайтыны рас. Онда да сөзі өтсе жақсы, өтпесе және де өзгелер құсап жылап-еңіреп, таусылып-түгесілмейді. Мамасы кейде: «Үйде де бар емес пе, түк көрмегендей мұның не сонша?!» – деп кейіп, бетін қайтарып тастайды. Үйде де бар екенін, көк шкафта толып тұрғанын біледі ғой, дегенмен бала болғасын әдеті емес пе... түк көрмегендей қызығады да. Бірақ Сапар іле-шала өзінің орынсыз қолқасын түсінген, сонысынан ұялған сыңай танытады да, одан әрі үндемейді. Неткен ақылды бала десеңші! Мамасы енді бірде: «Ойбүй, әмиянымды тастап кетіппін, несиеге бере ме, ертең алып берем», – деп жорта өкініп, қынжылып, алдаусыратады. Сапар бұның тек көңіл жұбату екенін ұғады, сонда да өп-өтірік (бәлкім, шын да болар) иланып, оп-оңай сене салады.
Ойыншықтардан да өстіп қағылып жатады. Бірі – опақ, бірі – сопақ, бірі – қыңыр, бірі – қисық, әйтеуір сылтау табылады.
Қызыл-жасыл кеудешесінде не жауырынында қонжықтың, барабан ұрып тұрған мақтаншақ қоянның суреті бар жаңа киімдерді де оқта-текте киеді, көбіне бойы-сойы бір, өзімен тетелес ағасының көнетоз, ескі көйлек, шалбарларын үстіне іліп жүре береді.
Әлбетте сіздер бұған қарап оны соншалықты момын екен деп ойлап қалмаңыздар. Жо-жоқ, олай десеңіздер, мықтап қателесесіздер. Күшіне мініп, шын байбаламға басса, әке-шешесінің: «Сапаржан, не керек, не ішесің, не киесің?» – деп, оның алдында құрдай жорғалайтынына ешқандай шүбә келтірмеңіздер. Шынымен-ақ осылай болар еді, бірақ бар кінә Сапардың өзінен. Селқос. Бейжай. Салғырт. Қыңқылы ашуға, қызығуы қиғылыққа ұласпайды. Тамшылап-тамшылап қана қойып, селдете жаумаған бұлтқа ұқсайды. Себебі кәмпит те, ойыншық та, қызыл-жасыл әдемі киімдер де – ол үшін жай елеусіз, екінші қатардағы нәрселер. Қадалып дәйектемейтіні де содан. Әйтпесе...
Сапардың бала көңілі басқа нәрседе. Иә, басқада. Оның бес саусақтай ап-анық білгісі келмейтін дүниесі жоқ. Кеудесі құдды сұрақ толған сандық секілді. Жанына жолап кетсең болды, сұрақтың астына алады. Ол үшін минут сайын, сағат сайын бірдеңені біліп, танып, көріп тұру міндет. Әйтпесе ішкен асы бойына жұқпайды. Ондайда Сапар мезгілге де, мекенге де, жағдайға да қарамайды. Сылтау, себебіңді құлағына ілмейді. Дәл солай. Өзге балалар құсап тым-тырыс томпиып өзінше ойнап жүре берсе қайтеді?! Жоқ, оған ондай тыныштықты жазбаған. Міне, мәселе қайда жатыр. Қайсыбір сұрақтары анау-мынау ғалымдарыңның басын қатырып жібереді. Олай дейтінім, Сапар жұрт қатарлы қатып қалған анықтама, түсініктемелермен тоқтамайды. Ертегілердегі ақ сандық, оның ішіндегі көк сандық, одан әрі қызыл сандық секілді сұрақтарында шек жоқ, бірінен бірі туа береді, туа береді... Бұлталаққа көнбейді. Тас табандап отырып алады. Талабы – сұрағына көңілі көншитін жауап бер. Әйтпесе қаршадай баланың алдында дүниені танып-білудің шексіз екендігін, өзіңнің дәрменсіз, білімсіздігіңді мойындауың керек.
Мысалы, ол сізден кәдімгі құм ішінде сылдырап ағып жатқан бұлақ туралы сұрайды.
– Бұл не?
– Қайда ағып барады?
– Қайдан бастау алады? – Осылай аға бере ме?
– Айналасында құрақ неге өсіп тұр? – Құрақ неге тақырда жоқ? Тағысын тағылар...
Ол сіздің ешқандай сөзіңізге қанағаттанбайды. Айта-айта аузыңыз ауырып, бірте-бірте тұйыққа тірелесіз. Әуелі ашуланасыз, олай емес дегеніне былай деп, өзіңізше дәлелдеп арамтер боласыз, сосын жалығасыз, иә болмағасын дауыс көтеріп, айқайлауға дейін барасыз, екіншілей жанына жуымауға іштей ант-су ішесіз, дегенмен оның жаны жай табатын, көңілі көншитін бірдеңе айтуға тиіссіз. Өйтпей болмайды. Ол сондай бала. Бәрібір ізіңізден қалмайды. Ол бәрін білгісі келеді.
Оның жанын түсінетін тек әжесі ғана. Қолы бос, көңілі хош, үйде зерігіп отырғасын ба, әйтеуір жалықпайды. Рабайда бір қабақ шытады. Кей күндері Сапар өзін де, әжесін де титықтатып қатты шаршатып барып, төсекке құлайды. Әжесінің бар болғаны қандай жақсы! Әйтпесе іші жарылып кетер еді. Папасы мен мамасы әуселесін көтермейді. Жұмыстан шаршап келеді, баламен бала боп мылжыңдасып отыруға уақыттары қайда? Сондықтан да Сапардың сөзі көбіне әжесімен ғана жарасады.
Сапар бүгін түнде тас боп ұйықтау үшін қораның артындағы жоңышқалықтың арғы мүйісіне тиіп тұрған бұлаққа барып, мұздай суға шомылып келді де, қараша үй мен тамның аралығындағы тақтай сәкіге салынған төсегіне кеп жатты. Бірақ бірден көзі іліне қоймады. Күндізгі аптап табы сейілмеген жазғы түннің құрғақ жылы ауасы үстін демде кептірді де, денесін пысынатып, мазасын кетірді. Лүп еткен жел жоқ. Сапар беліне дейін жамылған қанауыз көрпені аяқ жағына тастады да, екі қолын екі жаққа жіберіп, аспанға қарады. Жұлдыздар шаңдатып, самсап, жамырап тұр. Тек мектептің төбесіндегі әнебір жұлдызға не көрінген? Кір-қожалақ балаша беті дұрыс көрінбейді. Өзін бұлт перделеп тұр ма, әйтеуір көмескі, күңгірт. «Неге бұлай?» – деп өз-өзінен таңданып, өзіне өзі сұрақ беріп, жауап іздеп, басын қатырды да, шарбақтың сыртындағы сораң, жыңғыл бұталарының арасынан тынымсыз шырқаған шілделіктің шырылы мен құрбақалардың құрылына әлдиленіп, тәтті қалғып жүре берді...
Содан қай мезгіл екені белгісіз, ыстық ауа кілкіп, тоқтау суша бір орнында қозғалыссыз тұрып қалған ба, бір кезде таңдайы кеуіп оянып кетті. Түн қапырық. «Уф!» деп, дариядай кең сәкі таршылық еткендей бір аяғын оң қапталына қарай созып еді. Аяғы тақтайға емес, жұмсақ бірдеңеге былқ ете қалды. Міне, қызық! Жанында біреу ұйықтап жатыр. Бұл кім болды екен? Әжесі мен мамасы қараша үйде. Папасы Жаңаарықта шөпте, одан келесі айда қайтады. Ағасы қалаға кеше ғана кеткен. Сапар көпшіктен басын көтеріп, қасындағы кісінің бетіне үңілді. Бұрын-соңды көрмеген кісісі. Бет сүйегі ірі. Маңдайы жазық. Қабағы қалың. Ұйқыдағы тыныс алғаны да біртүрлі. Демін мұрнынан емес, аузынан шығарады. Жәйімен, жұртты оятып алмайын дегендей естілер-естілмес күбірлеп, паровоз боп ойнап жатқан тәрізді. «Пуф! Пуф! Пуф!» Түсінікті болды, мұрны пұшықтау ма, қалай өзі? Аяғының сәкіден асып жатқанына қарағанда, бойы ұзын. Сапардың жорамалдауынша, жас шамасы қырықтардан өткен, елулерге тақаған.
Кім бұл? Қайдан келді? Қашан келді?
Құм ішіндегі бұл кішкентай ауылға машина сирек қатынайды. Себебі қаладан, кеңшардан мойны алыс. Ретімен, мезгілімен жүріп жатқан жолаушылар автобусы жоқ. Мұнда келетін кісі көлік таңдамайды. Водовоз ба, құрылыстың цементін тасыған жүк автомобилі ме, «Техпомощь» сияқты жабық «газик» пе, трактор ма – бәрібір. Уақытпен де есептеспейді. Түн бе, тал түс пе, боран ба – сөз емес, тек аяқ артар көлік кездессін де. Көбіне бұл ит өлген жерге сағынышы үлкен кісі ғана келеді. Сөз жоқ, мына қонақ та сондай адамдардың бірі. Әйтпесе анау-мынау адам жол азабына шыдамайды.
Сапар өзі білетін қала-даладағы туған-туысқандарының бәрін көз алдына елестетіп өтті. Бұл кісіні еш жерде көрмеген сықылды.
Сапар әрі-бері аунақшығанда, сәкінің шеге қағылмаған, жәй қатар-қатар бос қоя-қоя салынған орнықсыз тақтайлары шиқылдап, сықырлады. Жол соғып тастаған болуы керек, бейтаныс кісі бұны елең қылмады.
Сапар саусақтарын тарақтап, қолын басының астына салып, шалқалап жатып, тағы да аспанға қарады. Бағана ұйықтар алдында көрген жұлдызы әлі кіреуке. Әлсіз, көмескі жылтырайды. Осындай ап-ашық айлы түнде мұнысы несі? Өзін көк төсінен жұлып алып, алашаға ысқылап-ысқылап жіберіп, жалт-жұлт сәуле ойнатып, орнына қайта апарып қояр ма еді?
Енді біраздан соң Сапар тағы да беймезгіл қонақ жайлы ойлап кетті. Өзі аты-жөнін естіп-білмеген, бет-жүзін бір рет те көрмеген кісімен қатар жату қандай қиын. Жақсы адам болса жөн, ал керісінше, бұзық біреу болса ше? Қой, онда күйіп тұрса да тамға барып жатқаны дұрыс. Сапардың ойынша, жаманнан жаман қасиет жұғады. Бірақ ұйқыдағы кісінің жақсы-жаман екенін қалай білесің? Сапар қонақтың бетіне қайта үңілді. Кім болды екен? Беймезгіл қонақ анау мектептің төбесіндегі күңгірт, көмескі жұлдыз сияқты боп көрінді.
Сан-сапалақ сұрақтан басы ауырып кетті. Ұйқысы қашты. «Қой, аты-жөнін, кім екенін білейін..» – деді күбірлеп бір кезде.
Сөйтті де Сапар сәкіден түсіп, қараша үйге кірді. Есік ілмешегі салынбай, іштен бос қапсырыла жабылған екен, итеріп қалып еді, сыр-р етіп ашылды. Тапал дөңгелек үстелдегі майшамның керосині таусылған ба, білтесі көңірсіп, қызарып жанып тұр, мөржесінің жоғарғы жіңішке жағы қара күйе. Сапар іргедегі әжесінің төсегіне келді. «Сергекпін, құс ұйқылымын» дейтін ол ештеңені сезетін түрі жоқ, қатты ұйықтап жатыр.
– Әже... Әже-е...
Сапар аузын әжесінің құлағына тақады. – Әже деймін, әже!
Әжесі дыбысты құлағы шалуы мұң екен, басын төсектен бірден жұлып алды. – О не, Сапаржанбысың?!
– Иә, мен ғой...
Әжесі мезгіл түн екенін жадынан шығарғандай, үйді басына көшіріп сөйлеп берді.
– Е, неғып жүрсің? Бірдеңеден қорықтың ба? – Жоқ.
– Енді не болды? Келші, менің жаныма жата ғой...
– Жатпаймын. Әже, сұрайын дегенім, ана сәкідегі кісі кім? – Е, бәтір-ау, Арыстанбекжанды айтасың ба?!
Бірдеңе сұраса, егжей-тегжей түп-тұқиянына дейін білмей қоймайтын немересінің мінезіне қанық әжесі, әңгімеміз ұзаққа созылар дегендей, қобыраған қудай ақ шашын қолымен тарағыштап, төсегінен түрегеп отырды.
Әжесі құс ұйқылы. Тек әлгінде ғана азғантай көз шырымын алған еді. Қарт кісілердің бәрінен ұйқы қаша ма, Бәтима әже көбіне түнемелік кірпігі ілінбей, көңілі қыдырып жатады. Сондайда беймезгіл уақта тұрып ап сүт ішкісі келген, не асық ойнағысы келген балаға ұқсап, біреулермен күбір-күбір әңгімелескенді көксейді. Бәтима әже әдепкіде немересін бірдеңеден қорықты ма деп ойласа да, артынан тілдесіп, сырласатын жан табылғанына қуанды.
– Арыстанбекжан ба, ол сенің атаңның – менің шалымның інісі Мұлынбай қайнымның жалғыз ұлы ғой.
Бәтима әже немересі әңгімемді түсінеді, түсінбейді деп жатпайды, көңілінде не тұрса, соны со күйінде айта береді. Ал Сапар болса, әжесінің көп сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпай жатады. Сосын әңгімесін ара-тұра қайта-қайта бөліп, кейбір жерлеріне миы жетпеген шәкіртше түсінбегендерін сұрап қояды. Міне, тағы да бірдеңені ұға алмай қалды.
– Әже, сонда Мұлынбай деген кісінің аты ма?
– Қайным ғой. Атын айтуыма болмайды. Қалай десем екен? Жылқының төліне аттас.
– Құлын. Құлынбай ма?!
– Иә. Сол марқұм он саусағынан өнері тамған жігіт еді, бүткіл ауылдың кебеже-сандығын өзі жасайтын. Соғысқа кетті де қайтпады. Қара қағаз келді. Сонда Арыстанбек бес жаста еді. Ол бір қиыншылық кез еді ғой. Құдай бірақ жетім-жесірді жерге тастасын ба, Арыстанбек те адам болды. Қазір қалада бір инстөтта дөкей мұғалләм. Нәуік. Өлі-тірімізді білейін деп келген ғой. Айналайын, ағайын емес пе?
Бәтима әже көңілі бұзылып, дымқылданған көзін жамылғы көрпенің тысымен сүртті.
– Бағана Жарылқағанның трәктірімен келіпті, танымай қалдым. Апа деп арсалаңдап құшақтай алғаны... Әй, кәрілік-ай десейші, қолда өскен бала ғой, соны шырамыта алмай қалдым ғой мен сорлы. «Әкесіз жетім – мас жетім, шешесіз жетім – қас жетім», шешесі байғұс ебіл-дебіл боп жүріп, баласын ел қатарына қосты.
Арыстанбекжан басқан жерін ойып жіберетіндей дік-дік етіп жүретін, сонысына қарап мен Керой дейтінмін. Керой десе – Керой еді өзі де.
– Керой деген не? – Батыр ғой, батыр. – Герой ма?
– Иә. Тілім келмей жатыр. Жаңа хал-жағдайын да сұрап үлгермедім, шаршап-шалдығып келді ғой.
Бір-екі ауыз тілдескенде байқағаным: екі-үш қара домалақтары бар көрінеді. Арыстанбекжан кісіден бөлек қой. Көп қиыншылық шекті. Енді, міне, соның бәрі бір күнгідей болмады. Үйлі-баранды боп отыр. Қызметі анау. Осы ағаңдай болсаң, ешкімнен кенже қалмайсың.
Сапар әжесін беріле тыңдады.
Осы кезде төрде жатқан мамасы оянды.
– Осы сендердің-ақ сөздерің түгесілмейді, күндіз – күндіз, ал енді түнге көштіңдер ме? Таң атсын, сосын кешке дейін жырласаңдар да мейілдерін. Адамға ұйқы бермедіңдер ғой... – деді көңілсіз күңкілдеп.
Екеуі әңгімесін кілт тыйды.
– Бар, ұйықтай ғой, қалғанын ертең айтып берем. Әжесі Сапардың арқасынан қақты.
Сапар орнына кеп жатты.
Жанындағы қонаққа бағанағыдай: «Бұл кім?» – деп таңданып, қорқа, қүдіктеніп емес, қызыға қарады. Кім екенін білді. Қонақ – ең жақын, ең жақсы ағасы екен.
Аздан соң ауа салқынданып, ауылдың күн шығыс тұсынан лүпілдеп самал есті. Бетіндегі буалдыр пердені жел қуып әкеткен бе, мектептің тас төбесіндегі күңгірт, көмескі жұлдыз алашаға ысып-ысып алғандай, ап-анық жарқырап тұрды.