28.12.2022
  134


Автор: Сейітқұл Оспанов

1-МАМЫР МЕРЕКЕСІ

Ақсуат – кішкентай ауыл. Бәрі өзіне лайық. Дүкені құйтақандай. Ферма кеңсесі де алақандай. Үйлері де тәмпиген-тәмпиген тоқал тамдар. Мектебі де кішкентай – төрт жылдық.


Бәрі кішкентай, мақтаныш қылар тек бір-ақ нәрсесі бар: аспаны тұнық, даласы кең, қара сирақ балаларының көкірегі толы қиял, арман...


Ауыл қаладан мойны алыс – ит өлген жерде. Машина сирек қатынайды. Қонақ та сағындырып оқта-текте бір қара көрсетеді. Келген кісінің күн айналмай жатып, іші жарылып кете жаздайды. Жалығып-зерігіп бітеді: айнала үнсіз, монтиған құм төбелер.


Содан ба кішкентай төрт жылдық мектепке мұғалім тұрақтамайды. Бір жылға зорға шыдайды. Келулерінен кетулері тез. Бірақ мұғалімнің аты – мұғалім, білім мұрабы. Азғантай уақыттың ішінде олар бәрібір арттарына жақсы із, жақсы жаңғырық қалдырып кетеді.


Мысалы, Шәрипа деген талдырмаш мұғалима қыз ауылдың қара сирақ балаларына бұрын-соңды естіп-білмеген неміс тілін үйретті. Балалар әлі күнге дейін өздері шала-шарпы жаттап алған бірді-екілі неміс сөздерін ауыздарынан тастамайды. Тілдерін бұрап, реті келсін, келмесін бір-біріне:


– Ауфедерзейін! – Гутен тақ!


– Шнель!


– Арбайт! – деп жүргендері.


Бұл неміс сөздері ауыл адамдарының есіне Шәрипа апайды салады.


Ал балалар бұл дүниеде волейбол деген спорт ойынының бар екенін Жанділдә ағайдан білді. Жанділдә ағай қалада институтта оқып жүрген кезінде талай-талай жарысқа қатысыпты. Командалары үнемі жеңімпаз болған.


Сәния атты келіншек мектептен табиғат мүйісін ашты. Тас­бақа, құрбақа, кесіртке, қоян, тышқандар мектептің сүйкімді тұр­ғын­дарына айналды. Жан-жануарларды көргің келсе, дала кезіп қажеті жоқ.


Кәрім деген мұғалім мектептің бір бөлмесін музейге айнал­дырды. Ауылдың тарихына байланысты үй-үйден ескі, көне заттарды жинады.


Бәрінен бір-бір із қалды.


Балалар ауылға келген әр мұғалімнен осындай жаңалық, жақсы іс күтеді. Олардың ойынша, әр мұғалім оларды ғажайып бір нәрсемен таң қалдыру тиіс...


Биыл күзде қаладан мектепке Демес деген мұғалім келді. Жасы жиырма бестерде. Ұзын бойлы. Мінезі салмақты. Көп сөйлемейді. Үнемі ойға шомып жүреді. Балаларға бірден ұнады. Шәкірттердің көңіл күйін жақсы түсінеді. Ретті жерінде ұрысады, ретті жерінде кешіре де біледі. Сабағы қызықты. Тарихтың ғасырлары мен жылдарына, күндеріне тіл бітіріп жібереді. Аспай-саспай, егжей-тегжейлі айтады. Бұдан кейін кітаптың бетіне қарап қажеті жоқ. Ол сөйлеп тұрған кезде сыныпта шыбынның ызыңы ғана естіледі. Оқушылар беріле тыңдайды.


Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бірақ балалардың бәрібір Демес ағайға көңілі толар емес. Олар Демес ағайдан ерекше, кейін ауыздарынан тастамай аңыз ғып айтып жүретін таңғажайып бір іс күтіп әуре.


Ал ағай болса, әзірге, сол «ерекше ісін» көрсететін түрі жоқ. Жаңбырсыз жаздай бірінші тоқсан елеусіз тып-тыныш өтті.


Екінші тоқсанда да ала-бөле ешқандай өзгеріс болмады. Сол баяғы сабақ, сол баяғы тәртіп.


Үшінші тоқсанда да ағай өз «өнерін» көрсетпеді.


Уақыт зымырап өтіп жатты. Міне, көзді ашып-жұмғанша сәуір айы келді. Бір айдан соң оқу жылы аяқталады. Балалар сыныптан сыныпқа көшеді. Ұзақ-сонар жазғы каникул басталады. Ағай қалаға кетеді. Күзде қайта келе ме, жоқ па, о жағы беймәлім.


Ағай, расымен, балалар кейін естеріне алып, ауыздарының суы құрып айтып жүретін жақсы бір із қалдырмай, үн-түнсіз тып-тыныш елеусіз кете бармақ па?


Жо-жоқ, олай етуі тиіс емес! Балалардың көңілдері осылай дейді.


Олар шынында да бекер үміттенбепті. Демес ағай бүгін сабақтың аяғында балаларға:


– Балалар, өздерің жақсы білесіңдер, ертең – 1-Мамыр мерекесі. Жер жүзі еңбекшілерінің ынтымақ күні. Үлкен мейрам. Бүкіл еліміз тойлайды. Біз де шеруге шығуымыз керек. Әдемі киі­ніп келіңдер. Ер балалар – ақ көйлек, қара шалбар киіңдер. Қыз­дар ақ фартук, ақ бантикпен келіңдер. Мойындарыңа галстук­теріңді тағыңдар. Бір-бір кішкентай қызыл жалауша жа­сап әкеліңдер. Азанда сағат сегізде мектептің алдына жиналыңдар! – деді.


Міне, қызық! Күтпеген жайт. Балалар өзді-өзі ұзақ дабыр­ласты. Айран-асыр. Шеруге шығамыз дегені қалай? Әлде жәй ойнап айтты ма екен? Жоқ, олай емес. Басқа басқа, 1-Мамыр мерекесімен ойнамайды ғой. Ау, ауылда сонда қалай, шеру бола ма? Сенгің келмейді. Айнадай жарқыраған тас көше жоқ. Қызыл-жасыл, алуан түсті шарлар қайда? Портреттерді, транспа­рант­тарды қайдан табады? Қаладағыдай саңқылдап сөйлеп, ауық-ауық ұран тастап тұратын радио қайда? Және шеруді тамашалап, қызыға қарап, көше бойлай иін тірескен халық керек...


Андыздаған көп сұрақтың бірде-біріне жөнді жауап таба алмай, балалар үйді-үйлеріне тарады. Бұл жаңалықты апа-көкелеріне, ата-әжелеріне – бәріне жеткізді. Олар да қайран. Жылда 1-Мамыр шерусіз, ештеңесіз тып-тыныш өтетін. Кішкентай ауыл.


Түнімен дұрыс ұйықтай алмай, таңның атуын асыға күтіп, таңертең бәрі мектептің алдына жиналды. Демес ағай отыз-қырық баланы бой-бойларымен екі қатар етіп сапқа тұрғызды. Өзі керемет көңілді. Әдеттегі тұнжыраңқылығы жоқ. Тез-тез сөйлеп, жеңіл қимылдайды. Қуаныштан көзі күлім қағады. Үстінде қардай аппақ көйлек. Кеудесінде алқызыл күлте.


– Кәне, тездетіңдер! – деп қояды оқтын-оқтын. Саптың алдындағы баланың мойнына ескі көк барабанды ілді. Екінші бала сабы ұзын үлкен алқызыл туды желбірете жоғары көтерді. Өзгелерінің қолдарында кішкентай жалаушалар.


– Кәне, алға!


Ағай сапты ауылдың шығысына – құм төбелерге қарай бастады. Алдарынан – көкжиектен мың сан жылы жібек сәулесін саулата төгіп күн көтерілді. Сап күнге бет түзеді. Аспан шырқау, биік, тап-таза, көкпеңбек.


– Бап-бап! Бап-бап!


Барабан дүңкілі таңғы тұнық ауаны жаңғырықтырды.


Балалар әп-сәтте өркеш-өркеш жасыл белдерге жетті. Ағай сапты тоқтатып: – Енді гүл теріңдер! – деді даусы саңқылдап.


Сап бұзылды. Балалар қырқа-қырқаны қуалай жүгіре жөнелді. Бір-бірімен жарысып, таласып гүл терді. Құшақтары қауызында шық мөлдіреген жұпар иісті қызғалдақ пен құртқашашқа толды. Бастарына өріп гүлтәж жасады.


 


 


Аздан соң сапқа қайта тұрды. Ендігі бағыттары ауыл. Сол шеру тартқан қалпында далиған жалғыз көшенің бұлақ жақ басынан аяқтарын нық алып, ауылдың шетіне кірді. Дүңкілдеген барабан үні, балалардың шат-шадыман айқай-шуы мен сыңғырлаған күлкілері жұрттың ұйқысын шайдай ашқан тәрізді. Үй-үйдің алды қара-құра адам, көздерінде әлдебір таңданыс. Қызығу. Жанарларын саптан аудара алмайды. Шалқи желбіреген алқызыл ту. Дүңкілдеген ескі көк барабан. Құйттай алаулар тәрізді шүпірлеген жалаушалар. Қауыздарында күн сәулесі ойнаған қызғалдақтар мен кұртқашаш гүлдері.


Балалар әуелете ән шырқады:


 


– Ақ көгершін, көгершін, Қолқанат құс сен едің. Бар, кезіп қайт ел ішін, Кең дүниенің көлемін.


 


Шеру көшенің ортасына жетті. Көздерін ұйқыдан тырнап ашып, саптың соңынан жалаң аяқ, жалаң бас, майда балалар ілесті. Шеру құдды бұлақтар мен жылғалар келіп құйылып, қызыл-жасыл толқын ойнап, ағып келе жатқан өзен сияқты.


Ағай кенет:


– Еңбекшілердің ынтымақ күні – Бірінші Мамыр жасасын! – деп ұран тастады.


Балалар шу ете қалды. – Ура! Ура!


– Бейбітшілік жасасын! – Ура! Ура!


Аспанда балалардың нәзік те қуатты үні қалықтап тұрып алды.


Ағай ауылдың екінші басына жеткенше көңілінде жатталған бар ұранды айтып болды. Бір кезде енді не істесем екен дегендей, біраз аңтарылып қалды. Бірақ саспады. Үйінің алдында жыңғыл таяғына сүйеніп тұрған Әбдірәш атаны көрді де:


– Әбдірәш ата жасасын! – деп айқайлап жіберді.


Балалар уралап жөнелді. Әбдірәш ата аяқ астынан мұндай тосын құрметті күтпеген еді, кәрі өңіне қуаныштан лүп етіп қан тепті. Қалбалақтап:


– Көп жасаңдар, қарақтарым! Өмірлерің ұзақ болсын! – деп күбірлей берді. Бұдан соң Демес ағайдың көзіне кішкентай немересін қолынан тас ғып ұстап


алып, бұларға таңдана, қызыға қарап тұрған Бәтима әже түсті. – Бәтима әже жасасын!


– Ура!


Қуаныштан Бәтима әженің жанары жасаурап қоя берді. – Шырақтарым, бақытты болыңдар!


Сөйтті де қостың аузында жүрген келініне айқай салды:


– Кәкен, а, Кәкен, ана балдарға түнеугі тәтті кәмпитіңнен әкеп берші. Әй, қарақтарым, сәл тоқтай тұрыңдар!


– Қазір, апа!


Сөйтті де, Кәкен балаларға жылтырақ қағазға оралған бір тәрелке кәмпит әкеп таратты. Ал балалар:


– Мерекеңіз құтты болсын! – деп әжейге бума-бума гүл ұсынды.


Қаланың мереке күнгі ақ қанат кептерлері тәрізді аспанда шырқ үйіріліп, шырылдап ән салып торғайлар ұшып жүр. Көше бойы төгілген гүл.


 


 


Балалар ауылды бір айналып, мектепке оралды.


 





Пікір жазу