28.12.2022
  149


Автор: Сейітқұл Оспанов

АЛҒАШҚЫ ШЫРША

Сағладин көптен бері күнделік жазумен шұғылданады. Ауылдағы елеулі, есте қалар нәрселердің бәрін көңілінен қалт жібермей, қалың көк дәптеріне түртіп отырады. Оның күнделігі қаладан мойны алыс, жиырма-отыз үйлі төрт жылдық мектепті, тып-тыныш кішкентай ауылдың өмірбаяны, тарихы секілді.


Мәселен, Сағладиннің күнделігінің беттерінен мынандай сөйлемдерді оқуға болады:



  1. «30 мамыр. Гүлзада босанды. Шілдехана жасады. Нәрестесінің атын Асқар деп қойды».

  2. «16 маусым. Беріш атаның қызыл сиыры үшті-күйлі жоғалып кетті. үйлері ағарғансыз қалды. Бәрінен бұрын бұзауына обал-ақ. Дамылсыз мөңірейді де тұрады. Мөңірегені бір түрлі кісінің сай-сүйегін сырқыратады, жылағаны тәрізді...»

  3. «19 қыркүйек. Нұрабайдың үйіне Алматыдан нағашы інісі келді. Көп-көп базарлық әкелді. Әсіресе жәмбілшедей-жәмбілшедей қып-қызыл алмаларына қарап, көзің тоймайды...»


Міне, осы секілділер.


Сағладин үйреншікті әдетімен бүгін де қаламын қолына алды. Бір түрлі толқып, беті нұрланып, қуанып отырып, көк дәптерінің бетіне былай деп жазды: «31 желтоқсан. Біздің ауыл үшін ерекше оқиға болды. Жаңа жыл кешінде


мектепте алғаш рет шырша құрылды. Қызықты өтті...»


Содан Сағладиннің әлден уақытқа дейін кірпігі ілінбеді. Даладағы долы боранның ащы уіліне құлағын түріп жатып, бүгін болған жаңа жыл кешін көз алдына елестетті...


Почтальон ертеңгілік соңынан біреу қуғандай кеңсесінен атып шықты да, тонының өңірі түймеленбеген, жүн шалмасының бір ұшы мойнында сөлектеген күйі мектепке қарай құстай ұшты. Жолай:


– Оу, қайда асығып барасың?! – деген кісілерге де жөндеп жауап қайырмады. Бар болғаны:


– Бүгін ауылға шырша әкеледі! – деді. Олар «Шыршасы несі?» деп таңданып қала берді.


Ол жүгіргеннен жүгіріп отырып, ентігіп мектепке келді де, мектеп директорына – Әлмешке:


– Әлеке, бүгін ауылға шырша әкеледі. Жаңа ауданнан рациямен хабарлады. Және жанында бір жәшік ойыншығы бар көрінеді, – деді.


Мектеп директоры айран-асыр болды.


– Түсінсем бұйырмасын. Бүгін желтоқсанның 31-і. Шыршаны кім әкеледі? Немен әкеледі? Аяқ астынан бұл не? Үлгермейді ғой... Қала жердің түбінде.


– Үлгереді! Тікұшақпен әкеледі. Тәйірі, тікұшаққа не тұрады, қаладан бір сағатта ұшып жетеді!


Бұл сөз лезде бүкіл ауылға тарады. Тосын хабар. Жұрттың бәрі аң-таң. Қызық.


–    пырай, ә! – дейді бір-біріне.


Балалар алыстан әкелері келетіндей, бір-бірінен сүйінші сұрап әуре. – Бүгін шырша болады!


– Шырша!


Мектепте жаңа жыл кеші бұрында да болып жүрген. Балалар жаңа жыл әндерін шырқап, тақпақтар айтатын. Күй тартып, би билейтін. Аяз Ата базарлығын үлестіретін. Бірақ бұның бәрі шыршасыз өтетін-ді. Ортада желегі мол үлкен жыңғыл бұтағы бозарып тұратын. Міне, енді шырша әкелмекші. Жаңа жыл кешінің сәні жасыл шырша ғой...


Таңертеңнен бастап жұрттың екі көзі аспанда болды. Аспан бұлыңғыр. Жер қалың қар. Ауыл адамдары енді қар борап жауып кетпесе екен деп тіледі. Өйтсе, қуаныштарының су сепкендей басылары сөзсіз. Алай-түлей боран ұйтқып, төпеп қар жауып берсе, тікұшақ ауылды тауып келе ала ма?


Ақыры жұрттың күткен сәті де жетті. Сағындырып кешкі сағат бестердің әлетінде әуеден еміс-еміс бір дүріл естілді. Түрік құлақтар бірден білді – дүріл қала жақтан. Балалар қуаныштары қойнына сыймай ауылдың шығыс бетіндегі бұлаққа – қар жамылған тақырлыққа қарай жүгірді. Қардың беті айқайлап-шулаған, қолдарын шапалақтаған қап-қара тірі ноқаттарға – балаларға толып кетті. Іле-шала қылдырықтай балық құсап тікұшақ те көрінді.


– Ура!


– Алақай!


«Міне жеттім, көрдіңдер ме?» – дегендей, тікұшақ дүрілдеп ауылдың үстін екі рет айналды да, тақырлыққа кеп қонды. Моторы өшті. Сосын оң қапталындағы темір есігі шалқасынан ашылып, ішінен ұшқыш басын сыртқа шығарып, сонадайда үйме-жүйме жыпырлап тұрған балаларға айқай салды.


– Мектеп директоры қайда?!


Мектеп директоры балалардың арасында еді.


– Мен мындамын! – деді ол, құлақшынын түзеп, алға ентелеп. – Бері келіңіз. Мына шыршаны қабылдап алыңыз...


– Кәзір, кәзір...


Директор ұшқышпен қол қысысып амандасты да, еңкейіп әлдебір қағазға қол қойды. Ұшқыш тікұшақтың ішінен дәу бір түп шыршаны сыртқа шығарды. Есіктің аузында топырлап тұрған балаларға кенет лүп етіп көктем иісі бұрқырап қоя бергендей болды. Ертегі дерсің. Аппақ қардың үстінде бір түп жап-жасыл шырша. Балалар көздерін сұқтана қадап, шыршаны қоршап алды.


Ұшқыш бұдан соң директордың қолына бір картон жәшікті ұстатты.


– Бұл ойыншықтар. – Сөйтті де балаларға риясыз күле қарап:– Жаңа жылдарың құтты болсын, балақайлар! – деді.


Балалар командирмен сәлемдескен солдаттардай бір ауыздан шу ете қалды:


– Сіздің де жаңа жылыңыз құтты болсын. Бізге шырша әкелгеніңіз үшін көп рақмет!


– Сау болыңдар! – Сау болыңыз!


Ұшқыш қоштасты да, есігін тарс жапты. Іле-шала тікұшақ көкке көтерілді... Бұл балалардың шыршаны алғаш рет көруі еді. Әлдебір асыл бұйымды алып


келе жатқандай, шыршаны мектепке жан-жағынан аялай ұстап, әлдилеп көтеріп апарды. Жолда шыршаның бір қылтанағы да жерге түскен жоқ.


Кешке мектепке тек балалар ғана емес, ауылдың бүкіл адамы жиналды. Аталары мен әжелері немерелерін жетектеп келді. Үлкен бөлменің қақ ортасында көздің жауын алып, құлпырып тұрған шыршаны көргенде, жұрттың таңдайларын қағып таңданғаннан басқа шарасы қалмады. Өне бойы тұнған жылт-жылт еткен неше түрлі күміс ойыншықтар, алтын жалатылғандай жұдырықтай шыны шарлар, ұшар басында қып-қызыл бесжұлдыз.    лектр сәулесімен жалт-жұлт, жарқ-жұрқ етеді. Шырша құдды алқа, моншақ тағынып, зерлі, әдіпті кең етек жасыл көйлек киіп алған ертегінің ханшасы тәрізді. Әдемі ойыншықтарды көріп, кішкентай балалар қыңқылға басты:


– Ата, маған анау күміс пілді алып берші. – Әже, алтын балық керек маған.


– Көке, әнебір ілулі тұрған алманы жегім келеді.


Оларды аталары мен әжелері, әкелері мен шешелері жұбатып әуре: – Қой, болмайды.


– Анау ойыншық – ойыншық алма ғой, шын алма емес.


Кішкентайлар бәрібір түсінер емес. Қайсыбірі бөлмені басына көтеріп жылап жатыр. Бөлме іші у-шу, әзіл, күлкі...


Бір кезде далада боран күшейіп кетті ме, әлде мотормен жұмыс істейтін кішкентай электр станцияның бір жері бұзылды ма, әлде майы таусылды ма, кенет сүттей жарқырап тұрған электр жарығы өшті де қалды. Сыныпты көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Қапелімде жаға қоятын шам, шырақ жоқ.


– Не болды?


– Шам жанып кетті ме? – Жоқ, станциядан!


– Айдаш қайда? Неге бармайды? Айдаш – моторист. Осында еді.


– Не болды екен? Қазір! – деп ол құлақшынын баса киіп, ауылдың бір шетіндегі станцияға қарай жүгіре жөнелді.


Бөлме іші абыр-сабыр, топырлаған аяқ дыбысы. Біреуді-біреу біліп болар емес. Мектеп директоры жанұшыра айқай салды:


– Абайлаңдар! Шыршаны сындырасыңдар! Бірақ оның айқайына құлақ асар ешкім болмады.


Жұрт шыршаға лап қойды. Бағанадан бері ойыншыққа қызығып, қақылдап тұрған балалардың құдайлары берді.


– Әй, тоқтаңдар! – Қойыңдар, кәні!


Қараңғыда шыршаның әдемі ойыншықтары ту-талапайға түсті. Жұрт қолына ілінгенінің бәрін алып жатты. Кімнің кім екенін, не істеп жатқанын біліп болмайды. Тек дауыстары ғана естіледі. Бірі қуанышты, бірі өкінішті. Көбі негізінен «олжалы».


– Ә, мынау күміс піл ғой манағы!


– Қап, мына ойыншықтың сынып қалғанын қарашы! – «Қоян» ілікті қолыма!


– Әлгі дәу «қасқыр» қайда?!


– Тарт қолыңды, мұны мен алып жатырмын!..


Айдаш станцияға барып жетті ме, кенет бөлмеде электр шамы жарқ ете қалды. Бірақ амал не, самала электр сәулесі жұртты қуанышқа бөлей алмады, шырша әлгіндегі аз уақыт қараңғылықта бар сұлулығынан айрылып үлгерген еді. Ойыншық атаулыдан жұрдай болған-ды. Кейбір бұтақтары сынған. Айналасы қиқы-жиқы сынық шыны шарлар, шашылған жапырақ-жапырақ жыл­ты­рақ қағаздар. Шырша жан-жағынан қоршалап тұрған адамдарға: «Бұл не істегендерің?!» – деп мұңайып тұрған секілді. Сау қалған күміс ойыншықтары мен алтын жалатылған әдемі шыны шарлары балалардың, олардың аталары мен әжелерінің, әкелері мен шешелерінің, аға-апаларының қолында жылт-жылт етеді.


Мектеп директоры қатты күйінді:


– Ау, бұларың не, бәрің бала боп кеттіңдер ме, түге?!


Жұрт үндемеді. Тек Беріш атай ғана қақырынып, естілер-естілмес:


– Бала болмай... шыршаны бірінші рет көріп тұрмыз, – деді күбірлеп...


 





Пікір жазу