ҮЙ ОЙЫНЫ
Түстен кейін оқитын балалардың күнде мектепке ертерек келіп, азаннан бері еселері кеткендей сыныпқа сөмкелерін әкеліп тастап, сағат екіге дейін – қоңырау соғылғанша, асыр салып ойнайтын әдеттері, сосын үсті-бастары шаң-шаң, өрім-өрім болып, түрлері өрт сөндіргендей топырлап парталарына кеп отырады. Содан сабақ басталады. Төртінші сыныптың оқушылары бүгін де сөйткен. Апыр-топырдың соңын ала Кәрім ағай да сыныпқа кірді. Балалар сәлемдесіп, жапырлай орындарынан тұрды. Кәрім ағай күнделікті дағдылы әдетімен басын изеп амандасып, маңдайына төгілген шашын кейін қарай бір серіпті де, сынып ішін көзімен жүгірте шолды. Міне, қызық, сыныпта кілең ер балалар ғана отырған еді. Қыздар жоқ. Ау, олар қайда кеткен! Бірлі-жарымы болса бір сәрі, бәрінің түгелдей сабақка қатыспауы қалай? Рас, кейде себепті жағдайлармен, не әке-шешелері бір жұмысқа сұрап, я ауырып-сырқап дегендей қалып жататындары болады. Бірақ Кәрім ағайдың төртінші сыныптың әлі күнге дейін дәл осылайша омсырайып қалғанын көрген емес. Көбіне ойынға алданып кешігіп, есікті бірінен соң бірі батылсыздау тықылдатып, есіктің аузында кінәларын мойындағандай беттері қызара ұялып, рұқсат сұрап келе береді. Ағай осы ойды дәрмен етіп, есіктің тықылын күтті. Үміттене есікке қайта-қайта қарады. Бірақ, неге екені белгісіз, көк сырлы дәу есік тілсіз. Жан жоқ. Әшиінде сықырлап ашылып-жабылып маза бермеуші еді. Бұл жолы тыныш. Бес минут өтті. Он минут өтті. Өзі айналдырған қырық бес минут. Оның жартысы балаларды күтумен өтсе, не болғаны. Қалған уақытта үй тапсырмасын сұрай ма, жаңа сабақты түсіндіре ме, не істейді?
Кәрім ағайдың шыдамы таусылды. Үстелдің үстіндегі журналдан басын көтеріп:
– Сыныпта кезекші кім? – деді. – Мен, ағай!
Орнынан лып етіп жалақ сары бала – Алтынбек ұшып тұрды.
– Сен болсаң, қыздар қайда? Алтауыңа сабақ өтем бе? Сыныптың жартысынан көбі жоқ.
Алтынбек үйреншікті әдетімен сарт-сарт тақылдап жауап бермеді. Күмілжіді.
– Білмеймін. Бағана бәрі де мектептің алдында ойнап жүр еді.
– Бар, шақырып кел, сабақ оқитын ойлары бар ма өздерінің? Тәртіп жоқ. Бетімен кеткен.
Ағай ашумен қатты-қатты айтып жіберді. – Жақсы.
Алтынбек сыртқа беттеді. Бірақ көп кідірмеді. Баруынан қайтуы тез болды. – Ағай, жоқ. Бар жерді қарадым...
– Ім-м. Солай де. Отыра ғой орныңа.
Енді не істеу керек? Ағай айран-асыр. Неше жылдық мұғалімдік өмірінде мұндай нәрсені бірінші рет көріп отыр. Ойы әр саққа кетті. Әуелі ашуланды. Сосын таңданды. Бірте-бірте таңданысы біртүрлі қорқынышқа айналып бара жатты... Тек жамандық болмағай. Бірақ не жамандық болуы мүмкін? Машина қағып кететіндей бұл кішкентай ауылда қаладағыша сапырылысып жатқан ештеңе жоқ. Дөңгелек атаулыдан екі трактор ғана бар, олар қазір шөпте, ауыл тып-тыныш. Ұры-қарыдан аулақ. Суға кетті дейін десе, бұл жерде жалғыз бұлақтан басқа су көзі жоқ. Енді не? Түсініксіз. Ойлап-ойлап басы ауырды. Сыртқа тағы бір баланы – «алып кел, шауып кел» Нуханды жіберді. Ол да артынан жел қуғандай тез оралды.
– Ағай, бұлаққа, ұста дүкенге, Ырзағалидың үйі жаққа, бәріне бардым, жоқ! – деді көңілсіз.
Нуханның көңілсіз болатын себебі бар. Ол көбіне-көп мұғалімдердің жұмсаған жағынан іс тындырып, үнемі «жарайсың, маладес» деген мақтау сөздер еститін. Соған кәдімгідей масаттанып қалатын. Бұл жолы онысы болмады. Амал қанша, тағы бір «маладесті» алғанда жаман болмас еді. Шақырып келе қоятын қырсыққанда, қыздары құрғыр көзіне шалына қоймады ғой.
– Жарайды, отыра ғой.
Нухан партасына ықылассыз кеп қонақтады. «Бұл қыздар қайда жүр?»
Сабақ жайына қалды. «Қой, өзім қарап келейін», – деді ішінен ағай. Сөйтті де қазақ тілінен сөз таптарын талдауға бір жаттығу берді де, ересек, естияр бір баланы сыныпта тәртіп сақтау үшін өз орнына отырғызып, сыртқа шықты.
Әуелі мектептің алдында тұрып жалғыз көшенің екінші басына көз жіберді. Бейсауат ойнап жүрген бала-шаға көрінбеді. Кең көше қараң-құраңсыз, бұдырсыз аңқып жатыр. Тұрып-тұрып бұлаққа қарай аяңдады. Онда да балалар жоқ, бірен-саран суға келген, шелектері қаңғырлаған әйелдер ғана, бұлақ сарқырап ағып жатыр.
Ағай енді ауылдың сыртын – қоралар жақты жағалады. Көң, сақ аралас шеге құмды сырп-сырп басты. Қидың иісі мүңкіді. Ағай мұрнын тыржитты. Кенет... рас па, өтірік пе, Жаппасбайдың қорасынан балалардың шуылы естілгендей болды. Кілт тоқтады. Рас, балалардың даусы: жіп-жіңішке, нәп-нәзік, шіңк-шіңк. Үндеріне қарағанда, өздері әлденеге мәз-мейрам тәрізді, балық үлестіріп жатқандай қарма-жарма. Ағай жоғын тапқандай, аяғын жылдам-жылдам басты. Қуанып кетті. Іле-шала бұл қуанышы ашуға алмасты. Несіне қуанады. Бір сабақ – қырық бес минут босқа кетпекші. «Мен сендерге ойынды көрсетейін, сабақ кезінде, қарашы, бұларды. Басқа уақыт жетпеді ме сонша? Не істейді осылар күні бойы? Сабақты жарытып оқып озат болып жатқандары шамалы. Есіл-дерттері ойын. Ұлы да, қызы да...»
Қораға жеткенше талай сөзді естіп үлгерді.
– Уа, құдағи, той құтты болсын, мінеки, келін түсіріп, қолың ұзарды! – Қонақтар қай тамға кіреді?
– Сүйінші! Сүйінші! – Көрімдік! Көрімдік!
Құдды қораның ішінде ұлан-асыр той болып жатқан сияқты. Мұнысы несі? Кәрім аң-таң. Әлде дауыстар өзге бір үйден шыға ма? Аядай ауыл. Той-томалақ болып жатса, бұл естуі, білуі керек еді ғой. Жоқ, қорадан, қораның ішінен естіледі.
Дауыс балалардікі екені анық, ал сөздері... сөздері – кесек, ірі, үлкен адамдыкі. Кәрім ағай әлденеге түсінбей, айран-асыр күйде қораға жетті.
Қараса, сол өзінің іздеген қыздары. Орынкүл, Әйткүл, Шәрігүл, Тұрсынай, Бибайша... бәрі-бәрі осында. Ағай селдір шыпта тоқыма қамыстың жол-жол саңылауының арасынан қой қораның ішіне үңілді. Қыздар ештеңеден алаңсыз, үй-үй ойнап жатыр. Сабақты мұғайым естерінен шығарған...
Ағай ұрсып-ұрсып мектепке алып қайтам деп ойлаған-ды. Бірақ өзін-өзі ұстады. Олардың ойындарын қызық көрді.
Қораның қараңғы арғы түкпірінен тәмпіш танауы нәзік делдиіп, фартугы желп-желп етіп Тұрсынай жетіп келді ортаға. Келді де:
– Бибайша апа, балаңыз келін әкеле жатыр, сүйіншімді бер! – деп айқайлады. Мына жақтан қарт анаға ұқсап, кәдімгі асып-сасқан кісіше аяғы-аяғына
шалынысып Бибайша түрегелді отырған орнынан.
– Не дейді!? Рас па, жалғызымның қызығын көретін күнге де жеттім бе?! Сүйіншіңе қалағаныңды ал! Аузыңа май. Ештеңе аямаймын. Жарығымның, жалғызымның тойында...
Сөйткенше болған жоқ, Әйткүл мен Шәрігүл екі жағынан қолтықтап Орынкүлді ортаға әкелді. Орынкүлдің – «келіннің» басына жиегі шашақты гүлді ақ орамал жабылған (сірә, біреуі үйінен алып келсе керек). Беті анық көрінбейді.
– Кәне, кәне, шашу шашыңдар!
Екі қыз қара фартуктарының қалталарынан уыстап-уыстап қойдың қатқан құмалақтарын «келінге» қарай шашып кеп жіберді. Жұрт таласып-тармасып жер сипалап теріп ап жатыр. Олар үшін қойдың құмалағы тура кәмпит, печенье секілді.
– Көзайым бол!
– Шырағым, табалдырықты оң аяғыңмен атта! – Отқа май сал!
Кәдімгідей ырымдар жасалып жатыр. Бибайша кеп еміреніп «келіннің» маңдайынан сүйді. Көзіне қуаныштан жас алды.
– Қой, жылама.
– Шүкіршілік қой... Тек көңілім босап... Аяқ астынан... Балам-ау, ең болмаса алдын ала ескертіп тілгрәм салмадың ба? Жүрегім жарылып кетсе кәйтесің...
– О не дегенің, Биапа, қуаныш атаулы осылай айтпай келе берсін. – Жөн ғой, тек мен сорлы...
– Қой енді. – Әлдекім кимелеп кетті.
– Ау, өстіп тұра береміз бе? Келіннің бетін ашпаймыз ба? – Кәне, бетін ашайық!
Бәрі тез. Бәрі жылдам. Той тым асығыс өтіп жатыр. Сапырылыс. Барлық нәрсе аралас-құралас.
Тамара дереу «келіннің» басындағы орамалдың бергі ұшына ұзын қызыл жыңғыл таяқты жалғады да беташар айтуға кірісті.
– Айт, келін-ау, айт, келін! Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ, келін! Жұмыртқадай ақ, келін!
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Айнала жұрт қошеметті жаудырды: – Ой, пәлі!
– Міне, осылай айту керек! Тамараның одан сайын арқасы қозды.
– Келін, келін, келіпсіз, Иіліп сәлем беріпсіз, Ата-анаңа бір сәлем!
Келін иіліп сәлем қылды. – Қайнағаңа бір сәлем!
– Қайын сіңіліңе бір сәлем!
Тамара «келінге» күйеудің бар туған-туысқандарына арнап-арнап сәлем еттірді. Сосын бетін ашты. Жұрт «келіннің» дидарын көрді. «Келін» қысыла күлімсіреді.
– Ой, өзі иманжүзді екен!
– Айналайын, келген аяғың құтты болсын! Бұдан соң жиналғандар шайға отырды. Бәрінің ауыздарында ағыл-тегіл ақ тілек. Бәрі шетінен ақ жүрек.
– Міне, қолы ұзарды деген осы.
– Егінбай кеше ғана жалаң аяқ шапқылап жүрген бала-тұғын. – Келін тәрбиелі үйден шыққан көрінеді.
Мұның бәрі қыздардың әлдекімдерден үзіп-шалып естіген сөздері, бірақ лүпілдетіп боямасыз таза айтып жатыр. Кішкентай балалардың аузынан шыққан сөз деуге кісі сенбейтіндей.
Біреуінің үйінен әкелген болуы керек, «келін» күйелеш-күйелеш мүрік шүмек қара құманнан шыны сынықтарына ұялып-қысылып, әнтек бірдеңені бүлдіріп алмайын дегендей бетінен оты шығып, «шай» құйып отыр. Әдеппен сызыла қалған. Жұртқа назарын тіктеп салмайды. Қимылынан сылт еткен оғаш қылық білінбейді. Ел «терлеп-тепшіп шай ішіп жатыр». «Кеселерін» – шыны сынықтарын еріндеріне тигізеді. Ауыздары күйетіндей суытып, үрлеп-үрлеп қояды. Әлсін-әлсін маңдайларын сүрткіш-тейді.
Бір уақта келіннің енесі – Бибайша сөйледі.
– Шүкір, баяғыда мұндай күнді көрем деп ойлап па едім. Жалғыз баланы тұмсықтыға шоқыттырмай, тырнақтыға ілдірмей ебіл-дебіл боп жүріп асырап-бақтым. Ит пәшеспен соғысам деп шалым майданнан қайтпады. Қара қағаз алдым... Сонда да Егінжанды оқыттым. Адам қатарына қостым. Әкесі көрмеген қызықты көрсін дедім. Міне, енді ел қатарлы инстөтін бітіріп, келін де түсірді. «Бір бейнеттің бір зейнеті болады» деген. Әйтеуір ұзағынан сүйіндірсін. Қос қарғамның жүрімі ұзақ болсын. Халқыма өкпем жоқ. Ел іші – алтын бесік. Бірақ кісіде арман түге-сілген бе, енді немере сүйсем, екі дүниеде де бақыттымын...
Бибайша орамалының ұшын көзіне апарды...
Қараптан-қарап айдаладан Кәрім ағайдың да көңілі бұзылды. Жанары дымқылданды. Бұл кезде ол төртінші сыныптың қыздарының үй-үй ойнап жатқанын мүлде есінен шығарған еді. Қораға кіріп барып, өзі де құтты болсын айтқысы келді. Қораның ішінде шынымен той болып жатқандай сезінді.