28.12.2022
  130


Автор: Сейітқұл Оспанов

«БАЛЫҚШЫ»

Биылғы жаз бөлекше. Талай жылдан бері қаңсып жатқан Ақсайға су келді. Қос жағасына жан бітті. Күксіп, сабау-сабау бұтақтарының сөлі кетіп, сүмірейіп тұратын жыңғылдар көк мақпал қылқан жапыраққа көмілді. Ақсайдың үстіндегі аспан да көкпеңбек. Сылдырап аққан судың қызығы, қуанышы көп.


Балалар суға түсіп мәз. Малту-жүзуді үйреніп әуре.


Үлкендер де ештеңеден кенде емес. Күнделікті тамақтарына жеңсік ас – балық еті мен балық сорпасы қосылды. Көбісі балық болса, былқыған бағланның етіне қарамайды. Бірақ тоя жеп жүргендері шамалы. Балықты шүпірлетіп ұстайтын ау жоқ. Бар тапқан-таянғандары – қармақ, шанышқы. Бұлардың алымы мардымсыз. Әйтеуір көңілді алдау. Содан болар, балық ұстаған адам керемет. Балық асқан үй – мереке...


Кешкі шайдың үстінде Мырзагүл Шәкірдің үйінен жеген қармасын аузының суы құрып, қайта-қайта айтты.


– Балық болғанда қандай! Ақ май, көк май. Сорпасы бал татиды. Өлгенше жедім. Бой-бой терлеп, құрыс-тұрысым жазы­лып, терім кеңіп қалды. Ержанның, міне, жігіт болғаны. Сол әке­ліпті. Бала ұстаған балық деуге қимайсың. Білектей-білектей екі тыран. Әжетке жарағаны ғой. Ойын қумай, қармақ сап, суға телміріп сарғайып отырғанының өзі неге тұрады...


Мырзагүл Шәкірдің үйінен жеген балығын, ол балықты ұстап әкелген Ержанды мақтап отырып, өзінің кішкентай ұлын – Берікті ренжітіп алғанын білмеді.


Берік бір кесе шайды ықылассыз ішті де, дастарқаннан сырғып, төрге таман барып отырды.


– Шай ішіп болғаның ба? – Иә.


– Неге ішпедің? Анау кесеңнің түбінде бір уыс қант қалды ғой. – Ішпеймін.


Естілер-естілмес бұрқ етті.


Берік түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Апасына қатты өкпеледі. Екі тыран ұстады екен деп, Ержанды сонша жер-көкке сыйғызбай әуелетіп мақтағаны несі? Апасының әлгінде айтқан жылы сөздерінің бірде-бірін Ержанға қимай, қызғаныштан іші қыжылдады.


Ержанды өзімен салыстырды. Қазбалай-қазбалай келе оның бойынан кісі сүйсінер қылық таппады. Ең бастысы – оқу үлгерімі нашар. Биыл төртінші сыныпты кілең «үштікпен» ілдәлдалап бітірді. Спортқа қырсыз. Өткенде бір футбол ойынында өз командасының қақпасына доп соққаны бар емес пе? Масқара! Осынысы үшін балалар оны әлі күнге дейін мазақ қылып жүр. Сірә, апасы мұны білмейтін болар. Сосын не? Айтпақшы, жүгіруден... Ха-ха-ха! Берік мырс-мырс күліп алды. «Желаяқ. Қоян». Әлдекіммен төбелесе қалса, жеңіліп бара жатса, мазақтап қашып, қарасын көрсетпей кететін өнері бар.


Айт-айтпа, әспеттеуге тұрмайды. Бірақ бүгінгі әкелген екі тыраны сол кісі сүйсінбес қылуаларының бәрін әп-сәтте жұрттың жадынан шығарып жібермесе неғылсын. Бір жақсылық мың жамандықты жуып кетеді дейді ғой.


Не істеу керек?


Берік көп ойланды. Өз ойына өзі тұншығып жатқандай, басына тұмшалап алған көрпесін үстінен серпіп ашып тастады.


Үйден апасының қамсыз қорылы естіледі.


Болған іс болды. Шәкірдің үйінен талай адам екі тыранның етін жеп, сорпасын ішті. Терлеп-тепшіп, Ержанды мақтап кетті. Енді Ержанды неге балық ұстап әкелдің деп, ұрып-соғып қорқыту тіпті орынсыз. Әрі қажетсіз. Кеш. Қаңғалап сорлы тырандардың, оның қармағын қапқанын көрмейсің бе қырсыққанда.


Беріктің Ержанда ешқандай өш-қысастығы жоқ. Берік өз көңілімен қараса, одан барлық жағынан да артық секілді. Сабақтан алда. Футболдан ауылдың Тимур Сегізбаевы. Жұдырықтан да ешкімге ақысын жібермейді. Ержан мұның алдында құрдай жорғалайды. Айтқанын екі етпейді. Енді, міне, сөйткен Ержанның таңда туған жұлдыздай бір керемет ісінің жарқ ете қалғаны.


Берік барлық нәрсе Ержанға тіреліп тұрғандай, қатты күрсінді. Ертеңнен бастап жұрттың аузында Ержанның ғана аты жүріп, өзі елеусіз қалатын тәрізді.


Жо-жоқ, олай болуы тиіс емес!


Мұның бір-ақ жолы бар. Азанда ерте тұрып Ақсайға барады. Қармақ салады. Ержан құсап қайдағы бір тыран-сыран емес, тайдай тулаған сары алтын керіскідей сазан алып келеді. Апасы қорада сиыр сауып жатады. Бұл сазанды үлкен көк тегешке су құйып, сонда салып, жерошақтың аузына апарып қояды. Апасы ойында дәнеңе жоқ, қазанға сүт пісірмек болып ошаққа жақындай береді де, тегеште күн сәулесіне шағылысып, көз қарықтырып жатқан сары сазанды көреді. Көктен түсті ме, әлде жерден шықты ма деп таң-тамаша болады. Қайран қалғаны сондай, шелегіндегі сүтін төгіп ала жаздайды. Осы сәт Берік қара пышақты қолына ұстап жалаңдатып: «Апа, сазанды аршиын ба?» – дейді түк білмеген адамша. Апасы ұлын жаңа көргендей: «Балам-ау, сен бе әкелген?» – деп құшақтай алады. Одан ары айналып-толғану... Кешегі Ержанның тыраны мұның жанында жолда қалады, ұмыт болады. «Ойпыр-ай, не деген дәу сазан. Балықты асып, көршілерді шақырайын...» – деп жүгіре жөнеледі. Көршілер келеді. Ал кеп бәрі Берікті жамырап, бір-біріне сөз бермей, мақтай жөнелсін. Ержан олардың естерінен мүлдем шығады. Әрине, Ержан мен тыранның, Берік пен сазанның жөні бөлек қой, арасы жер мен көктей...


Берік ауға түскен балықтай тәтті қиялына сеніп, қол-аяғы еркіне көнбей тыпырлап, қуанып-қуанып кетті. Әлдекімге серт бергендей: «Азанда ерте тұрып Ақсайға барамын!» – деп нық күбірледі.


Бұл үшін енді таң алдында тастай қатып ұйықтап қалмауы керек. Бұл оңай шаруа емес. Тәтті ұйқыны жеңу... Жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді. Ал бұл болса, әлі бармақтай бала. Бірақ намыс ұйқыдан да тәттірек. Осы есінде тұрса, кірпік ілмей, бір таңға шыдау деген не, тәйірі. Солай!


Берік бағана түсте бір мезгіл мызғып алмағанына өкінді. Апасы: «Қарғам-ау, шыжып күннің астында өлемісің, тамға кіріп, демалсайшы», – деген-ді. Құлақ аспады. Күні бойы суға түсті, жалақ ойнады. Шаршап-шалдығып, бет-аузы құм-құм болып, арқасының терісі сыдырылып, үйге кешке бір-ақ қайтты.


Мейлі. Шыдайды. Ертең күндіз-ақ ұйқысын қандырады. Әуелі азанда Ақсайдан балық аулап әкелуі керек. Одан арғысы өз-өзінен жөнге келеді.


Ұйқтап қаламын ба деп қорыққаны бекер екен, әрі-бері жатып еді, тіпті кірпігі ілінбеді. Сірә, ойға алған ісі көңілінен тыныштық қашырса керек. Басы сеп-сергек. Осының өзі үлкен қуаныш. Ісінің оңға басатынының белгісі шығар, бәлкім.


Таң мұндай ұзақ болар ма. Әлде күткен кісіге солай ма? Бұрын қалай байқамаған? Бұрын кешке төсекке құласа, тас боп ұйықтап, азанда бір-ақ оянатын. Ол екі ортада не болып, не қоятынын кім білген. Ұйқтаған адамға ғана таң қысқа екен ғой.


Қармақ қайда осы? Тамда ма, әлде сарайда ма? Берік маза­сызданып кетті. Орнынан еппен тұрып, мөржесі күйелеш-күйелеш, білтесінен жермай иісі мүңкіген сықсима шамның түбінен шырпыны алып, қараша үйдің есігін сықырлатпай ақырын ашып, сыртқа шықты. Ай жоқ, дала тастай қараңғы. Шырпы жағып, сарайдың ішінен жібек баулы жыңғыл сап қармағын іздеп тапты. Бақанда жаюлы тұрған еттен қармақ шаншуға бір кесек ет алды. Сосын қармағын әкеп қараүйдің сыртқы белдеуіне қыстырды. Ойы азанда ұсақ-түйекке бола түртінектеп уақыт өткізбеу.


Сосын төсегіне кеп қайта жатты.


Таң атар емес. Түнімен әлденеше рет мызғып кетіп, әлденеше рет шошып оянды. Соңғы рет көзін ашып алғанда, үйдің іші бозамықтанып қалғанын көрді. Бұдан әрі жатуға болмайды. Күндегісінше керіліп-созылмай, дереу төсектен атып тұрды.


Дала ақсүттеніп, аспан арайланған. Ауа салқындау. Дене түршігеді. Ауыл тып-тыныш.


«Не болды, неге сонша ерте тұрдың?» дегендей, қора жақтан құйрығын оңды-солды бұлғаңдатып Ақтөс келді. Берік оны басынан еркелете сипалады. Әлдене есіне түсіп, үйге қайта кірді. Көрпесін құдды адам жамылып жатқандай томпитып қойды. Әйтпесе апасы қайда жүр деп шарқ ұрып іздеуі мүмкін.


Бұдан соң көп кідірмеді. Енді аялдаса, қазір апасы оянады. Қолына қармағын ұстап, Ақсайды бетке алды. Ізінен жер иіскелеп Ақтөс ерді.


Білетін кісілердің айтуынша, балық түсте «саялап» судың түбінде жатады, жоғары көтерілмейді. Ал азанда өріске шыққан малдай өріп, ойнап, шолпылдап асыр салады. Қармаққа ілінетіні де нағыз сол кез. Қысқы қансонар секілді. Балықсонар.


Берік аяғын жылдам-жылдам басты. Көзді ашып-жұмғанша Ақсайға келді. Көпірдің тұсынан солға қарай жағалады. Көзімен тінткілеп балық ойнап жатқан жерді іздеді. Қайсыбір тұстар кедір-бұдырсыз айнадай жарқырайды. Ондай жерге қармақ салып қажеті жоқ. Бір кезде сонадайдан жаңбыр жауғандай бүлкілдеп, жыбыр-жыбыр ойнап жатқан бір жерді көрді. Екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелді. Сәті түсті деген осы. Келе асығыс-үсігіс қармағын лақтырып кеп жіберді. Бірақ әп дегеннен қармағын балық қаба қоймады. Ентігін басып, тізесін бүкті. Су бетінде қалтылдаған қалтқысынан көз алмады. Батса болды – қапқаны. Міне, міне... Жоқ, қалтқы әлі тұр. Болмады. Енді малдас құрып жайласып отырды. Мынау жыбырлаған су беті алдап соққаны ма? Балық неге қаппайды? Бір мезет қалтқысы суға сүңгіп кеткендей болды. Берік жүрегі лүпілдеп, қармағын серпіп жоғары көтеріп қалды. Жеп-жеңіл, сопаң етіп қармақтың өзі шықты. Ұшына ілген етін жеп кетіпті. Қармақты қайта лақтырды. Балықшыны балықшы ететін төзім, сабыр. Берік дегбір­сізденбеді. Тек бір


балық та қаппай ұятқа қалдырмаса болғаны да.


Әрі отырды, бері отырды. Сол баяғы жыбырлаған су беті. Қалт-құлт еткен қалтқы. Жалығып кетті. Бір кезде көзіне ұйқы тығыла бастады. Тұла бойын әлдебір әлеуетті тәтті күш билеп әкетіп барады... Берік дес бермей басын сілкіп-сілкіп жіберді. Аздап сергігендей болды. Бірақ сәлден соң тағы да маужырады. Өз-өзіне ие болудан қалды... Қанша уақыт өткені белгісіз, кенет қолынан қармақ сабының сырғып түсіп кеткенін сезді. Дереу көзін ашты.... Ашты да... Санын бір соқты. Ақсайдың айдын суының қақ ортасымен қармақ сабының ағысқа қарсы зымырап жүзіп бара жатқанын көрді...





Пікір жазу