КҮРІШ ЖЫРЫ
Әр баланың мінезі әрқалай: бірі – ашық-жарқын, бірі–томаға-тұйық... Басқаны қайдам, Қамбар құдды бір сәт тынып тұрмайтын ағын су секілді,
ішінде зәредей бүкпе сыр жатпайды, көрген-білгенін, естіген әңгімелерінің бәрін үйге келгенде түк қалдырмай ақтарып салады. Қайта-қайта тәптіштеп айтады. Жұрттың құлақ аспасына қоймайды. Сонда ғана барып көңілі бірленеді. Әйтпесе ішкен асы бойына батпайды. Ол осындай.
Әшейінде түймедейді түйедей ғып аузы тынбайтын Қамбар бүгін тіпті бөлекше. Өткенде мектептің 5–6-сынып оқушылары көрші «Ақбел» күріш кеңшарына жұмысқа – масақ теруге барған еді, міне, содан бір жетіден соң, түнде оралды. Қамбардың онда көрген қызығы, алған әсері, айтар әңгімесі ұшан-теңіз. Манас жыры секілді әлденеше күн бойы айтып түгесе алмастай. Ішіне сыяр емес. Бәрін ақтарғысы келеді. Бірақ амал не, түннің бір уағы. Папасы, мамасы, ағасы – бәрі де қалың шырт ұйқыда. Жұлқылап оятуға болмайды.
Қамбар өз-өзінен мазасызданып, төсекте әрі-бері дөңбекшіді... Балалар ел аяғы басылмай, кешкісін күн жарықта жететін еді, қырсық қылғанда, бұларды алып келе жатқан кузовы алқам-салқам, ыңыршағы айналған ескі жүк автомобилі жолай әлсін-әлсін бұзылып, қырылдап-сырылдап, жүргенінен тоқтағаны көп болып, ауылға түн ауа әрең табан іліктірді. Өкініштісі, балалардың жер түбінен – алыстағы күріш кеңшарынан оралғанын жан баласы білген жоқ. Тек беймезгіл жүрген бұлар кім дегендей, ауылға кіре берісте Сахидың дәу көпегі ғана түнгі ауаны басына көтеріп, бір-екі рет әуп-әуп үрді. Содан көздеріне ұйқы тығылып, жолсоқты болып қатты шаршаған балалар машинаның үстінен сылбыр секіріп-секіріп түсіп, көрпе-төсек, рюкзак, қапшықтарын арқалап үйлеріне тарқады.
Қамбар да аяңдап үйіне келді. Келсе, киіз үйдің есігі ашық екен. Іште сықсиып білте шам жанып тұр. Есік сықыр ете қалғаны сол, оң жақ іргеде жатқан мамасы елең етіп, басын әнтек көтеріп алды. Көзін уқалап босағада көлеңке құсап тұрған Қамбарға:
– Бұл кім, әй?! – деді сәл үрейлене. – Мен ғой, мама...
Мамасы даусынан Қамбарды таныды. – Айналайын, Қамбаржанбысың?!
– Иә.
– Қашан келдіңдер? Түн ортасы ғой қазір...
– Жаңа келдік. Жолда машинамыз бұзылып...
– Қалай, аман-саусыңдар ма? Ауырып-сырқаған жоқпысың? – Жоқ.
– Бопты онда. Ау, неғып тұрсың состиып, шешін, кәне, төсек салып берейін, ұйықтай ғой. Қарның аш емес пе?
– Аш емеспін. Ашытпа бар ма, шөлдедім. – Бар, бар, қазір.
Мамасы шкафтың үстіндегі беті ақ кенеппен жабылған көк шелектен сапырып-сапырып бір сапар кесе ашытпа әкеп берді. Сосын қақ төрге төсек салды.
– Ашытпаңды ішіп болған соң, дем ала ғой. Беймезгіл уақ, шаршаған шығарсың.
Қамбар шынында да шаршаған-ды, машинада қалғып-шұлғып отырған. Бірақ, неге екені белгісіз, келгесін, мамасының жүзін көргесін, «айналайынын» естігесін, тұла бойы бір түрлі сергіп, жеңілденіп сала берген тәрізді. Ашытпаны сыздықтатып ішіп отырып, әдетінше әңгімесінің тиегін ағытпақшы болып еді, мамасы:
– Тсс. Қазір жат та ұйықта. Ертең де күн бар. Папаң мен ағаң қора жөндеп, әбден сілелеп ұйықтап жатыр, мазаларын алмайық, әрі түннің бір уағы... – деді күбірлеп.
Амал жоқ, Қамбар ашытпасын тауысып ішті де, төрдегі төсегіне кеп қисайды. Міне, содан әлі жатыр дөңбекшіп. Кірпігі ілінер емес. Күріште көрген қызықтары көп-ақ, бірақ қазір оны тыңдайтын құлақ жоқ. Қамбарға таң атпайтын секілді боп көрінді, түн мұндай ұ-за-ақ болар ма! Ішінен: «Ертең бәрін де түк қалдырмай айтып берем...» – деді. Сөйтті де, ертегі секілді боп өте шыққан күндерді көз алдына және бір елестетті...
Балалар кеңшардың төртінші бөлімшесінде жатты. Күріштік алқап бөлімшеден бір шақырым жерде.
Қыркүйектің аяғы. Күн ертеңгілік сап-салқын. Түске қарай ысиды. Кешке аз-маз желкем тартады. Есқұл ағай балаларды азанда оятады. Балалар кереуеттерінен атып-атып тұрады да, сүлгі, тіс щетка, сабындарын қолдарына ұстап, құдықтың басына қарай жүгіреді, Тез-тез жуынып-шайынып, асханаға барады. Сосын жиналып, жаяулатып күріштік алқапқа бет түзейді. Барғанша ән айтады, бригадир күріштікте бұларды комбайн жүріп өткен теп-тегіс алқапқа әкеп салады, қолдарына бір-бір қапшық береді. Содан балалар еңкейіп, жерге үңіліп, масақ теруге кіріседі. Жарыса тереді. Есқұл ағай жарыс ұйымдастырған. Алғашқы күні Жарас деген бала бәрінен озамын деп, алқаптың басына жарты сағат бұрын жетті де, айқай салды:
– Міне, мен бірінші шықтым! Ой, жалқаулар, сендер әлі артта тырбаңдап жүрсіңдер!
– Қалай озып кетті?
Балалар айран-асыр. Қамбар қанша тырысса да Жарастың қарасына іліге алмады.
Есқұл ағай:
– Әп, бәрекелді! – деді де Жарастың ізімен бес-он қадам жүріп, оған біртүрлі ренжи қарады. – Әй, бері кел, мынауың не, масақ деген төгіліп жатыр ғой. Бұл озғаның емес. Жарыстың шартын түсінбепсің. Біз бәйгеге ат қосып жатқан жоқпыз. Әрі таза, әрі жылдам теруің керек.
Сөйтті де Жарасты жолына қайта әкеп салды. Жарас қайта жүріп, ізінен үш килограмдай масақ жинады.
– Міне, көрдің бе, – деді ағай. – Шалалық жасама. Таза тер. Сөйтіп оз. Не керек, Жарас қатты ұялды. Бұл балалардың бәріне де сабақ болды...
Әндетіп түсте бөлімшеге қайтады. Түскі тамақ қандай тәтті десеңші. Балалар табақтарының түбін көрсетеді. Жұмыс тамақ жегізеді екен. Сосын бір мезгіл ұйықтайды. Ұйқы да сондай тәтті. Түскі демалыс сәті демде өте шығады. Балалар шала ұйқы болып, бір-бір кесе шай ішіп алып, тағы да күріштікке тартады.
Бірде бөлімше меңгерушісі бір машина қарбыз әкеп түсірді. Балалар, әй, бір әбден жеңсіктері басылғанша жеді-ау. Ана жерде де, мына жерде де қарбыздың көк қабығы...
Кешке қарай тіпті көңілді. Футбол ойнайды. Музыка қояды. Өздерінше билейді. Ән салады. Кітап оқиды.
Бір жаманы, түнімен маса ұйықтатпайды. Маса ызыңдап, құжынап жүреді. Балалар көздері ұйқыға кеткенше бықсытып түтіндік салумен болады... Бұлар ұйықтағандарымен, комбайншы ағалар ұйықтамайды. Күріштік алқапта түні бойы комбайндардың самала шамы жарқырайды.
Қырман күріш тауларынан көрінбейді. Балалардың терген масақтары да төбе-төбе...
Әне-міне дегенше өстіп бір жеті өте шықты. Қайтарларында балалар әрқайсысы 13 сомнан жалақы тапты. Бұл олардың өздіктерінен тапқан алғашқы жалақылары еді. Тіпті көп ақша секілді. Балалар ертең ауылға барғасын бұл ақшаға не аламыз деп әбден естері кетті...
Кеңшар директоры мақтау грамотасымен марапаттады. Балалар мұндай қуанбас. Еңбектері еленген деген, міне, осы...
Қамбар осының бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берейін деп, азанда ерте тұрды. Мамасы далада самаурын қойып жүр екен. Қасына жетіп барды да:
– Ой, мама, күріште қандай қызықтар болғанын білесің бе? – деді тамсанып. Мамасы:
– Білемін, – деді. Қамбар кілт кідірді. – Қайдан білесің?
– Сол. Түнде айтып бердің ғой.
– Түнде ұйықтап қалған жоқпын ба? – Иә, ұйықтадың.
– Сонда қалай?
– Солай. Нағыз диқандарша жұмыс істепсіңдер. Жарайсыңдар. – Қызық екен..
– Қайдан білдің дейсің бе? Түнде оянып кетсем, біреу ән шырқап жатыр. Бұл кім деймін. Сенсің. «Жақаевшылар»:
Біз Сырдың Жақаевшы ұл-қыздары, Келеміз күріштен тау тұрғызғалы. Бас иген құдіретіне ұлы еңбектің
Ай мен күн, дала, аспан жұлдыздары...
Міне, осыдан білдім.
Қамбар таңғалып басын шайқай берді...