ЕҢ ТӘТТІ КҮН
– Әділжан! – Ау...
– Тұра ғой енді, тал түс болды, шайыңды іш... – Қазір...
Ояу жатырмын дегендей, Әділ бір бүйірінен екінші бүйіріне аударылып түседі. Атып тұрғысы-ақ келеді, бірақ неге екені белгісіз, әлдекім төсекке арқанмен тас қып байлап тастағандай, көпшіктен басын көтере алмайды. Сәлден соң сонар тәтті ұйқы бірте-бірте апасының әлгіндегі «тұр-тұрын» ұмыттырып жіберді.
Әділ бір уақытта қор ете түскенін білмей қалады.
«Әділжан, шайың суып кетті... Бол енді, дастарқанды жинаймын... Тұр, үйді сыпырайын, әне, Асқаржан мен Берік те (екеуі Әділдің кішкентай тентек інілері) киініп жатыр...»
Әділ бұлардың бірін естіп, бірін естімейді. Шаңырақтан күн түсіп, шекесін қыздырады. Шыбын ызыңдап, бет-аузына ұшып-қонып, мазасын кетіреді. Сыртта ит үріп, трактор гүрілдейді. Дабыра-шу молаяды. Әділ сонда ғана барып амалсыздан орнынан тұрады. Күнде осы. Бірақ бүгін ол әдетінен жаңылды. Ерте оянды. Апасы таң қалды.
– Балам-ау, не болды сонша, жоқ әдетті шығарып құлқын сәріден тұрып? – деді.
– Тәтеме көмектесем... – деді Әділ көзін уқалап. Құдды суға сүңгіп шыққандай, бетінде ұйқының табы жоқ.
Апасы үнсіз жымиды...
Тәтесі (Әділ әкесін тәте дейді) Үмбет бұлағынан жантақ шауып жүрген-ді. Бұлақ ауылдан жеті шақырым жерде. Ерте кетеді, кешке ел аяғы басыла оралады. Кеше қатты шаршап келді. Шаршап-қалжырағаны сондай, шай үстінде көпшікті шынтақтап жатқан күйі мызғып кетті. Апасы Әділге қарап: «Зіркілдеп ойнай бергенше, бір мезгіл тәтеңе көмектеспейсің бе?» – деді. Ызғарсыз, жұмсақ айтты. Бірақ бұл сөз Әділдің сүйегінен өтіп кеткендей болды. Өзін әлденеге кінәлі санады. Ұялды. Екі беті ду-ду қызарды. Ойға қалды. Содан түнімен ұйықтай алмай шықты. Ойлап-ойлап тәтесіне қолғабыс беруге ұйғарым жасады. Бүгін таң алагеуімнен тұрғаны да сол еді.
Апасы Әділді айналып-толғанды. – Міне, ақылы бар бала өстеді...
Сырттан беті-қолын жуып, үйге кіріп келе жатқан тәтесіне: – Әділжан саған көмектеспекші, – деді.
– Қой, ұйықта, өзім-ақ, шамаң келмейді. Әділ өкпеледі.
– Барам.
– Не бітіресің, айырмен бір шөкім шөп көтере алмайсың... – Көтере алам.
– Қой деймін, босқа әуре болма... Осы кезде сөзге апасы араласты.
– Барсын, жаныңда ерқара боп жүреді ғой тым құрыса... Ақыры тәтесі келісті.
– Жарайды.
Екеуі шала-пұла бір-екі кесе шай ішті де, дәу сары есекке мінгесіп, Үмбет бұлағына қарай тартты. Күн әлі көкжиектен жоғары көтеріле қоймаған. Ауа салқын. Желкем. Дала тыныш. Тек торғайлардың шырылы ғана естіледі.
Сұр есек күндегі үйреншікті жалғыз аяқ сүрлеумен тепеңдей жөнелді.
Үмбет бұлағына келгесін екеуі уақытты босқа өткізбей, дереу іске кірісті. Есекті тұсап жіберді.
–Ал, Әділжан, күн қызбай біраз қимылдап қалайық, – деді тәтесі.
Аңғар тұнған қызыл гүлді майсөк жантақ. Көздің жауын алады. Тікенекті шөптің осыншалықты әдемі болатынын кім білген. Айналаның бәрі – сұлу. Аспан тап-таза, мөп-мөлдір, биік. Жал-жал құм төбелер. Тәтесінің кетпенінің жүзінде күн нұры ойнайды. Кетпен жерден жылдам жем шұқып, басын көтеріп алған құс сияқты. Жантақ сыр-сыр құлап жатыр. Әділ айырмен тәтесі шапқан жантақты шөмелелеуге кірісті. Әуелде істің атымын білмеді. Әр түп жантақты бір-бірден іліп-жинап босқа шаршады. Жүгіре-жүгіре аяғы ауырды. Тәтесіне тіпті ілесе алмай қалды. Алыста қалғаны сондай, оның бет-жүзі анық көрінбеді. Дауыстап, айқайласып сөйлесті. Бір кезде ол қасына келіп, қалай жинау керек екенін көрсетті. Сол-ақ екен, Әділдің бойы сәл жеңілдеді. Жантақты сыпыра үйіп, әр жерге сосын барып шөмелеледі. Ара-арасында тәтесі сәл демалып, кетпенді қоя сап, өзі кеп жинады. Әділді ол қинағысы келмеді. Бірақ Әділ құр ерқара болуды қаламады. Шамасы келгенше тырысты. Тәтесінің:
– Қой, шаршап қаласың, – деген сөзіне де құлақ аспады. Ішінен: «Демалуға, ойнауға келген жоқпын ғой», – деп өз-өзін қайрады.
Бірте-бірте әкесінің соңынан еріп отыратын шамаға жетті. Аралары көп болса екі-үш-ақ қадам. Тәтесінің ыңылдап ән салғанын естиді. «Қолда барда алтынның-ей, кәдірі жоқ...» Сірә, беріле, құлшына жұмыс істеген адам, көңілі көтеріліп, ән айтатын болса керек, Әділ де жіңішке шіңгірлек даусымен әлдебір әннің әуеніне басып, мұрнынан ыңылдады. Ән айтып жұмыс істеу жеңіл тәрізді. Жаны жадырап, ән әуені өз-өзінен кеп көмейін бүлкілдетеді. Айтпай көр. Әділге айналаның бәрі ән салып тұрған сияқты болып көрінді.
Күн қыза бастады. Ауада жыбыр-жыбыр мұнар ойнады. Тәтесі:
– Әділжан, демалайық, мына ыссыда енді ештеңе өндіре алмаймыз, – деді. – Сағат қанша болды?
Тәтесі шалбарының қалтасын қарады. – Қап, ұмытып кетіппін ғой...
Сөйтті де кетпенін қоя салып, өз көлеңкесін табандап өлшеді. Бір, екі, үш... Әділ санап тұрды. Он төрт табан.
– Сағат он бір болыпты. Әділ қайран қалды. – Тәте, оны қайдан білдіңіз?
– Көлеңкемді өлшеп білдім... – Сонда қалай?
– Жұмбақ ештемесі жоқ, ертеде ата-бабаларымыз сағат жоқ кезде уақытты осылай да білген...
Міне, қызық!
Әділ айырын соңғы шөмелеге шанышты.
Тәтесі ұзын-ұзын дырау сексеуілдерді сындырып, екеуі сиярлықтай ғып кішкентай күрке жасады. Сосын күркеге кіріп, үйден ала келген ашытпаны ішіп, шөлдерін басып, жарты таба нан жеді. Оны-мұны әңгіме қылды. Сәлден соң өз-өзінен кірпіктері іліне бастады. Шаршағандікі ме, дел-сал, тұла бойлары маужырады. Содан түстен кейін көлеңке ауғасын бір-ақ тұрды. Ашытпадан бір-бір жұтып, тағы да жұмысқа кірісті. Кешке дейін үлкен-үлкен төрт шөмеле жасады. Шөмелелер алыстан қарағанда керегесі, есігі, түңлігі жоқ дөңгеленген қараүйден аумайды. Қасына барсаң, ашқылтым жантақ иісі бұрқырайды.
Әділ мен тәтесі жел ұшырып кетпесін деп, шөмелелердің үстін ауыр-ауыр сексеуілдермен бастырды.
Күн еңкейді. Дала қызыл шапаққа бөленді. Шоқ-шоқ сексеуілдер мен төбе, қырқалардың ұзын-ұзын алып көлеңкелері бір-бірімен айқасып, тұтасып кетті.
Екеуі сұр есекке мінгесіп, азанда келген іздерімен ауылға қайтты. Есектің үстінде Әділ шаршағанын білді, тұла бойы бір түрлі ауыр тартты. Қол-аяғы салдырап қалған. Әлдекім төмпештеп ұрып тастаған секілді. Ауық-ауық көзі жұмылып кете береді, бір рет әнтек есектен аударылып қала жаздады.
Әділді апасы есіктің аузында құрақ ұшып қарсы алды. – Шаршадың ба, құлыным?
– Шаршадым, апа...
Бұл сөзді естіген апасы одан әрі бәйек болды.
– Оңай ма, қаршадай балаға, өзің ғой барам деген. Кәне, жуына ғой. Әй, Асқар, Әділге су құй, беті-қолын жусын! Шай дайын. Қазір тамақ та пісіп қалады.
Әділ жуынып, сәкінің үстіне кеп отырды. Күнде апасы: «Зіркілдеп ойнайсың...» – деп ұрсып, қабақ шытушы еді, қазір оның бірі жоқ. «Бұзауды айдап кел», «Отын жар» демейді. Апасы бұның бала екенін жадынан шығарып алған секілді. Тең сөйлеседі. Әділ өзін бір күннің ішінде есейіп, дәу жігіт болып кеткендей сезінді. Шай дайын. Тамақ әзір. Әне, төсек те салулы. Інілері Асқар мен Берік бірі бұзауды айдап әкеп, бірі су тасып әбігер. Қандай рақат. Жылы сөз. Жылы қабақ.
Әділ күні бойы қалжырап-шаршағанын ұмытты...