КӨНЕБҰЛАҚ
Жандос тамның іргеге жабысқан бір тұтам көлеңкесінде қызыл құмырсқалар мен қара құмырсқаларды «төбелестіріп» отырған-ды. Кенет үйден апасының даусы шықты.
– Жандос! А, Жандос! – Не, апа?!
Жандос қабағын кіржитті: «Тағы бір жаққа жұмсамақ қой. Су әкел. Бұзауды қарап кел...»
– Атаңды көрмедің бе? – Көрген жоқпын!
– Қайда кетті екен, ә? Жаңа ғана үйде отыр еді... Әлде қорада жүрген шығар, шақырып келе қойшы, шай қайнады де. Мезгілімен шайын ішпесе, атаңның басының сақинасы ұстайтынын білесің ғой.
– Жарайды. Қазір.
Жандос құмырсқаларды қоя берді.
Атасының қолы қалт етсе, қорада жүретін әдеті. Түртінектеп баяғы әдетімен қораның кем-кетік ашық-тесік о жер, бұ жерін жөндейді. Ішін тазалайды. Шөп салатын, жем төгетін астау жасайды. Жандос қораға жеткенше әлденеше рет айқайлады.
– Ата, апам шай ішсін деп жатыр!
Бірақ атасы жауап бермеді. Демек, қорада жоқ болғаны. Қораның кісі бойы келетін сықырлауық дәу ағаш есігі сыртынан қара сыммен шандып байлаулы тұр. Жандос құр әуре болып, келген ізімен кері қайтты.
– Атам қорада жоқ! – деді апасына.
– Қап, мына күннің ыстығында қайда жүр екен? Ендеше көршілердің үйіне баршы. Шай суып қалатын болды. Не насыбай іздеп Әли көкеңнің үйіне кеткен шығар.
– Жарайды...
Жандос үш-төрт үйге бас сұқты. Бірде-бірінде атасы жоқ. Қайда? Жандос көшенің қақ ортасында тұрып алып жан-жағына көз жүгіртті де, атасының қарасын көре алмай, ауылдың шетіндегі Әли көкесінің үйіне тартты. Екі танауы желпілдеп, ентігіп жетті. Есіктің аузынан Әли көкесін көрді.
– Көке, мұнда атам келген жоқ па?
– Жоқ. Жаңа бір әзерде анау сай жаққа – Көнебұлаққа қарай кетіп бара жатқанын көзім шалып қалып еді...
– Көнебұлаққа?
– Бұзауларың қайда еді? Соны қарап жүрмесе...
– Ауылдың бар бұзауымен бірге тас моншаның түбінде көлеңкеде жатыр ғой.
– Онда білмедім. – Атам да қызық...
Жандос: «Атам Көнебұлақтан не іздеп жүр, – деп ойлады. – Суы сыздықтап ағады, азанда қойған шелегің кешке дейін әрең толады...» Көнебұлақ ауылдан жарты шақырымдай жерде. Жандос солай қарай құстай ұшты. Құм ып-ыстық. Табанына шоқша тиді. Көзді ашып-жұмғанша жетіп барды. Көнебұлақтың басында еңсесі түсіп, бүкшиіп отырған атасын көрді. Жандос:
– Ата, апам шай ішсін деп жатыр! – деп айқайлады.
Атасы естімеген адамша әлден уақытқа дейін селт етпеді. Жандос әлгі сөзін және қайталады:
– Апам шай ішсін деп жатыр! Атасы сонда ғана басын көтерді.
– Балам, бері кел, сонша неге айқайлайсың, әзірге құлағым сау ғой, шай ешқайда қашпас...
Үні шытынаған әйнектей біртүрлі жарықшақ.
Жандос аң-таң. Бұрын-соңды атасын дәл мұндай күйде көрген емес-ті. Үнемі көңілді, ашық-жарқын жүретін. Ақылын да жүзі күлімдеп отырып айтатын. Реніш дегенді білмейтін-ді. Қазір не болды екен? Таныса да танымай тұрған кісіше атасының бетіне үңіле қарады. Өңі біртүрлі бұлтты, тұнжыр, жылу, шуақ жоқ. Сұп-суық. Маңдайындағы онсыз да шым-шытыр әжімдері одан әрі шиырланып кеткен тәрізді.
– Ата, не болды саған? Бір жерің ауырып отыр ма? – Жоқ. Денім сау. Жаным ауру.
«Жаным ауруы» несі? Бұл не сөз? – Ата, түсінбедім...
– Түсінбесең, міне, қара, алақанымды тосып отырғаныма жарты сағаттай уақыт болды, бір тамшы тамса, кәне, мана ертеңгілік дәтке қуат болып сыздықтап ағып тұрған...
– Шөлдедіңіз бе? Су ішкіңіз келіп пе еді? – Жоқ.
– Едеше бұл бұлақтың суы неге керек? – Бұлақтың жүрегі тоқтапты...
– Бұлақтың жүрегі бола ма?
– Болады. Суының сарқылғаны, көзінің бітелгені – демі таусылғаны, жүрегінің соғысы тоқтағаны.
– Мұның суы сарқылса, анау «Ажар» бұлақ бар емес пе? Сонша несіне қамығасыз?
«Ажар» бұлақ ауылдың екінші шетіндегі – қырдың үстіндегі бұлақ. Инженерлер былтыр күзде қазып берген. Жас бұлақ. Асау бұлақ. Суы сарқырап ағып тұр. Қайсыбір тымық айлы түндері суының сарылы көш жерге естіледі.
– Иә, бар, білем... Бірақ есі дұрыс кісі ағасы өліп жатса, інім бар ғой деп қуануы керек пе?
– Жо-ға...
Тосын сөз, күтпеген сөз. Жандос сасып қалды.
– Ендеше, тыңда, бұл Көнебұлақ та өзінше бір Тіршілік еді ғой. Елі үшін ғұмыр кешкен бір азамат дәл осы бұлақтай-ақ болсын. Жиырма жеті жыл мігірсіз сарқырап ағып тұрды. Елдің, жердің береке-құты болды. Жақсылығын аямады. Зәредей жамандық жасаған жоқ. Алаламай жанды-жансыздың бәріне өмір сыйлады. Жиырма жеті жыл бойы бір тайпа елді аузына қаратып тұрды. – Атасы терең күрсінді. – Қалай қамықпассың. Бар қызығы көз алдымда өтті. Бұрын жұрт малын бағып, киігін аулап, құмның арасында жел айдаған қаңбақтай көшіп-қонып жүретін. Бұл бұлақ солардың басын біріктірді. Үй қылды. Ел қылды. Анау қазір табаны кеберсіп, шыт-шыт жарылып жатқан ойпаң бір кезде шалқыған көл болатын. Беті сыпылдап ұшып-қонған қарақұрым құстан көрінбейтін. Бала атаулы балық құсап, ала жаздай судан шықпайтын. Сонау тегістікке – сайға дейін кемерлеп тұнып шөп өсетін. Жағалай қараша үй тігілетін. Қозы-лақ, бота-құлын асыр салып жүретін. Желі байланатын. Одан арғы жазықтыққа жұрт бақша салатын. Қауын-қарбыз бітік шығатын. Әрбір қауын самаурындай-самаурындай болатын. Соның бәрін қалай ұмытарсың... Суы қандай еді! Балдай еді. Мұп-мұздай. Тұп-тұщы. Таңдайың кеуіп келгенде, бір жұтсаң, мейірің қанады. Басқаны қайдам, өзім әлдебір шаруамен бір жаққа бара қалсам, ауылға қайтқанша, осы бұлақтың суын ішкенше асығатынмын. Өзге жақтың суы біртүрлі жылымшы татып тұрады. Қаланың суын да ішіп көргенмін, бәрібір бұлақтың суына жетпейді. Туған жердің суы... Осы суды ішіп, талай ұрпақ өсіп-өрбіді. Осының өзі неге тұрады, тәйірі. Кісінің жасы келген сайын күш-қайраты кемитіні тәрізді, кейін бірте-бірте бұл бұлақтың суы да азайды. Еш өкпе жоқ. Жиырма жеті жыл дамылсыз, мігірсіз сарқырап ағып тұру оңай ма? Шаршады. Сарқылды. Ешкім дәл бұлай есепсіз, өлшеусіз жақсылық жасай алмайды. Табиғат – жомарт. Өмірі өнеге, артына өшпес із қалдырған деп осы бұлақ секілді кісілерді айтатын шығар...
Міне, бүгін туған топырақтың ең ұлы перзенті дүниеден қайтты. Қалай қабырғаң қайыспайды. Бұл әлдебір бұралқы ит пен қаңғыған мысықтың өлімі емес. Бәріміз де осы Көнебұлақтың үрім-бұтағымыз. Басына көгілдір мәрмәрден құлпытас қойса да артық етпес еді. Елі үшін ғұмыр кешкен бір азамат осы бұлақтай-ақ болсын.
Атасының көзіне жас үйірілді. Жандос та қатты толқыды. – Ата, қойшы...
– Қойдым, құлыным. Тек көңілім бұзылып... Кісі қартайған сайын оны-мұныны ойлағыш келеді екен... Жүр, қайтайық енді.
Ауыр бір жұмыс істеп, әбден шаршап-шалдыққан кісілерше Жандос атасы екеуі бірін-бірі сүйемелдеп, аяқтарын сылбыр алып, үйге ұнжырғалары түсіп келді. Атасы әшиінде шайды екі кеселетіп терлеп-тепшіп ішетін. Бұл жолы таңдайы кеуіп тұрса да, шайға зауқы соқпады. Құлықсыз бір-екі кесе ішті де, іргеге барып теріс қарап жатып алды.
– Ата, бір жерің ауырды ма? – деген келінінің сөзіне: – Күн тиді ме, басым айналып... – дей салды.
Атасының әлгінде Көнебұлақтың басында айтқан сөздері Жандосты көпке дейін толқытты. Бір түрлі ойнағысы келмеді. Ойлана берді. Мұңдана берді... Көңілі тыныштық табар емес...Бір кезде сарайдан бір аппақ фанер тақтай тауып алды да, ұрлана төргі бөлмеге барып, ұзақ ойланып отырып, қара сиямен ақ фанердің бетіне былай деп жазды: «Бұл Көнебұлақ 1960 жылы дүниеге келіп, 1987 жылы 21 шілдеде көзін жұмды. Анасы – жер, әкесі – су. Жиырма жеті жыл бір тайпа елге мігірсіз қызмет етті. Көнебұлаққа ұрпақтары – осынау Ақсуат ауылының бар жұрты дән риза, еш өкпесі жоқ. Көнебұлақ, мәңгілік ел есіндесің. Бақұл бол!»
Жазып болып, көзінің жасын сығып-сығып алды. Ымыртта тақтайды Көнебұлақтың басына апарып қойды.