Айтылмаған аужар
(Досымның түсі)
Жайлау үсті,
Жалқы қос қоңыр біздің,
Қоңыр қоста жайнаған өмір қызғын.
Берекелі ақ дәмі апамыздың,
Қосымыз тар,
Жайлаудай көңіл біздің.
Татулықтың жалауы көршімізбен,
Бөлінбеген ежелден еншіміз кең.
Төрімізді сыйлаймыз жолаушыға,
Кім болса да, бәрібір келсін іздеп.
Қонақ келсе,
Маздатып жүрек отын,
Біздің үйде шағын той, гүл өнетін.
Кешке қарай мені апам қонып кел деп,
Көршіміздің үйіне жіберетін.
Көршіміздің қызы бар...
Қосар әнім,
Сырттай сүйем,
(Баламын, тосам әлі...)
Жеті түнде өтірік ұйқысырап,
Сипайтынмын ақырын қос анарын.
Жанымды өртеп ыстық дем, жалын арай,
Шыдайды екен адамның жаны қалай?
Баяу ғана қолымды сырып тастап,
Аунап түсіп кететін ары қарай.
Жайлаудағы аяқтап өмір қызығын,
Тоғыспады қайтейін көңіл біздің.
Ол бойжетті...
Бір күнде,
Бір-ақ күнде,
Кетті қашып аяғы қоңыр күздің...
Қош енді,
Қош-есен бол,
Қош қарағым,
Осы болды сағынып қосқан әнім.
Қосымызға қонатын қонақ келсе,
Көрші қызды алдымен еске аламын.