28.12.2022
  168


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Жырлағанға жетпей қалар бір өмір....

Жырлағанға жетпей қалар бір өмір,
Аңыз жайлап алған жұртты қонысын.
Перілерге мекен болған бұл өңір,
Біздің елде бақсылар көп сол үшін.
О, перілер,
Перілердің ізгі әні,
Сені қайдам,
Жүрегімді сыздатты.
Ал олардың айдай сұлу қыздары,
Жапыраққа шық жамылып мызғапты.
Мұзарттарға түнеп қайту серуені,
Дәурендепті,
(Қариялар сан айғақ).
Жұмақ түнде жұлдыз кешіп керуені,
Аспанменен дүркіретіп мал айдап.
Екі қауым бірге тірлік кешіпті,
 
Бір-бірінің бақытына бал ашып.
Біздің шалдар талай төбелесіпті,
Тау басында тас үңгірге таласып.
Көкпен жерді жалғауды ұлы ғұрып біліп,
Бұйырыпты баға жетпес нәсіп-құт.
Ұрын барған дүр жігіттер бұлт мініп,
Айбатына аруларын ғашық қып.
Намысты ұлға,
“Көкте қал!” деп қатыны,
Көнбепті оған...
Нағыз ерге бет керек.
Махаббаттың кесірінен ақыры,
Ауа көшіп кеткен дейді өкпелеп.





Пікір жазу