28.12.2022
  101


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Ескі сүрлеу...

Ескі сүрлеу,
Есірік жол кешегі,
Ессіз дәруіш қайтқан мүлде меселі.
Түні бойы пенде сүйгіш перілер,
Неге менің көз алдымнан көшеді.
 
Перілерім – сар сүйегім, бас құдам,
Құрметіңе атап сойып жас құлан,
Бүгін тағы ғашық етіп қызыңды,
Бүгін тағы пейіліме мас қылам.
Тост айтам ерлеріңе дүр есіл,
Пай-пай, шіркін, сұлуларың гүл есім.
Тілегі бал, жүрегі бар көшпендім,
Тура өзімдей ғашық бола білесің.
Бүгін бірге мас жылауға болады,
Сұлуыңмен бас құрауға болады.
Сені қалай риза етсем, япыр-ай,
Сәруәр көңіл сахараның қонағы.
Ескі сүрлеу,
Есірік жол кешегі,
Неге менің көз алдымнан көшеді?
Әттегені...
Алдым қолдан түсіріп,
Боз биенің қанын құйған кесені.
Кешіріңдер, Перілер!





Пікір жазу