Күрілдеме
Мені кешір,
Мен ғой сені кешірем,
Қобыз төрім бақ құзыры бақсының.
Баяны өлмес махаббаттың бесігі ең,
Моласына айналдың-ау нәпсінің.
Сұп-сұлу қып судан бұрым өруші ең,
Қара жылан болып кетті енді ол күн.
Атам берген ақ батадай көруші ем,
Мұңсыздардың қарғысына жем болдың.
Жусан күндер...
Оттың табын сүй енді,
Қарлығаштың мұңы сіңген таусылды ән.
Киік таңдар үркіп атып, кие өлді,
Сәби жылап күрілдеген даусыңнан.
Ғашықтарға тұрақ болған ертеде,
Әй, әй, қайдам,
Жұртым аңқау,
Ескі аңыз.
О, сүюдің арасаны өртеме,
Біздің елде шежіре жоқ...
Өшті абыз...
Сүйкімді өлең сиқыр болып жырланды,
Ұжымақтан алынған деп ауасы.
Сенің суық топырағыңда ұрланды,
Алтын құйрық құлындардың науасы.
Мен ғайыптан келген күні...
Таңғы шық.
Сен ғайыпқа кеткен күні...
Өлген сұс.
Көкірегімде үшкірілмей қалды ұшық,
Адастыру – ояу жүріп көрген түс!
*Күрілдеме – жер аты.