28.12.2022
127
Хан-Тәңір
Ерімес мұз-қары,
Тоңдырмас ызғары.
Аспанда тігілген қосым бар,
Ей, перінің қыздары,
Сендермен кездесем тосыңдар...
Мыңдаған ғасырлық қар төсеп,
Мызғаймын,
Алты қат жамылғы көрпем бұлт.
Кеудемде құрлықтың жүрегі сыздайды,
Сұп-суық жымиып қарайды көркемдік.
Ежелден...
Ызғарлы көркемдік отына өртендік.
Жүзімді аймалап сүйеді таң алғаш,
Ернімнен өбеді кеш бұрын.
Қолымда жарқылдап жай оты – ақ алмас,
Көзімнен саулайды жылымшы ескі мұң.
Хан-Тәңір,
Хан-Тәңір,
Хан-Тәңір...
Аспанға тігілген қосым бар.
Бұл ауыл – жыр ауыл,
Мәрт ауыл,
Перінің қыздары тосыңдар!...