28.12.2022
  103


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Мезгілдің удай шарабын іштік....

Мезгілдің удай шарабын іштік,
Түніне құйып тамыздың.
Тарихтың жалғыз парағын ыстық,
Сұп-суық мұңға ағыздым.
Қуарған терек лебіз білдірді,
Қарт көкірегін көзе ғып.
- Жоғалттым, - деді, - егіз құрбымды,
Үнінде тылсым сөз өліп.
- Жоғалттым, - деді, - аңыздай күнді,
- Жоғалттым, - деді, - бәр-бәрін.
Кейіпке еніп абыздай мұңлы,
Айта алмай тынды аржағын...
Барамыз түге шермені ауырлап,
Біреуіміз жоқ мінезі оң.
 
Қыстығып қатты жерге бауырлап,
Жылады-ай ұзақ ұлы өзен.
Таппаспын білем тұнығымды енді,
Азғалы қашан бөрілер?!
Құстардың неге тілі күрмелді,
Тіріні жоқтап өлілер...
Бокалымды алдым,
Кесімді дүрдей,
Көрейін бе деп соғысып.
Қалыппын сосын есімді білмей,
Қойдым-ау, сірә, көп ішіп!...





Пікір жазу