28.12.2022
  129


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Таңдану

Жанарға мұң,
Көкірегіне шер тұнғыш,
Тоғытатын дарияның толқынын.
Осы өлкеден ақын көрдім мен тұңғыш,
Таңдайында сыңғыры бар шолпының.
Шын адамды танытатын кейпі ұлы,
Өз елі үшін өзегімен қайғырып.
Бақ ішінде жалғыз ғана кей түні,
Отыратын кірпігіне айды іліп.
Көмейінен кептер өлең дүр етіп,
Дауысынан таудың бұлты көшетін.
Мейханада шарап ішсе ол жыр оқып,
Кесесінен қыздың үні есетін.
Ұнататын ұлылардың кеңесін,
Сосын өзі тың хикая бастайтын.
Мағынасыз пенделердің егесін,
Түкірікпен тұншықтырып тастайтын.
Ессіздерге ұқтыра алмай ақылын,
Көзбен емес,
Жүрекпенен жылайтын.
Атасының атын айтып ақырын,
Ана тілін құшақтап ап құлайтын...
Шын адамды танытатын кейпі ұлы,
Өз елі үшін өзегімен қайғырып.
Бақ ішінде жалғыз ғана кей түні,
Отыратын кірпігіне айды іліп.
Ақын көрдім мен тұңғыш!





Пікір жазу