28.12.2022
148
Сұп-суық дала тоңдырды тағы....
Сұп-суық дала тоңдырды тағы,
Үйі құрғыр да үрейлі.
Жындардың қалың болдым ба іңкәрі,
Елестер бірге түнейді.
Тағы да шарап ішті үнсіз деме,
Тілдеспей қойсам сол жаман.
Қара көйлекті ұсқынсыз неме,
Ағып түседі моржадан.
Тездегенімен жүрек қағысым,
Тағдырға мынау көнеді.
Терезе жақтан гүл, от, қар ұшып,
Анау да маған төнеді.
Тынысым кеміп...
Шырмады, буды,
Бар аймалаған өнері.
Саусағы майда,
Тырнағы улы,
Көзі жоқ, бірақ көреді.
Сөйлейді тілсіз...
(Жел күбірледі...)
Сүйеді ұзақ ерінсіз.
Қызғанса екен деп сен бүгін мені,
Қуанып жатам көңілсіз!...