28.12.2022
93
Сал көңілдің от дәмесін мұз қарып...
Сал көңілдің от дәмесін мұз қарып,
Күдік торлап қиялымды қым-қуыт.
Қиналады қылығыңды қызғанып,
Ғазал жүрек тәтті мұңға тым жуық.
Өлең жазу ақынға бақ, гүл үшін,
Өлгенім ғой бұл сезімді өшірсем.
Ең әдемі арулардың бірісің,
Сәл жеңілдеу мінезіңді кешірсем.
Көзіңдегі құдіреттің күй-әнін,
Ақымағым бір тыңдатсаң жетеді.
Өзің жайлы әр кештегі қиялым,
Сәл мызғасам құсқа айналып кетеді.
Сәтке адассам жұлдыз тұнған жанардан,
Үзілердей халде жүрмін бар демім.
Кірпігіңді жүрегіме қадалған,
Суыруға жетпей қалды дәрменім!...