28.12.2022
  93


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Сәл дірілі талықсытар ернінің....

Сәл дірілі талықсытар ернінің,
Өлтіреді-ау елік бейнең өжетім.
Тыңдай-тыңдай Төлегеннің ерлігін,
Өзімді өртеп бара жатыр өз отым.
Балғын жүзің,
Түн бұрымың,
Бал тәнің,
Дегізердей басқа өмірдің қой бәрін.
Елетпестей еркелігің хан тағын,
Таң атқанша таңдай қағып тоймадым.
Батырларға мінгізетін тұлпарын,
Түсіне еніп,
Әулиеге жорытқан.
Сен шығарсың бала күнгі іңкәрім,
Ертектердің парағынан жолыққан.
Күлкісіндей күнге ғашық балбалдың,
Тұра алмаспын құдіретіңе күйместен.
Сыйы болар бақыты бар жандардың,
Ертектегі егейлердей күй кешкен.
Тағдырына ібілістер тіптен өш,
Пайғамбарлық сұлу ғұмыр ең жетім.
Кешір, қалқа, енді маған түк те емес,
Мәңгілікке жаулап алу жер бетін!





Пікір жазу