Адам құны
Асылдарын әспеттеп жиған жұрт бар,
Өзін сыйлап, бөтенге тіленбейді.
Кетпесін деп сыртқа ырыс ирандықтар
Тотықұсын кеденнен жібермейді.
Айналдырып бәзбір ел баққа даңқын,
Құрметпенен қараған асыл текке.
Түрікмендер берсең де қап-қап алтын,
Шығармайды иті мен атын шетке.
Ал, кей жұрттар көңілді етер күпті,
Ойлайтын көп елді емес, жеке басты.
Бақыт іздеп қойнынан бөтен жұрттың,
Қанша сұлу тентіреп шетел асты.
Озған бүгін асылын қолдағандар,
Ізгілерін етіп жүр жұрт та мақтан.
Тек обалдан қорықпайтын оңбағандар
Сәбилерін жылатып сыртқа сатқан.
Ұл елінің аңсаумен таңын мүлде,
Жәудірейді мұхиттың ар жағында.
Сатылған қыз, жабырқап жүр ме жаның,
Туған жерге оралу арманың ба?
«Сатылған» деп айтпалық атын жаман,
Қайтіп олар өз жерін тастап еді?
Бүлдіршіндер ешкімге сатылмаған,
Расында, оларды сатқан елі.
Татты ащыны, сәбилер тәтті-тәтті,
Еш болмаса еленгей титтей, мұңы.
Қайтем енді, жаныма қатты батты,
Болмағаны адамның иттей құны.