Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді
Марқұм ағам Әлжан Сабырұлы бала кезімде маған дәрігер болу жөнінде әзіл-шыны аралас кеңес беріп еді.
«Жастайыңнан шырағын жақтың ба арман?
Мұратсызға – дейді ағам – бақ тұрмаған.
Мамандықтың төресі – дәрігерлік,
Тіпті Чехов жазушы доқтыр болған.
Қадам басқан өмірге ең алғашқы
Баулу керек кәсіпке зерек жасты.
Көргені көп суреткер болар, інім,
Көргені жоқ өмірден не жазбақшы?
Іздемпазға қонады ой мерейлі,
Зергер ділге түйгенін бейнелейді.
Доқтыр болып бірдеңе түртіп жүрсең,
Мұныңа ешкім, шырағым, қой демейді.
Жаннан гөрі сезімін жырлайтын тек
Дәрігерге жасар жұрт тынбай құрмет. -
Сосын әзіл тастайды, - Доқтыр болсаң,
Қыз-келіншек кеудесін тыңдайсың», - деп.
Мал сой десе, сөзді айтып өлердегі,
Деп жалтарам: «Епті інім менен гөрі».
Қой союдан тайсақтар бұл баланың
Адам сою қолынан келер ме еді?
Бір кезгі ағам сөзінен сыр бағам да,
Өзге көзбен қараймын бұл ғаламға.
Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді,
Жүректерін қыздардың тыңдағанда.