Эссе. «Мен — қазіргі заман педагогімін»
Гумарова Дина Қатесқызы
«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, шебер қолдана білу – жетістік» дегендей, ұстаз- оқушысын оқыта жүріп, өзі де өмір бойы оқитын жан. Мұғалім ізденісін тоқтатқан кезде оның мұғалімдік қызметі де тоқтайды деп есептеймін. Яғни, сонау көне ғасырларда айтылған латындардың «Үйрете жүріп үйренемін» деген қағидасы осы мамандықтың тізгінін ұстаған әрбір тұлғаның ұранына айналуы тиіс. Елбасымыздың ұстаздар қауымына қарата айтқан «Қазақстанның болашағы- жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деген пікіріне құлақ түрер болсақ, мойнымызға жүктелген жауапкершіліктің салмағы қаншалықты екенін сеземіз. Біздің алдымызда – ХХІ ғасыр ұрпағы. Ал сол ұрпаққа лайықты заманауи білім беру мұғалімнен жаңашылдықты, біліктілікті, жан-жақтылықты талап етеді. Яғни, бүгінгі мұғалім Америкалық педагог-ғалым Джон Дьюише айтар болсақ, «бүгінгі білім жүйесінде үлкен өзгерістер басталуда. Ол маңызы жағынан Н.Коперниктің жаңалығына (Күн астрономиялық орталық, басқа планеталар оның айналасына шоғырланады, оны айнала қозғалады) тең болып отыр, яғни, баланың тұлғасы орталыққа айналып, барлық педагогикалық әрекеттер оның айналасына шоғырландыра жүргізіледі.» Иә, қазіргі жаһандану ғасырында болып жатқан қарқынды өзгерістер білім жүйесін де қайта қарау керектігін паш етті. Ал осы жолда мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға- мұғалімге артылар жүк те салмақты. Үшінші деңгей бағдарламасының сертификатын иелене отырып, өзге әріптестерім секілді менің де алдымда «Мұғалім оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген маңызды мәселе тұрды.
- Ал осы мәселені шешуде мен қандай қадамдар жасадым?
- Менің педагогтік өсімімде рефлексиялық үрдіс қалай өзгерді?
- Мен мұғалім-көшбасшы мәртебесін қалай атқарудамын?
«Біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, жас ұрпақты оқыту мен еліміздің болашағының тұтқасы етіп тәрбиелеу- әрбір мектептің, әрбір мұғалімнің міндеті. Әдебиетші мұғалім ретінде менің алдыма қойған ең басты мақсатым- алдымдағы оқушыларымның ұтқыр ой ойлап, ол ойын бай тілмен жеткізе білуі. Мектебімнің оқушылары бір жағынан қала балалары болғандықтан да шығар, бір жағынан кітаптың орнын ұялы телефон алмастырған уақыттан да шығар, көпшілігінің сөздік қоры аз, тіл байлығы жұтаң боп келеді. Тіпті кейбірінің тіл байлығы бола тұра өз ойын еркін жеткізуде қысылып-қымтырылу байқалады. Қай мектептің болмасын рейтінгісі оқушыларының білім сапасымен анықталады. ал жоғары білім сапасына апарар жол- баланың оқуға деген қызығушылығы мен құштарлығында. Ал осы оқушыларымның құштарлығын оятып, сөйлеу тілін қайтсем дамытамын деп ойландым. Бұл сауалыма жауапты оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерінің ішінен таптым. Мерсер мен Литлтонның «негізі білім диалог арқылы беріледі, ол оқушылардың білім деңгейінің өсіне әсер етеді» деп пайымдаған диалогтік оқыту амалдарын сабақтарымда орынды пайдалану оң нәтижесін берді. Өйткені сабақ үстінде сұрақты оқушылардың білім алу қажеттіліктеріне сәйкестендіріп, яғни, қарапайымнан күрделіге, түрткі болу, сынақтан өткізу, басқаға бағыттау арқылы шебер қиюластырып бере отырып, алдымдағы балаларды ойлантуға түрткі болдым. сын тұрғысынан ойлануға мүмкіндік беретін проблемалық сұрақтар арқылы оқушыларды диалогке тарту- ең маңызды әдісіме айналды. Бұл әдісім үнемі қайталанған әрекетке айналғандықтан, оқушыларым да ашыла бастады. Бұл менің сұрақ қою дағдыларымның өзгеруі болды. Яғни, бұрынғы «бастама-жауап-кейінгі әрекет» түріндегі стильден арылдым. Диалогтік оқыту әдісін қолдана отырып, адами қасиеттерді басқа адамды түсіну арқылы бойға сіңіру үшін қажетті жағдай жасауды негізгі қағида ретінде ұстанатын болдым. Өйткені мен- көкейінде үнемі талапқа сай оқыту тұратын мұғалім-көшбасшымын.
Оқыту мен оқуға негізделген ең басты өзгерісім- сабақ жоспарларымның Блум таксономиясының ойлау деңгейлеріне сай құрылуы. Сабақтарымды 7 модульдің тиімді жақтарын ықпалдастыра отырып жоспарлаймын. Бұрын оқушыларымыз дайын білімді алушы болса, енді өзгеріс енгізілген сабақтарда өз бетінше білім алып, ізденіс жұмыстарын жүргізіп, сыни тұрғыдан ойланып, өзіндік мені қалыптаса бастады. Оқушыларым менің әдебиет сабағымды көбірек ұнататындықтарын айтады. Бұған қарап өзімнің осы сабақта шығармашылық жұмыстарды түрлендіріп, сын тұрғысынан ойлаудың стратегияларын оқушылардың қажеттіліктерін өтеуде тиімді қолдануымның себебі де бар шығар, әрі өзім де әдебиет сабағын, шығармашылықпен жұмыстанғанды ұнататындығымнан да болар деп зерделеймін. Әдебиет сабақтарында кейіпкердің сан түрлі қырларын ашуда, автор идеясын тануда СТО стратегиялары өте тиімді. Тіпті оқушыларымның әрқайсысының жақсы көретін әдістері бар. «Апай, бүгін кейіпкер мінберіне мен отырайыншы», «Ыстық орындыққа отырайықшы», «Апай, бүгін серпілген сауалды ойнайықшы», т.б. деп, өз өтініш-тілектерін білдіріп жатады. Сабақтарымда осындай жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы шәкірттерімнің жүрегіне жол тауып, мен енді бұрынғы «дайын білімді беруші» рөлінен «мұғалім-бағыттаушы», яғни, «оқу тәжірибесін жетілдіру жұмысының көшбасшысы» рөліне ауыстым.
«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген атам қазақтың аталы сөзі бірлескен жұмыстың мәнін аша түспей ме? сабақтарымда топтық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы әр оқушыма өз қабілеттері мен ерекшеліктерін ашуға жағдай жасадым. Оқушыларым топтық жұмыстарға әбден төселді десем де болады. Топ басшылары өз тобын басқалардан қалып қоймас үшін алға сүйреуі, орташа үлгерімді балаларға көмек қолын созуы, топ мүшелерінің бір-бірімен жеке қарым-қатынас орнатуы- осының нәтижесі. 7 а сыныбындағы Қ.және Д. есімді оқушыларым Выготскийдің ЖАДА-сы арқылы әдебиет сабағынан төрттік бағаға көтерілді. Оқушыларымды топтық жұмысқа белсендіруді кеңес, ұсыныс, сұраныс арқылы жасайтын болдым. Мұндай бірлескен жұмыстар арқылы сенімсіздіктен арылып, бір-біріне деген құрметі, өзара еркіндік қалыптаса бастады. Шәкірттерімнің топтағы белсенділіктеріне, өзара пікір таластыруда, идеялар алмасудағы тамаша ойларын тыңдап, риза боламын. Менің тарапымнан жиі айтылатын алғыс, қолпаштау сөздер де оларды қанаттандырады. Өйткені мен шәкірттеріне оқу еркіндігін беретін мұғалім-көшбасшымын.
«Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, осыны өздері де қалайды, басқаларға жетістікке жетуге көмектеседі, өзі де сол жетістікке жетуді қалайды» деп ұлы Конфуций айтқандай, мен де өз әріптестерім мен айналамдағы жандарға әсер ету үшін көшбасшылық қасиетімді көрсетіп жүрген мұғалім-көшбасшымын. Ата-аналарымды, әріптестерімді коучингтер арқылы оқыта жүріп өзім де оқимын. Себебі коуч болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Коуч болу бір жағынан қызықты да. Өйткені ересектерді оқыта жүріп, қызықты сәттерге тап боласың. Өзіңнің үйренген жаңалығыңды өзгелермен бөлісіп, олардың алған білімдерін бір кәдесіне жаратуына септігім тигеніне қуанамын.
Тәлімгерлік үдерісін жүзеге асыру арқылы да мен өзімді басты ұстаным қарым-қатынас деп есптеген, түзету емес, даму қағидасын көздеген мұғалім-көшбасшы ретінде сезіндім.
Деңгейлік бағдарламамен байланысты көп тарай бастаған Lesson study тәсілінің де мектебім үшін берері мол болды. Осы зерттеу сабақтарында фокус топ мүшелерінің бірі бола жүріп түйгенім: біз бәріміз бірге сабақ жоспарлап, оны бақылап, ары қарай өз тәжірибемізді жақсарту мүддесін көздейтініміз. «Әрбір келесі сабақ алдыңғы сабақтан жақсы болуы керек» деген ұран ұстанамыз. Бұл орайда оқушылармен сұхбаттасып, пікірін ескереміз. Ескі дәстүрдегідей мұғалім кемшілігін термейміз, ешқандай сынға жол бермей, кемшіліктер мен олқылықтарды талдау, бағалау арқылы шешеміз. Өйткені біз- оптимизмге ынталандыруды көздеген мұғалім-көшбасшымыз.
Уақыт көшінен қалмай, заман сұранысына қарай икемделіп, осындай игілікті істерді адамгершілікпен атқарып келемін. Өйткені мен- мұғалім-көшбасшымын. Елімізде қандай да бір игі істер атқарылар болса, соның ең басында мұғалімдер қауымы тұрады. Мұғалімге қандай жұмыс тапсырылса да, «қолымнан келмейді немесе мұны маған үйрет» деп тұрмайды, өзі үйреніп, оны асқан жауапкершілікпен, тыңғылықты етіп орындайды, ол уақытпен санаспайды. Мұғалім-көшбасшыға жеті өнер де аздық етеді, ол-жан-жақты. ХХІ ғасыр мұғалімі болудың да шарты осы шығар, сірә? Иә, мен де — осындай мұғалімдер қауымынанмын! Мен- ХХІ ғасыр көшбасшысымын!
Сөзімнің соңын өлеңмен өрілген ойыммен өрнектесем деймін:
Уақыт тоқтамайды, жаңаруда,
Ой жаңа, ұмтылады санамыз да.
Сындарлы оқытуды меңгердік қой,
Өткеннің шеңберінде қаламыз ба?!
Ежелгі «дәстүрінен» арылғандар,
Іздегені «кембриджден» табылғандар.
Көбейсін деп тілейік қатарлары
Табысты оқытумен танылғандар!