Туындылар ✍️
Жетім көрсең жебей жүр
Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты дана сөзді халқымыз бойына ертеден сіңіріп келген. Қазақ ерте заманнан-ақ жетімі мен жесірін жолға тастамаған, өзегінен теппеген, жылатпаған халық. Олардың көз жасына қалу, несібесі мен хақысына қол сұғу-біздің тәрбиеміз бен болмысымызға жат дүние. Тарихымызға үңіліп қарасақ тірі жетім болмаған. Ал қазіргі кезде керісінше, тірі жетімдердің қарасы күннен-күнге көбейіп барады.
Ата-анасы жер басып, тірі жүрсе де бала бағуға жағдайымыз келмейді. Басқасы-басқа, тағысын-тағы сылтау қылып айтқаннан жан салмайды. Бауыр еті баласын тірі жетім атандырған безбүйрек ана, қатыгез, тасжүрек әкелердің бар екені қоғамның өзегін өртеуде. Бұл-жағдай бүгініміз бен ертеңіміздің ортақ қасіреті.
«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ.
Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын бүгінгі таңда көп аударту қажет.
Халық арасында кеңінен айтылып жүрген асыл сөздердің бірі «жетімді қуантсаң жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» деген.
Қоғамға осы асыл сөздерді жадыңда сақтатып, мемлекетте өмір сүретін әрбір адам заң жаттағандай біліп жүріп, жетім-жесір көрсе жебей жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Талғат Анель