Американдық белгілі саясаттанушы-журналист Марвин Калбтың «Тек ақымақ көшбасшы ғана телевизиялық жаңалықтардың күшін жете бағаламайды» деген сөзі бар. Қазір БАҚ, байланыс және технология институттары әлемдік саяси аренада маңызды рөл атқарып отыр, сондықтан бұл тұжырым аса өзекті болып көрінеді.
Экономикалық дағдарыстар, халықаралық қақтығыстар мен ақпараттық соғыс өршіп тұрған кезде білікті журналистер мен кәсіби дипломаттар бәсекелес субъектілер арасындағы байланыс пен келіссөздің кепіліне айналатынын байқадық. Ал егер журналистердің өзі дипломат болса, онда олардың білімі мен тәжірибесі кей елшілер мен консулдардан да асып түсуі мүмкін. Қазақтың белді дипломат-журналистері Ержан Уәйіс, Серікқали Байменше, Алтынбек Сәрсенбаев, Бекжан Әліқұловтардың еңбек жолы соған дәлел. Шетелдердегі саяси оқиғалар мен жанжал оты тұтанған ошақтар әлемге Карл Роуэн, Тед Коппел, Ричард Валериани, Бернард Гверцман, Георгий Зубков, Александр Бовин, Рехам Аль-Фарра, Кристиан Аманпур сынды БАҚ қызметкерлерінің атын әйгілі етті. Ал бүгінде журналистік дипломатия халықаралық қатынастардың маңызды бөлігіне айналғаны сондай, қоғамдағы түсініктер мен көзқарастар әлемде болып жатқан жағдайларды жылдам талдайтын журналистердің қызметіне тікелей байланысты болып тұр. Халықаралық журналистер әрі тілші, әрі саясаттанушы, әрі тарихшы болу үшін экономикалық, геосаяси, әлеуметтік тақырыптар бойынша үздіксіз ізденіс үстінде жүреді. Оларға тыңдай отырып ести алу, жаза отырып ойлана алу, жазғанын түсіну және өз материалын жариялаудың саяси салдарын болжай білу қасиеттері қажет, себебі ақпараттың ұсынылу тәсіліне қарай қоғамдық пікір қалыптасады.
БАҚ қоғамдық пікірді ғана емес, сонымен қатар елдердің сыртқы саясатын да қалыптастырынын Югославияның ыдырауына қатысты тараған ақпараттардың әсеріне қарап-ақ болжауға болатындай. Сол уақытта халықаралық журналистер Сербияны «жаман ел» сипатында танытып, оған қарсы әртүрлі санкциялар қолдану керектігін жарыса жазды. Тіпті, Югославияның ыдырауына жауапты басқа елдер ескерусіз қалып, қандай да бір әрекеттер тек Сербия тарапынан жасалып жатқан секілді болды. Барлық БАҚ дипломатиялық ұстанымдарды ту еткен болса, жаңалықтар мазмұны мұндай біржақты болмас еді.
Тағы бір мысал келтірейік. Қоғамдық пікір қалыптастыру мүмкіндігі, әсіресе, Ирактағы бірінші Парсы шығанағы соғысы кезінде (1991) аса маңызды болған. Қақтығыс барысын назардан тыс қалдырмаған CNN журналистері Бағдадтағы «Рашид» қонақүйінен тікелей трансляция жүргізді. Мұндай эксклюзивті басқа ешбір желі жасай алмайды. CNN эфирге жіберген репортаж монтажсыз ұсынылғандықтан болуы керек, өте әсерлі шықты. Бұл сөз бостандығы, БАҚ-тың ашықтығы пен тәуелсіздігі сияқты мәселелерде тиімді тәжірибе болғанымен, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ушығуына әкелді. Халықаралық қатынастардағы осындай жаңа құбылыс «CNN эффектісі» деп аталды. Тәулік бойы жаңалық жаршысы болып тұратын жаһандық телевизиялық желі дипломаттардың іс-әрекетіне әсерін тигізді. «CNN эффектісі» теориясына сүйенсек, БАҚ әлеуметке ой салу арқылы жұмыс істеп, дипломатиялық жоспарлардың жасалуына мұрындық болады. Кейінірек осыған ұқсас «Al Jazeera эффектісі» деген де термин шыққан еді. Ол тек телевизиялық хабар емес, аталған арна жиі қолданатын жаңа медиа мен әлеуметтік желілердің аудиторияға ықпалын білдіреді.
Біздің ойымызша, басқа да кез келген қоғамдық дипломатиялық жобалар сияқты, БАҚ-пен өзара әрекеттесу стратегиясы әрбір нақты аймақтың қажеттіліктеріне негізделіп ойластырылуы керек. Ендеше осы саладағы тенденцияларды белгілеген АҚШ-тың қоғамдық дипломатиясы тәжірибесіне мән берелік.
Американдық дипломат-журналистердің басым бөлігі қызмет күшін Таяу Шығыс елдеріне бағыттайды. Бұл – 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиғадан кейін АҚШ-тың сыртқы саясат сарапшылары терроризмге қарсы тұру мүмкіндіктерін талқылағанда туған идея. Яғни журналистер Таяу Шығыс елдеріне американдық өмір салтын және оның құндылықтарын насихаттайды. Қоғамдық дипломатия стратегиясына қаржылық және мазмұндық жағынан жауапты АҚШ Мемлекеттік департаменті сол аймақта таратылатын бірнеше басылымды қолдайды. Негізінен бұл – ғылыми немесе лайфстайл материалдар жариялайтын басылымдар. Солардың бірі – араб тіліндегі HI журналы. Оның жұмысын 2002 жылдың шілдесінде АҚШ Мемлекеттік департаменті іске қосқан. Журнал араб әйелдерін қызықтыратын материалдардан: жұлдыздар туралы жаңалықтардан, әлеуметтік мәселелерден, әдемі фотосуреттерден тұрады. Бұл журналдың мақсаты: АҚШ қоғамының өмір салтын және «сары» жаңалықтардың астарында жасырынған американдық идеологияны жарнамалау, соған қызықтыру. Сарапшылардың пікірінше, мұндай басылымдар өз міндетін сәтті атқарып жатыр. Сол сияқты ғылыми журналдар да Американың медицина, астрономия, инженерия салалары жөнінен әлденеше ілгері екенін көрсетуді көздейді. Зерттеушілердің пікірінше, Египет, Кувейт, Пәкістан мен Иран халқының 40-50%-ы АҚШ-тың ғылыми тұрғыдан артықшылығын біледі.
Тоқетерін айтсақ, біздің елдің де осылайша беделін арттыратын негізгі құрал шетелдік аудиторияға бағытталған белсенді ақпараттық науқан болуы тиіс. Ол халықаралық деңгейде жұмыс істейтін дипломат-журналистермен тығыз байланыс орнату, Қазақстаннан шығатын ақпарат ағынының сапасын арттыру, объективтілік шарттарын сақтай отырып, түрлі саладағы жетістіктерді жария ету сияқты алғышарттардан тұрады. Туризм, мәдениет, спорт, ғылым салаларындағы тың бастамаларды, айтулы оқиғаларды әлем жұртшылығының назарына жиі ұсынар болсақ, ел имиджіне де оң әсер ететіне сеніміміз мол. Өркениеттің ізімен еріп, даму жолында өзге елдермен тереземізді тең етуге мүдделі екенімізді дипломатиялық тұрғыда жеткізу – Жаңа Қазақстан журналистерінің жаңа миссиясы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Журналистика» факультетінің 4-курс студенттері
А.Феримхан, А.Аянқызы
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова