БЕТАШАР
Қазақ халқының ертедегі дəстүрлерінің бірі – үйге келін түскенде, ақын, жырау немесе əнші оның бетін ашып, келген жеріндегі ағайын-туыс, ата-енемен таныстыруы. Бұрынғы кезде жас келін жалаңбас, бетін жарқыратып ашып келмейтін болған. Бетін шарқатпен жапқан келінді екі жағынан екі жас абысыны қолтығынан сүйеп, бетін ашқан адам «Қайын атаңа бір сəлем!» немесе «Қайын енеңе бір сəлем!» деген сайын, екі абысынының сүйемелеуімен еңкейіп сəлем ететін болған. Осылайша, келін келген ауылдың үлкендері мен кішілеріне сəлем етіп болғаннан кейін, ең соңында ғана бетіндегі шарқатты алады. Мысалы:
Ақ келін-ау, ақ келін,
Атың басын тарт, келін.
Жақсы болса ақ келін,
ауылыма бақ келін.
Анау тұрған қайнағаң,
Қайнағаң да – сайлы адам.
Сыйлап жүрсең үлкенді,
аялайды айналаң.
Қайнағаға бір сəлем!