02.12.2022
  262


Автор: Амантай Әбдіқанұлы

Ерте көктем суреті


Қыс аяғын доғарды да созғанды,
(ақ көрпесі аламыштап тозған-ды)
Көк қылтиып, көсіле жер бусанып,
Сезім біткен сеңдей болып қозғалды.

Қар көбесін бусана бір сөгіп қыр,
Күн жадырап, күміс шуақ төгіп тұр.
Жарқыраған қаймақты көл бойына
Хабаршы құс — Қараторғай келіп тұр.

Мезгіл кейде мейірленген мамырдай,
Бүлкілдейді жылу өткен тамыр жай.
Таңда мүйіз, түсте киіз, күн райы
Бірде қатқақ, бірде батпақ қамырдай.

Күнгей жылы, теріскейлер ызғарлы,
Қалқытады өзен кесек мұздарды.
Жалтыр бас жал — Тақыр бас шал секілді,
Құрт сорғандай сорып жатыр мұз-қарды.

Аяқ бассаң қарсылдайды қабыршық,
Қабыршықтың шыға ма әлде жаны ыршып?
Мұздан суға, судан буға айналып,
Жағалауда жанталасып жатыр шық.


 





Пікір жазу