***
Өмір маған ұнайды соңғы кезде,
Соңғы кезде жібіді тоң мінез де.
Сені ғана ойлаймын бұл күндері,
Керегі жоқ секілді жанның өзге.
Жо-жоқ...керек; дос, бауыр, ана керек,
Және сенің орының алар ерек!
Бұл алғашқы өлеңім өзің жайлы,
Өзім жайлы бұл да бір жаңа дерек.
Шақырғаның есімде алғаш биге,
Билеп едік сезімге сәл мас күйде.
Алматыда көрінген Тау сенбісің?
Айналып кеттім бүгін мен Каспийге.
Ұнайды зор талғаммен киінгенің,
Керек болса, айнаның күйіндемін.
Керек болса, іштегі мұң боламын,
Мінезім бар осындай қиын менің!
Сүйгені үшін соғылған тасқа басы,
Ғашық жанның емес қой пәс бағасы.
Жүрек деген сөз шығар ең әсерлі,
Жүрек деген - сезімнің астанасы.
Сендік құрмет бағамды биік еткен,
Көңілімде жиі жаз, жиі көктем.
Өмірің ұзарады, білесің бе,
Осы өлеңнің авторын сүйіп өтсең...