Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізген сәбиді бесікке кез келген әйел салмайды. Бұл қызметті бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, үбірлішүбірлі бәйбіше орындайды. Баланы бесікке саларда таза темірді немесе сол үйдегі қысқашты, темір көсеуді отқа қыздырып, бесіктің арқалығынан бірнеше жерді қариды. Бұл—жын-шайтан өлсін, балаға пәле-жала жабыспасын дегені. Сонан соң әйелдердің біреуі: «Бала қырандай алғыр болсын» деп бүркіттің тұяғын бесікке байлайды. Тағы біреуі бесіктің екі жағынан қылыш жарқылдатып: «Жау жүрек батыр болсын» десе, үшіншісі бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп: «Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын» деген тілек айтады. Сонан соң бесіктің түбек орнататын тесігінен тәтті тағамдар төгіп: «бала тышты» деп, төгілген дәмді алып шығады. Оны той дәмінің сарқыты ретінде балаларына апарып береді. Бұл—сәбидің ырзығы тасып, қонағы көп, мерейі үстем, достарына сыйлы, ашық қол болсын дегені. Осыдан кейін үйдегі әйелдердің бәрі үнсіз отырып, баланы әзірленген бесікке салады. Ешкім үн шығармайды. Себебі сөйлеп қойса, бала жылауық, өскенде өсекші болады деп ырымдалады.
27.11.2022
102