24.11.2022
  211


Автор: Еркін Оралбай

Өкініш

ӨКІНІШ

Бір іс көрдім түсімде өткен түні,
Ұмыт болған еске алмай көптен бұны.
Маңыраған бір дауыс еткізді елең,
Қыр астынан әлсіздеу жеткен үні.

Талай тасқа жүрсе де тиіп шекем,
Кейде осылай сәл іске күйіп кетем.
Бір қара тұр қасқайып қыр үстінде,
Қасқыр ма әлде, адасқан киік пе екен?

Қарсы жүрдім сонда да үрікпейді,
Қауіп барын тұрса да біліп мейлі.
Түстің бар ғой тылсымы біз түсінбес,
Түсіне алмай мендегі ой бірікпейді.

Ит- құс десем үлкен бір бөкен екен,
Еркін өскен, иесі бөтен мекен.
Қарсы жүрді ол киік, ал мен болсам,
Артын күтіп сабырды бекем етем.

Асығыстан мұндайда төзім күшті,
Істейтұғын сабырмен кезім істі.
Жақын келіп алдыма тоқтағанда,
Сол бір мезет көзіне көзім түсті.

Көзім түсті мөп-мөлдір жанарына,
Қандай мұңлы тұңғиық жанар мына.
Неге менен қорықпай жанымда тұр,
Қолбала ма, әлде аң жаралы ма?

Мөлдіреген көзінде таныс бейне,
Көзімнен ұқ, сырыммен табыс дей ме?
Не тілейді ақбөкен, ұқпадым мен,
Біз түсінбес тылсым ғой тағы іс кейде.

Қызыл жонды бауыры ақ, өкпесі көк,
Жолақ өткен арқамен шектесе кеп.
Ұқпасам да еш сырын ішім қимай,
Тілеп тұрмын жанымнан кетпесе деп.

Мазалайды санамды бір үн мына,
Таныс жай ма, естелік бұрынғы ма?
Ұқпасымды көзден сыр түсінді ме,
Бөкен кетті ақырын бұрылды да.

Келмесе аңның не шара ойы тілге,
Қолдан келер, Алла ісін жою кімге?
Бір дыбысты қалдырып сыңғыр еткен,
Сіңе берді секіріп қою түнге.

Таусылды ма мендегі сабыр құрғыр,
Үзілгендей ішімде соңғы шынжыр.
Құлағымнан кетпеді сыңғырлаған,
Қою түнде естілген сол бір сыңғыр.

Кездер аз-ау сүрінбей құламайтын,
Өзіңді- өзің өкініп кінәлайтын.
Еске түсті сол мезет әлгі дауыс,
Қоңырауы екенін құралайдың.

Сол құралай баяғы қолымда өскен,
Қалай ғана шығардым оны естен?
Жетім қалған лақ еді анасынан,
Туа сала тағдыры жолын кескен.

...Мамырдың бір жаңбырлы күні еді,
Ышқынып жел шығардай күллі демі.
Араласқан жер мен көк кең даладан,
"Құралайдың салқыны" білінеді.

Қарлы жаңбыр төпелеп ұйып жерлер,
Ернеуінен асады тұйық көлдер.
Қайталанар жылдағы мамыр соңы,
Лақ өргізіп, осы кез киік төлдер.

Жыр етейін өткенгі болған жайттан,
Бұл — шындық...
әңгіме емес ойдан айтқан.
Сол бір күні өңгеріп құралайды,
Атам алып келгенді қойдан қайтқан.

Өте әлсіз, сырқат па, ашыққан ба?
Әлде, қатал тағдыры жасытқан ба?
Сұлық жатты қозғалмай пеш түбінде,
Екі аяққа иегін басып таңға.

Аң атпайтын мезгіл ғой төл түлеген,
Қандай жауыз анаңды өлтір деген?
Бала көңіл босады, құралайдың,
Көздерінен жас көріп мөлтілдеген.

Жер бетіне жүр жауыз сыйып талай,
Атады екен көздері қиып қалай.
Деген оймен алысып таң атқанша,
Лақ жанында отырдым ұйықтамай.

Пенде емес қой біздердей есе қуған,
Ұмыт қылар балғын шөп жесе нудан.
Тәлтіректеп тұрған соң ертеңгілік,
Еміп алды ешкіні кеше туған.
 
Сол бір күннен басталды біздің достық,
Болашақтан мейірім ізгі үн тостық.
Бірге ойнап, табиғат заңын бұзып,
Адамзат пен арасын түздің қостық. 

Дала кезіп жарыстық тыным алмай,
Сонда ұқтым достықтың құны қандай?
"Мөлдірім"- деп атадым, көзі үшін,
Айна көлдің тап-таза тұнығындай.

Жаратса да сананы көлемді етіп,
Ойламаппын жастықпен өрем жетім.
Қыр басынан көрінсе бір топ киік,
Қалатұғын Мөлдірім елең етіп.

Тамыз туған жайқалған шуақ бағы,
Біз білмедік келерін сынақ тағы.
Бір күн кешке Мөлдірім кете барды,
Топ киікке қосылып суаттағы.

Жанұшыра жүгірдім есім кете,
Мейлі, біреу бұл істі десін қате.
Түнді өткізіп далада ертесіне,
Құралайым оралды бесін өте.

Аң болса да достыққа екен берік,
Мен бекерден қорқыппын секемденіп,
Сонда-дағы қораға қамап қойдым,
Тағы қашып кетер деп бөкенге еріп.

Осы күннен өзгерді бәрі мүлде,
Салды бізді Мөлдірім әбігерге.
Жатып алды су ішпей, ауырды ма?
Көмектесе алмады дәрігер де.

Елеңдеумен өткізді түнді өткен,
Еститіндей алыстан үнді жеткен.
Бір-ақ күнде жасаурап мөлдіреген,
Жасқа толған жанары мұңды неткен.

— Еркін аң ғой, -деді әкем, қысадан тұл,
Ауру емес ешқандай, құсадан бұл.
Қамасаң да тағыны алтын торға,
Сезінеді өзін ол - " тұсаған құл".

Деді әкем:
— Киіктің күйі міне,
Көңілді бөл, ақылдың түйініне.
Босқа өледі құсадан үй қамақ боп,
Ертең қосып жібер деп үйіріне.

Дала үйі бұл аңның құндақ шешкен,
Бетпақдала самалы қымбат ескен.
Мөлдірімді босатпақ болып шештім,
Әке сөзін ұл едік тыңдап өскен.

Алғаш сездім екенін өмір даулы,
Қимас сезім тырнайды омырауды.
Жылдар өте кездессек танимын деп,
Байлап қойдым мойнына қоңырауды.

Киіктер жүр ойпаңда үйіле өріп,
Жон арқасы қызарып күйі келіп.
Мөлдірімді босаттым, аман жүр деп,
Кете барды секіріп үйірге еріп.

Сол кеткеннен Мөлдірім оралмады,
Жылы жаққа кетті ме, боран алды.
Жалғызсырап мен жүрдім көпке дейін,
Иесі жоқ қаңырап қорам қалды.

Жылдар өтті...
Ерге айналдық жасамыс, қылықты ұлдан,
Өң де өзгерді секілді сынық құмған.
Өткен түнгі түсіме кірген бөкен,
Естелікті жаңғыртты ұмыт болған.

Қайта оралдым балалық өткеніме,
Мөлдіріммен бірге өткен көктеміме.
Түсімдегі көздері өте мұңды,
Сағыныш па, әлде ол өкпелі ме?

Айдай әсем көз еді таң шомылған,
Өртенердей түнгі көз жан шоғынан.
Адамзатқа сенгіш ед(і) әлде, байғұс,
Мерт болды ма қатігез аңшы оғынан.

Көңіл алаң сол күннен әлденеге,
Ойға орала береді әрне демде.
Кім кінәлі?!.
Еркіндікті аңсаған құралай ма,
Ажалына босатқан әлде, мен бе?!...

Ұмыт қылып бір күндік күйбеңімді,
Жыр қып жаздым түсімнен түйгенімді.
Сынға салып пендені қатал тағдыр,
Түсіріп жүр өкініш, күйге мыңды.
Бармағыңды тістелеп қалмас үшін,
Күресе біл, жіберме сүйгеніңді!!!

ЕРКІН ОРАЛБАЙҰЛЫ 14.03.2022




Пікір жазу