18.11.2022
176
"Біз сауатты сөйлеп жүрміз бе?"
Ежелден мағынасы анықталған, тілдік қорымызда айтулы орны бар ойлы да әсем дыбысталатын сөздеріміз бар. Біз соларды дұрыс пайдаланбай жүрміз. Жұматай Сабыржанұлы сынаса сынағандай «Сөздерді тонқайтқыш» болып алдық деген сөзі есіме түсіп отыр. Мысалы,жақсы жыр, әсем ән естігенде бұрын – «ғажап», «тамаша» деп тамсанатын қазақ «жырынды»,«жынды» – деп бағалайтынды шығарды. Онсызда сорлы болған қазақ сөздері жөн-жосықсыз реформаға ұшырап,жаңаланып жатыр.«Еңбегі ерекше», «еселі» деудің орнына «ат салысты» деу әдетке айналды. Бұл ауызша да, жазба тілге де сіңісіп, тамырын тереңге жайған сөзге айналды. Сөз қадірін кетіріп болған жайымыз бар.Тіпті,жарайды әдеби тілде нақыштап сөйлемесекте, ауызымыздан шыққан әр сөзге абай болайық. Мазақ сөз көбейіп барады.Өтірік пе? Осы бағытпен жүре берсек, ана тілімізді ілгері дамытып, биікке көтеруіміз де қиындау болар? Әрине, әркімнің ойы өзіне олжа. Демек, әдеби тілді ұқыпты пайдаланып, орынды қолдану - мәдениеттілік белгісі екенін ұмытпалық. Қазақ: «Сөзіне қарай кісі таныған». Сауатты сөйлеп, жаза білейік, тілімізге құрмет өзімізден басталсын!