17.11.2022
  338


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Қарт Каспиім

Тымырсық күн, тып-тымық теңіз бүгін,
Бейне арқалап жатқандай Елдің жүгін.
Ақ жал толқын шығатын арнасынан,
Жуасып ақ қалыпты өтіп күнің.

Ақ шағала шарықтап көкте бізде,
Сұрғылт балдыр қалқиды көктей үзген.
Алыс қалған сағымдай балғын шақта,
Ақ кемеде қалқиды көк теңізде.

Балалық шақ -арманның ақ кемесі,
Көк теңізде қалқиды боп елесі.
Шетсіз, шексіз теңіздей қиял шіркін,
Сағым болып қалмайды ештемесі.

Содан кейін көңілің су сепкендей,
Басылады шыңына бір жеткендей.
Теңіз жақтан соғатын қоңыр желде,
Жадыратар жаныңды бір өпкендей.

Қарт Каспий қазағымның қас биісің,
Алла берген Еліме мол сыйысың.
Дарқандығың қазақтың дарқандығы,
Жау күиініп жағаңда, дос сүиінсін.

Қарт Каспиім бұл күнде халің мүшкіл,
Болады екен таяғың екі ұшты.
Су азайып, әлсіреп толқындарың,
Шарасыз дәрменсіздің күйін құшты.

Аралға ұқсап тартылып қаларсыңба,
Әлде мұңың құлаққа барарсыңба.
Зар заманның арқалап ауыртпалығын,
Кеуделерге от болып жанарсыңба.





Пікір жазу