meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  12.11.2022
  243


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Ұзақ жаса, майдангер - қайсарларым

Болмайды әке, толқуға - мына маған,
Жеңіс күні жылым жоқ жыламаған.
Қан қысымым жүр еді көтеріліп,
Келіп тұрмын қалпымда шыдамаған.
Жоқтағанда қыздарың тылда қалған,
Сай сүйегі талайдың сырқыраған.
Бір аунап жат жан әке тыңдап ал да,
Құлыныңның дауысын шырқыраған.


Жанып алып лапылдап, сөну үшін,
Жаратылған адамзат өлу үшін.
Оралмасын өлгеннің түсінсем де,
Келіп тұрмын сіздерді көру үшін.
Арпалысқан ажалмен қайсарларым!
Мүмкін бәрін жеткізіп айта алмадық.
От-жалынға оранған Жер-Анамен,
Көк Аспанның көрдіңдер шайқалғанын.
Кеудеңдегі отыңды батыл жақтың,
Батыл жақтың, жалынын лапылдаттың.
Шұңқыр қазып пана ғып, құм жастанып,
Жеңіс күнін осылай жақындаттың!
Күнді түнге, түнді күн жалғастырған,
От-жалынға жастығын алмастырған.
Майдангерлер тойларың тойға ұлассын.
Бейбіт елдің төрінде малдас құрған.
Көп жасаңдар майдангер-қайсарларым!
Ұрпағына ұрпақтар айтар бәрін.
Оққа тосып кеудесін, қанын төгіп,
Өтеуіне, Отанын қайтарғанын.





Пікір жазу