Әке туралы баллада
Отандастар бәрің де армысыздар!
Сәлем десем алыстан алармысыз,
Көне көздер, қарттарым, бармысыздар.
Көзін көрген әкемнің болармысыз?!
«Госпитальда жатырмын, жаралымын»
Деген хаты келіпті апасына.
Хатын оқып зарлаған қарағының,
Шек болмапты апаның қапасына.
Майдандастар білер де, үмітім зор,
Есенбаев Құсайын әкем аты.
Кеудемді тырнайды әлі өкініш сол,
Сақталмапты жолдаған соңғы хаты.
Қыз болсам да әкемнің тұяғымын,
Дәмеленген ұл ма де, қиялымын.
Қамқорлығы Отанның арқасында,
Білім алған жан-жақты зиялымын.
Мөлдір аспан көгімде төңкерілген,
Таң нұрымен жиегі көмкерілген.
Бейбіт өмір тілеген бір қызыңмын,
Мұңсыз өмір сүретін ертеңіммен.
Қайран әкем армандап ізбасарын,
Дәмелі деп қойыпты есімімді.
Дүниеге келіппін жазға салым,
Аш, деп жылап дүние есігіңді.
Қызығымды жан әкем көре алмапты,
Аттаныпты елі үшін қан майданға.
Сол кеткеннен ауылға оралмапты,
Сағыныш боп үміттер сарғайғанда.
Өтсе дағы қанша жыл сағынамын,
Жан әкемнің аялы алақанын.
Кейде жұрек сыздайды неғыламын,
Өзі ұшырар еді ғой балапанын.
Есіме алып кей кезде кетейін де,
Алыстаған аяулы бала шағым.
Менің де жүр бір арман көкейімде,
Ұзартсам деп әкемнің болашағын.
Соқ жүрегім - мәңгілік тоқтамашы,
Еш бір елмен жоқ менің бақталасым.
Бейбіт өмір сүрсінші бар тіршілік!
Еш бір пенде қаруын оқтамасын.