12.11.2022
  176


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Әке

(Толғау)
Сыр жаздым сөз маржанын өріп тұрып,
Көрсетпей көз жасымды төгіп тұрып.
Сен жайлы талай толғау жаздым, әке,
Бір-бірлеп қабырғамды сөгіп тұрып.
Сен жайлы бұрында жыр толғап едім,
Бұл күнде егеменді болған елім.
Соғыстың құрбаны боп қалып қойдың,
Ол кезде Совет елін қорғап едің.
Білемін ғой тіріліп келмесіңді,
Қиналғанда қол ұшын бермесіңді.
Жиі-жиі өзіңді еске алу,
Айналып тұр әдетке, терге сіңді.


Демеші кіндігімен ұл қалмады,
Қиылған ғұмырыңды қыз жалғады.
Айтылған аңыздардан естіп жүрміз,
Айтпаған сіздер жайлы сыр қалмады.
Әке, сені әрдайым еске аламын,
Әкесі едің бес қыздың - бес баланың.
Өлеңімнен ескерткіш орнатпасам,
Сезесің бе, жан әке, кеш қаламын.
Өсіп-өнді бес қызың, байға барды,
Басқа ошақта қайнатты тай қазанды.
Мен өлген соң, өзіңді кім жоқтайды,
Жан әкем-ау, сүйегің қайда қалды.
Жоғалды қобдидағы құралдарың,
Құралдан өзің жайлы сыр аңғардым.
Есіме өзің талай түскен кезде,
Қолыма ине ұстап жұбанғанмын.
Жан әке, қызың жайлы біліп қойғын,
Іс істеп бар қайғымды түріп қойдым.
Екеумізді іздейтін ескерткішті,
Тірлікте көз майыммен тігіп қойдым.
Рухың ұлды жоқтап жүрмесін деп,
Ез ұлдарға көзіңді сүзбесін деп.
Есіміңмен өзіңнің жүрмін, әке,
Өлмеген Құсайынды іздесін деп.
Білмеймін менде жұрттың несі кетті,
Жолымды талай пысық кесіп өтті.
Алатын биігіме жақындасам,
Алдымнан тартып алып өшіретті.
Намысым талай рет қамшыланды,
Қайғымды жазған сырым аршып алды.
Жинасам терең тегеш толар ма екен,
Көрінбей көзден аққан тамшыларды.
Ойға алсам толғауымның әр данасын,
Жете алмай сан-шегіне таңғаласың.
Уақыт емші дегенге нансаң, жұртым,
Жаза алмай жүрмін әлі жан жарасын.
Үрлейтұғын үмітті оттығым бар,
Азды-көпті алынған шоқтығым бар.


Алынбаған қамал мен биіктіктер,
Жан әкем-ау, өзіңнің жоқтығыңнан.
Бейіште рухыңа тыным берсін,
Жоқтаушым шыр-шыр еткен қызым дерсің.
Сүйегің қай арада жатса да, әке,
Жырымды қойып жүрген гүлім дерсің.





Пікір жазу