Мақтан етер отаным бар
«Қарашығанақ» әлемнің назарында,
Байлығымыз осында базарында.
Айға шапқан арыстан ел атандық,
Жер қойнының байлығы ғажабында.
Бостандықтың іргесі түрілгесін,
Көзбен көріп шындыққа жүгінгесін.
Ертең әлі-ақ байыған ел боламыз,
Ағайынға айтыңдар, түңілмесін!
Мешіттерге жайылды жайнамазымыз,
Тыныш тұрып пайдаға біз шыға алсақ.
Еңбек етсек тер төгіп, сонда ғана,
Қуатты елге ертең-ақ айналамыз!
Күш-қуатты бойдағы қопарыңдар,
Жайлауым бар, жайылған отарым бар.
Жер менікі, көктегі күн менікі,
Алшаң басып жүретін Отаным бар.
Әлем сөзін қоштаған көсемім бар,
Кекілбаев Әбіштей шешенім бар.
Ел боп тұрсаң ағайын бәрі де бар,
Кешегім бар, бүгінім, ертеңім бар.
Тойлар тойға ұлассын, бауырларым,
Ағайындар шираңдар ауылдағы!
Кедейлікті қуыңдар, еңбек етіп,
Жас батырдай алысқан дауылдағы!