Өлеңім менің - байғазы
Жаны нәзік ойы терең ақынды,
Жанды-жақты қолдай білсек мақұлды.
Біздің бойда қалмай жүрген әдет бар,
Көрмейтұғын қасындағы асылды.
Нәрін ұққан салт-дәстүрдің қазақы,
Мен білгелі «Бөрлі» жақта аз ақын.
Нұрашева Дариға атты қызым бар,
Анда-санда татымды жыр жазатын.
Жырларыңнан сырлар ұқтым мазасыз,
Бірде болса бірегей жыр жазасың.
Жан-сырыңды ашық айтпай жай ғана,
Ұқтырумен жүрекке жол табасың.
Дауласпаймын, қызым текті ақынсың,
Бір ізбенен жүріп келе жатырсың.
Тұйықталма, жырынды ұсын халқыңа,
Халқың танып мәртебеңді асырсын.
Ақ Жайыққа көптік етпес шағала,
Шамаң келсе шабытыңды сабала.
Ән-жырыңды биіктерден көрейік,
Анау-мынау тосқауылға қарама.
Уақыт ұтпа, ақын қызым, сайрағын,
Ән сұрап тұр «Көгілдір ту»- байрағың.
«Гүл-сезімдей» кітабыңа ақын қыз,
Ақ ниетпен бұл ұсынған байғазым.
Сіздер барған жерге біздер бармаспыз,
Ақұштаптай апаң ізін жалғастыр.
Жылы-жылы лебіздермен аймалап,
Ақ батадан қарыздар боп қалмаспыз.