Ақ бата
(Акын інім МӘЛС-ке)
«Таудан мұнартып ұшқан тарланым»
Өс, тіл-көзден, ұлым, аман бол.
Көрерсің әлі, тағдырдың басқа салғанын,
Заманың үшін ылғида, балам, алаң бол.
Оқы, оқып ал, үңіл тереңге,
Көне алмасың көрініп-ақ тұр дегенге.
Көп білгенің де, жабысар саған дерт болып,
Не жетсін ұлым, халықтың қамын жегенге.
Дүлдүлсің қарғам, тұлпарсың суың шайқалмас,
Сен айтқан сөзді көптеген қарттар айта алмас.
Бірақ та сенің жаныңда жүр ғой көп адам,
Айырмасы аз шалшыққа шыққан қоғадан.
Тірі жүрсең сен ешкімге намыс бермессің,
Өлме сен ұлым, өлсең де мәңгі сөнбессің.
Дауылды күнгі лаулап бір жанған өртсің ғой,
Жалындысың ғой, сөндірем деуге көнбессің.
Қара қылды қақ жарып туған қарағым,
Көрініп-ақ тұр ұзаққа сенің шабарың.
Жасқанба, ұлым, маңдайың жарға соқтықса,
Сүрінбе, балам, тірелсе тасқа табаның.
Тылсым күш қой, табиғат түйген жұмбағын,
Жібере тартып алады ашып сырларың.
Маңдайдан қақпай өсірер ме еді, шіркін-ай,
Бір ғасыр бойы толғатып туған ұлдарын.
Жырыңды тыңдап пай-пайлап басты шайқадым,
Ақиық ақын болатыныңцы байқадым.
Жас қыраным самғап бір ұшшы көгіме,
Жас тұлпардай жорғала ұлым жайқалып.
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Есіңе алшы қасыңа сүй деп барғаным.
Емірене тұрып анаң боп сүйдім маңдайдан,
Ақ батамды хат арқылы арнадым.
Жырыңды сенің толқымай тыңдау оңай ма?
Шыныңды айт халқым, ғажап қой жыры, солай ма?
Сәби ғой әлі айналып қана кетейін,
Тұғырың халқың, тымағың алтын болғай да!