11.11.2022
  316


Автор: Тәуелсіздік күні

ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ!

    Өз туған жеріңде емін-еркін, тәуелсіз, ешкімге бодан болмай, ұлттың салт-дәстүрлері мен сана сезім еркін түрде, өз рәміздеріміз Елтаңба, Ту, Әнұранымыз шырқалып тыныш та бейбіт заманда өмір сүріп жатқан біз өте бақытты жандармыз. Тәуелсіздік біздің басты байлығымыз. Жанымызға шуағы мен нұрын шашар ай, күніміз. Қуанышта таңымыздың атуы, қызарып барып бақыт сыйлап батуы мұның бәрі жанымызды жадыратар көріністер екені сөзсіз. Осы күнге жеткізген алдымен Жаратқан иемізге мың алғыс айтамыз. Содан кейін Тәуелсіздіктің алтын қазығын қағуға бірден бір себеп болған, бодандықтан құтылуға соңғы нүктесін қойып, Тәуелсіздіктің ақ таңының ашылуына жол салған Желтоқсан оқиғасын айта аламыз. Елім деп соққан жалынды жас жүректер біздерге осы күнді сыйлап, азаттықтың бал күндерін сезгізе білді. Сондықтан Тәуелсіздік біздер үшін ең маңызды, баға жетпес байлығымыз. Осы байлықты сақтау әрібіріміздің борышымыз деп білемін.
Әне, міне дегенше Тәуелсіздігіміз орда бұзар 30 жылдығынан асып, 31 жылдығына табан тіреп отыр екен. Бұл әрине біздер үшін зор қуаныш екені даусыз. 31 бір жыл былайша аз уақыт көрінгенмен, «бақандай 30-31 жыл» деп қарасақ аз деуге де келе қоймас. Осы жылдар ішінде елімізде не өзгерді, не өзгермеді деп қарар болсақ, «өзгермегенінен өзгерген нәрселер көп» деп ауыз толтырып айта аламыз. «Отыз жылда ел жаңа» деген тіркеске назар аударар болсақ көп нәрсенің өзгергенінің өзі айқын байқалады. Қазақ жері өз тәуелсіздігін алғалы өз рәміздерін қабылдап, ата-заңына қол қойды. Президентін сайлап, Парламент, Мәжіліс депутаттары, Министрлері сайланып елдің жүгін бірігіп ынтымақта көтерер шаққа жетті. Адам болған соң небір адам болатыны да рас қой, «Пеніште алтын көрсе жолдан таяр» демекші биліктегі кейбір адамдар жемқорлықпен ұсталса да қандай жағдай болмасын еліміз өз аяғына нық тұра білді. Бұл әрине біз сияқты отыздан енді асқан тәуелсіз жас ел үшін қиын да болар, дей тұрғанмен осындай бебіт те тыныш күнге жетіп отырғанымыз бірінші Жаратқан иеміздің арқасы десек, екінші халықтың бірлігін сақтап отырған президентіміздің арқасы деп білемін. Үшіншіден сол президентіміздің саясатын қолдап отырған халықтың арқасы деп ойлаймын. Білесіздер Қазақстан жерінде бұрыннан мекендеп келе жатқан түрлі ұлт өкілдері де бар, сол халықтардың достастығы мен ынтымақ, бірліктері біздің елдің бүкіл әлемге Қазақстан болып танылуына өз септігін тигізуде.
Қазіргі таңда еліміздің үлкен қалалары мен шағын қала, аудан, ауыл-аймақ барлығы да көркейіп, біртіндеп дамып келеді. Бір жерде тұрып қалмады, өз ыңғайына қарай жылжып келеді. Түрлі әдемі, үлкен ғимараттар салынып, көздің жауын алатын көп қабатты үйлер мен түрлі нысандар бой көтеріп жатыр. Бұл әрине қазақ еліміздің қарыштап дамуы болып табылады. Елімізде ірілі-ұсақты олимпиада, жарыстар болып жатса, Елімізде Саммит болып, әлем елдерінің басшыларының бас қосып, кездесулері біздің елдің жай ел емес екенінің айқын көрінісінің айғағы болар. Саммиттің төрағасы болып қазақ елінің президентінің сайлануы біздің елдің алпауыт елдерден кем түспейтінінің дәлелі болса керек. Сонымен қатар біздің елді шет елдерге танытып жүрген спортшылар мен мәдениет саласының өкілдері де аз емес. Қазақтан шыққан палуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың ізін басып жүрген көптеген палуандарымыз да баршылық. Боксшы қазағымның маңдайына сыймай кеткен, жанған жұлдыздай жарқ етіп сөнген Түркістандық Бекзат Саттархановтың бокстағы алған алтын жүлдесі мен грамприйін қалай ұмытпақпыз?! Бәрі де есімізде, күміс көмей әншіміз Мәдина Ералиева да әдемі дауысымыен есте қалары анық. Арыға бармай-ақ қазіргі уақыттағы жұлдыздары жанып, елімізді бүкіл әлемге танытып жүрген спортшыларымыз бен әншілеріміз жетерлік. Шахматтан болсын, жеңіл, ауыр атлетикадан болсын, қазақ күресі мен боксшылар еліміздің намысы мен абыройын сақтап, қазақ жалауының көкке көтерілуіне септігін тигізуде. Әншілер жағына келер болсақ бүкіл әлемді мойындатқан деп — ол біздің Димаш Құдайберген әншімізді айта аламыз. Әннің құдыреті соншалық шетел азаматтарын қазақ тілін үйренуіне жол салуда. Бір сөзбен айтқанда бұл болып жатқан жайттардың барлығы еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында болып жатыр деп айта аламын. Біреуге бодан болып отырған ел осындай жетістіктерге жете алар ма еді?! Сондықтан Тәуелсіздікті сақтап қалу біздер үшін ең маңызды дүние болып табылады.
Сөзімді қорытындылай келе: «Ардақты Қазақ елі! Тәуелсіздіктің келіп жеткен 31-жылдығы құтты болсын! Еңсеміз биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қазақ еліміз өркендеп, тамырын тереңге, қанатын кеңге жая берсін!» — дегім келеді...



«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы








Пікір жазу