11.11.2022
  155


Автор: Тәуелсіздік күні

Тәуелсіздік әніміз

Тәуелсіздік атауы — мен үшін жүрегіме жвқын, жаныма қуанышын беретін, көкірегіме патриоттық сезім толтырып, бұл «менің елім — Тәуелсіз Қазақстаным» дәп мақтана, шаттана айтатын ерекше тәтті ұғым болып табылады.
Тәуелсіздік расында да бізге оңайлықпен берілген жоқ. Азаттық үшін бастарынан небір зұлматты күндерді өткізген ата-бабаларымыздың арманына айналған бұл Тәуелсіздікті сақтап қалу, оны құрметтеп, ананың аялы алақанындай ыстық алақанда аялау біздердің борышымыз екені сөзсіз. Сол арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батыл жүректі ата-бабаларымыздың арқасы деп білер ем Тәуелсіздіктің ақ таңын көріп, қызарып батар күнін жүрегімізбен сезініп отырғанымыз.
Ия, Тәуелсіздік баршамыз ту етер, Тәңір сыйлаған үлкен сый. Тәуелсіздік жолында арыға бармай-ақ, әлі күнге дейін «кешегі өткен» болып саналатын Желтоқсан оқиғасын алып қарасақ, жазықсыз жазаланған Қайрат Рысқұлбековтың сот залындағы өлім жазасына кесілгендегі мына айтқан сөзінің өзі қазақтай елдің батылдығын білдірсе керек: «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар, қасқалдақтай қаным бар, бозторғайдай жаным бар, атам десең атыңдар!»
Міне осындай батыл ұл-қыздарымыздың арқасында дүние дүр сілкініп, қаншама елді өзіне бағынышты етіп отырған Кеңес үкіметі ыдырап, ондағы елдер өз тәуелсіздіктерін алды. Осындай жолмен келген Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан біздер бақыттымыз. Ия, бұл біздің заман, бодандық деген атымен жоқ, өз еркіміз өзімізде азаттықтың тәтті күндерін сезініп жүрген шақ. Тек осы күндерді ынтымақ пен бірлікте жалғастыру біздер үшін ең маңызды дүние. Ия Қазақстан еліміз көп ұлтты мемлекет. Әрбір ұлттың тілі мен салт-дәстүрін құрметтейміз. Бірлігіміз бен тірлігіміз жарасқан осы сәтіміз үшін Жаратқанға мың алғыс!
Осындай «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» күнде өмір сүріп жатқан біздер расында да бақытты жандармыз. «Тәуелсіздік жанымыз, Тәуелсіздік бағымыз, өлеңдетіп, жырлатып, шырқап айтар әніміз» деп мақтанышпен айта аламыз. «Жасай берші Тәуелсіздігім — көктемім, Күлім қағып, жымың қағып көкте күн. Бір өзің деп ән жырым да таусылмас, Қуантады азаттыққа жеткенің, — деп сөзімді толықтырар болсам, Тәуелсіздік еліміз үшін басты байлық екенін сезіне аламыз. Бодандықтың күні құрысын, тілімізді жат етер, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды тәрк етер.... Бет аулақ!
Тәуелсіздігіміз жасай берсін, тұғырымыз берік боп, ән-жырымыз таусылмасын!



«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы





Пікір жазу