Той бастар
Келін алып, қыз беріп, той жасаймыз,
Көңілімізді көтеріп, бой жасаймыз.
Той иесі тойыңыз, тойға ұлассын,
Деген ізгі тілекте ой жасаймыз.
Отырмайық томсырап ой үстінде,
Ашылайық осындай той үстінде.
Шат заманда бақытты өмір сүрдік,
Боз торғайдың ұясы қой үстінде.
Отыралық ән шырқап,
Тойға келдік емес пе.
Бас қосулар осындай,
Бір дәуренің емес пе.
Келініңіз көргенді жерден болсын,
Көркіне сай мінезді келген болсын.
Думандатып бұл тойды отырайық,
Олай болса, той бастар менен болсын.
Ақ көгершін бүл үйге қонған екен,
Жұбайлардың арманы болған екен.
Ата-анасы, жақыны жүбайлардың,
Қуанышқа кенеліп қалған екен.
Тойлар тойға ұлассын,
Заман жақсы емес пе.
Той жасаулар осындай,
Игі дәстүр емес пе.
Босағасы отаудың берік болсын,
Енесі келініне серік болсын.
Үлкен менен кішіге ізеті мол,
Бала болып осы үйге көрік болсын.
Жайраңдаған келініңіз ашық болсын,
Өле-өлгенше жарына ғашық болсын.
Деген бар ғой «жақсы сөз, жарым ырыс»,
Құт береке бұл үйге асып толсын.
Түрлі, түрлі тағамдар,
Толып тұрған ас үйде.
Қуанышты көп тойлар,
Болып түрсын осы үйде.
Келініңіз ақылды бала болсын,
Болашақта ақылды ана болсын.
Қарап жүріп жарының қабағына,
Ата-анаға қайрымды пана болсын.
Тойлар тойға ұлассын,
Заман жақсы емес пе.
Тойда болу осындай,
Бір жасаған емес пе.