Табыс тілеймін
Елдің шеті Тасқұдық, Талдыбұлақ,
Егін егіп, алыпты малды құрап.
Ел басқара білетін Кейпін деген,
Жігіт жайлы аңызды шалды құлақ.
Елден ондай азамат табылғаны,
Масылдықтан халықтың арылғаны.
Ел азғанын естісек біреулерден,
Пытыр-пытыр сөгілді қабырғамыз.
Елден ондай азамат туса керек,
Әке жолын көргенді ұл қуса керек.
Дұрыс жолға түсуді мақсат қылып,
Ініміз белді бекем буса керек.
Жақсылыққа бастаған өмірлерді,
Ел басқарған жігітті көргім келді.
Ойлы-қырлы, бұлақты, сай-салалы,
Мал жайылған сағындым өңірлерді.
Жүрегім бар елім деп ән салатын,
Кім бар елде апа деп қарсы алатын.
Талдыбұлақ халқының айтуынша,
Бұлақ суын ішпей-ақ тамсанасың.
Жақсылыққа бастайтын үміттерді,
Үлгі болар ұрпаққа жігіттердің.
Ел ішінен табылып жатқандығы,
Көңілдегі сейілтті күдіктерді.
Саясына аң мен құс салқындаған,
Көк тіреген теректер қалпында ма?
Отын үшін ағашты отамайтын,
Болмауы шарт сыйласқан халкың надан.
Інім сені ойладым намысты деп,
Сыртыңыздан отырмын табыс тілеп.
Көңілінен халқыңның шығып жатсаң,
Апаң жүрер тілегім қабысты деп.