07.11.2022
  338


Автор: Тәуелсіздік күні

Отаным Қазақстаным!

Отаным Қазақстаным — тәуелсіз ел, көңілі кең дария халыққы бар, мейірімді, бауырмал, бір-біріне деген сыйластықтары өте жоғары адамдары бар, көптеген ұлттардың басын қосып, алақанда аялап отырған осы менің Отаным Қазақстан екенін мақтана айта аламын. Қазақстаным ғажап ел, қазақ жері байлыққа толы, Атырау Алтай арасын алып жатқан ұлан-асыр жерді қамтып жатқан құтты мекен. Бұл мекенді сонау ата-бабаларымыз қызғыштай қорып, осы қазақ жері үшін талай шайқастар болды емес пе?! Мұның бәрін тарихта тайға таңба басқандай айтылып тұр емес пе?! «Бүгінгі күн — ертеңгі тарих» демекші, сондай тарих беттеріне еніп кеткен қаншама оқиғалардың арқасында біз бүгінде Тәуелсіз ел атанып отырмыз. Сол тарихи сәттердің ең соңғысы Желтоқсан оқиғасы десек осы Желтоқсан оқиғасы салдарынан, сол Желтоқсаншы жастардың табандылығы оң нәтиже беріп еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол жылдан бері 16 шы желтоқсан тәуелсіздік күні болып аталып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз Тәуелсіз 30 жылдығын (2021 жыл) тойлаған соң еліміздің басына «қанды қаңтар» нәубеті туды емес пе? Жазықсыз жандардың өлім құшуына себеп болған бұл оқиғаны да ұмытуға болмайды, жанымызды шүберекке түйіп еліміздің тыныштығын тілеп отырдық. Шүкір Аллаға президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел басына күн туған сәтіндегі бұл жағдайдың шешімін оңынан тауып, ел тынышын сақтай білді. Бұл жайлы жазып отқан себебім, еліміздің басына үйрілген қара бұлттарды болашақ ұрпақ білсін, жүрегімен сезінсін, тәуелсіздікті аялай білуді, оны сақтап, құрметтеу парыз екенін білу үшін. Қаншама қан төгістен соң әрең қол жеткізген Тәуелсіздікті сақтау әрбір қазақ азаматының басты парызы деп білемін. Биыл міне Тәуелсіздікке 31 жыл болып отыр. Ел басқарып отырған ел ағалары мен елімізді бастап отырған президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арқасында және сыйластығы мен ынтымағы жарасқан, халықтар арасындағы татулық пен бірліктері бізді осындай күйімізге жеткізіп отыр. Шүкір Аллаға, аспанымыз ашық, керегеміз кең, тереземіз тең.
Отаным Қазақстаным! Тәуелсіздіміздің қаймағы бұзылмай, 31 жас Тәуелсіздігі құтты болсын! Ашық аспанымыз жалғана берсін, ел бірлігі мен ынтымақтастығы арта берсін! Көңіліміз жай, жегеніміз май болсын!

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы





Пікір жазу